Технологиялық даму күрт қарқын алып, серпінді дамуда. Бүгіндері қоғамға жасанды интеллект ұғымы дендеп еніп, кең қанат жайып келеді. Осындай жасанды зерденің ажырамас бөлігі – Chat-bot-тың тілін тауып, бүгіндері кәсіп көзіне айналдырған Серікжан Адабай адамзат бұрын-соңды қажетсінбеген, тіпті естіп-білмеген сала жайында кеңінен әңгіме өрбітті.
– XXI ғасыр – технология мен ақпарат зор мән-маңызға ие болған дәуір. Техникалық жаңарып-жаңғыру мен технологиялық дамудың жаңа деңгейге көтеріліп, соны сипат алғандығына жасанды сананың, яғни жасанды интеллектінің пайда болуы дәлел десек, қателеспейміз. Сонымен, жасанды интеллект дегеніміз (ағылшынша – Artificial intelligence) – жасанды интеллектуалды компьютерлік бағдарламаларды жасау ғылымы мен технологиясы.
Бұл – адамның танымдық қабілет-қарымын алмастыра алатын нейрондық жүйе. Ал Chat-bot – осы жүйенің маңызды бір саласы. Адамдармен, әсіресе, ғаламтор арқылы сөйлесуді имитациялауға арналған компьютерлік бағдарлама. Оның көмегімен әлеуметтік желідегі түрлі үрдістер аутоматтандырылады. Мәселен, кейбір мессенджерлер мен сайттарда сіз қойған белгілі бір сұрағыңызға лезде жауап алуыңыз мүмкін. Сізге жауап қайтарып отырған адам емес, ол – бот. Аталмыш құрал бизнес ортаға елеулі өзгеріс алып келуі ықтимал. Өйткені, бағдарлама кәсіпкердің жүктемесін азайтып, уақытын үнемдейді, сондай-ақ тәулік бойы жұмыс жасап, тұтынушыларды қабылдай береді. Бұдан басқа да пайдалы тұстары өте көп, – дейді Серікжан.
Сүйіндіктің Серікжаны – Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылының тумасы. Биыл Дарияндағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының 11-сыныбына барды. Аға-апаларының үлгісін көріп өскен жасөспірім кәсіпкерлікке әуелден ынта-ықылас танытыпты. Ал кейінгі жылдары жасанды зерде тақырыбында өз бетінше ізденіп, бұл саланы меңгеруге құмартқан. Ол бізбен әңгіме-дүкен барысында теледидардан түрлі бағдарламалар мен сюжеттер көріп, ғаламтордан тақырыптық мақала-материалдар іздестіргенін, қыр-сырын білмек болып көп еңбектенгенін айтты. Сөйтіп, кәсіп бастамаққа бел буған. Chat-bot құрастырушы ретінде аудан кәсіпкерлеріне өз қызметін ұсына бастаған. Әлбетте, ол әлі де үйренері көп екенін де жасырмады. Көп ұзамай қосымша курстарға қатысып, білімін жетілдірмек ниетте. Ал кейінірек оқып, санасына түйгендерін замандастарына да үйретпекші.
– Қазір жасанды интеллектіге қатысты өзге де салаларды зерттеп жүрмін. Байқағаным, бұл кәсіп көзі Қазақстанда әлі де дами қоймаған. Яғни нарықтағы бәсекелестік әлі төмен, сол себепті де бұл салаға ден қоюды ұйғардым. Нарықтағы бәсекелестіктің төмен болуына қарамастан, меніңше, чат-боттардың болашақ әлеуеті жоғары. Жаһандық чат-боттар нарығының көлемі 2020 жылы шамамен 1,23 миллиард долларға
бағаланды және 2026 жылға қарай 10,08 миллиард долларға жетеді деп болжануда. Осыны ескере отырып, тәуекелге барып кәсіп бастадым. Жұмысымды Telegram және сол сияқты түрлі мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде кәсіпкерлерге арналған чат-бот құрастырудан бастадым. Білім алып жүрген мектебімнің де телеграм-ботын құрастырдым. Онда оқушылар сұрақтарына жауап алып, сабақ кестесін, үзіліс және демалыс уақытын, мұғалімдер тізімін, сондай-ақ мектептегі соңғы жаңалықтарды көріп, оқи алады. Жоғарыда айтқанымдай, бұл ақпараттар мен дайын жауаптарды адам емес, боттың өзі жариялап отырады. Пайдалануға ыңғайлы, интерфейсі түсінікті және кері байланысты қамтамасыз ететін осындай әмбебап бағдарлама кез келген кәсіпкерге тиімді болмақ.
Мысалы, чат-бот Қытайда тұтынушыларға қызмет көрсету және электронды коммерция секторларында барған сайын танымал болуда. Қытайлықтар бизнес тұтынушыларының өзара әрекеттесуін жақсарту, жедел жауап беру және үдерістерді жеңілдету үшін чат-бот технологиясын қолданады. Жылдамдық, қолданыстағы қарапайымдылық, ауқымды ақпарат сақтау қабілеттілігі, жыл сайынғы даму әлеуеті – осының барлығы чат-боттың артықшылығы. Жалпы қазіргі цифрлы Қазақстанда әрбір оқу орнының, кез келген мекеменің телеграм немесе чат-боты болғаны абзал деген ойдамын. Бұл – көмек көрсетіп, жүйелі ақпарат алмасу заманында осының барлығын қамтамасыз ететін қуатты құрал, – дейді жасөспірім кәсіпкер.
Кейіпкеріміз биылғы жыл басында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінен «Мен – болашақ кәсіпкермін» атты облыстық бизнес-жоба байқауына қатысып, бағын сынап көріпті. Кәсіпкерлік ойлау жүйесін мектеп қабырғасынан қалыптастыру, жастарды осы салаға баулу мақсатында 10-сынып оқушылары арасында өткен байқауда ол қатарластарынан оқ бойы озып шығып, үздік үштіктен көрінді. Комиссия мүшелері бозбала кәсіпкердің бизнес-жобасына оң баға беріп, болашағына үміт артқан болатын. Иә, расында, кәсіпкерлік – экономиканы дамытудың қозғаушы күші. Сол себепті Серікжан да болашақта тәжірибесін жетілдіріп, ел кәсіпкерлерінің қатарын толықтырады деген сенім мол. Енді бір жылдан кейін мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқалы отырған ол алдағы күндерге қатысты жоспарларымен де бөлісті.
– Мақсатым – қолға алған бастамамды ілгерілетіп, бұл бағытты заманауи технологиялар саласында трендке айналдыру. Әуелі, бұл кәсіпті облыстық деңгейге, кейін бүкіл республикаға танымал етпекпін. Қазірден бастап еңбектенсем, міндетті түрде осы арманыма қол жеткіземін деген ойдамын. Бүгіндері мен өз чат-ботымды жаңартып, халыққа қолайлы әрі тиімді ету жолдарын қарастырудамын. Алдағы уақытта бұл қызметім кең ауқымда қолдау тауып жатырса, инвесторлар іздеп, қомақты қаржы құйып, үлкен кіріс көзіне айналдыруды көздеймін. Осы орайда менің кез келген бастамамды қолдап, әркез жігерлендіріп отыратын анам Ақмоншаққа және әкем Сүйіндікке дән ризамын. Бұған қоса, үлкен асуларды бағындыруға талпындырған жетекшім әрі ұстазым Дәуренбек Жұмабековқа алғыс айтамын. Өзім құралпы қатарластарыма тынымсыз еңбектің арқасында едәуір жетістікке жетуге болатынын айтқым келеді. Өйткені ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған», – деп сөзін сабақтады Абай атындағы мектептің оқушысы.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz