18.10.2024, 14:30
Оқылды: 156

Белуардан су кешкен өңір құтқарушылары

19 қазан – Құтқарушылар күні

Ел басына күн туғанда шұғыл шешім  қабылдап, бар күш-қайратын жұрттың амандығы үшін сарп  еткен ерлеріміз жетерлік.

8a318c76-861d-4c9b-872a-98cec3cee44c

Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және  авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің №8 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін майор Манарбек Сұлтанов. Ол аталған мекемеде 2019 жылдан бері бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарып жүр.

1990 жылы Орал қаласында дүниеге келген Манарбек Жұмагелдіұлы облыс орталығында орналасқан №45 жалпы орта білім беретін мектепте білім алған. 2008-2012 жылдар аралығында сол кездегі Көкшетау техникалық институтында оқыған. Еңбек жолын 2012 жылы №1 маман­дандырылған өрт сөндіру бөлімінде ба-стаған. 2014 жылдан бері №8 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді. Үш перзент тәрбиелеп отырған әке.

манарбек султанов

Әлеуметтік желілердегі парақшалардан табиғи апат кезінде көлік жүргізушісіне белуардан су кешіп, алай-дүлей желмен, асау ағыспен арпалысып, жол көрсетіп бара жатқан екі жігітті көрген шығарсыз, қадірлі оқырман?! Соның бірі – осы майор Манарбек Сұлтанов.

№8 өрт сөндіру бөлімінде  жұмыс істейтін он шақты жі­гіт дабыл қағылып, апыл-ғұпыл жиналып, жеті түнде жолға шығып кеткен. Олар Қаратөбе ауданының аумағына жеткен уақытта Аққозы ауылы суға кетіп, тұрғындар эвакуацияланып жатқан көрінеді. Оралдан барған он шақты маман көпшілікпен бірге іске кірісіп кеткен. Содан кейін Шалғын ауылында 1 тәулік болып, су деңгейін жіті  бақылаған.

– Шалғыннан аудан орталығына жолға шықтық. Шөптікөл ауылының маңына таяғанда тасжолды су шайып үлгергенін байқадық. Біз сол кезден бастап «Жедел жәрдем» көмегіне жүгінгендерді, гуманитарлық көмекті белуардан су кешіп жүріп, аудан орталығына жеткіздік. Су өткізбейтін киім киіп, ішіне 30 шақты адам сыятын жол талғамайтын көлікке жаяу жол көрсеттік. Қасымда №8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, аға сержант Қуаныш Құмаршиев болды. Су бетінде қалқыған мұздарды қолымыздағы багормен жылжыттық. Үш шақырымға жуық жолды жүріп өттік, әйтеуір. Су деңгейі – белден жоғары. Сол үш шақырымға жуық жолды кері жүрдік. Кейін көлікке кезекпен жол көрсете бастадық. Қос «Газельдің» жүргізушілері су шайған жолды мамандардың  нұсқауынсыз жүріп өткісі келген. Соның нәтижесінде екеуі де жолдың жанына шығып кетіп, тұрып қалған. Оларға да көмектестік. Сырқаттанған адамдар біздің жол көрсетуіміздің арқасында аудан орталығына аман-есен барды. Сонымен қатар тұрғындарды эвакуациялауға атсалыстық. Қостанай және Семей қаласынан қосымша техникалар әкелдік, – деді майор Манарбек Сұлтанов.

5afb8fa7-7a42-4fd3-b2a1-739e5321b56a

Құтқарушылар осылайша су шайған жолдан «Жедел жәрдем» көліктерін бірнеше мәрте өткізген. Күні-түні жұмыс істеген. Қаратөбе ауданының орталығында суды сору жұмыстарын жүргізген. Түгелдей дерлік су басқан Аққозы ауылының тұрғындарын аудан орталығына көшіріскен.

Қаратөбе ауданының аумағында 10 күндей болып, олар облыс орталығына келген. Сол уақытта қала іргесіндегі Подстепный ауылы мен саяжайлар суға кете бастаған.

– Орал қаласына оралғаннан кейін бірден бекініс-бөгеттер тұрғызуға кірістік. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла жұмыс істедік. Қапшықтарға құм-топырақ толтырдық. Бірінші саяжай және екінші саяжай тұрғындарына көмектестік. Олардың арасында ит, құс асырайтындар болды. Солардың өтініші бойынша жан-жануарларға тамақ бердік. Кейбір қуыстарда қалып қойған иттерді өлімнен құтқардық. Айта кетейін, №8 өрт сөндіру бөліміндегі мамандар арнайы тактикалық дайындықтан өткізіледі. Жыл бойы олар өрттің алдын алуға, өрттен құтқаруға дағдыланады. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін пысықтайды. Арнайы өрт сөндіру техникаларын, байланыс құралдарын, түрлі өрт сөндіруге қажетті құрал-жабдықтарды тыңғылықты меңгеруге бағытталған оқыту  сағаттары өтеді. Мамандар физикалық тұрғыда шыңдалып, нормативтерді орындайды, – деді Манарбек Жұмагелдіұлы.

№8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, аға сержант Қуаныш Құмаршиев майор Манарбек Сұлтановтың сөзін қуаттады. Ол 1993 жылы Теректі ауданының құрамындағы Ақжайық ауылында жарық дүниеге көрінген. Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебін тәмамдаған. Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің спорт факультетінде оқыған. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде білі­мін тереңдетуде.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын кезінде Батыс Қазақстан облысына келген сапарында жастармен кездесіп, Қуаныш Құмаршиев­тің еңбегін бағалап, қолсағат сыйға тартқан. Кейін маусым  айында Қуаныш Асылбекұлына ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін өз қолымен табыс еткен.

куаныш кумаршиев

– 26 наурыз-ау деймін... Түнгі сағат 02:30-да хабар келді. 03:00-де бәріміз №8 өрт сөндіру бөлімінің алдынан табылдық. Қалың киімдерімізді, құрал-жабдықтарды алып, Қаратөбеге жолға шықтық. Манарбек Жұмагелдіұлы айтып өткендей, біз аталған аудан аумағында тынымсыз тер төктік. Қиналғандарға қолымыздан келгенше көмектестік. Олардың алғысы бізге жігер, күш-қуат сыйлады. Қар аралас жаңбыр жауып тұрды. Су ағысы қатты. Терең тұстарда ағызып әкететіндей теңселтеді. Көлікке арқан байлап алғанбыз. Соның көмегімен бойымызды тік ұстап, жол бастадық. Біз осылай уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Кез келген сәтте шақырту келеді. Шұғыл жиналып, жұмысқа кірісіп кетеміз. Жалпы құтқарушыға төзімділік, сабырлылық қажет. Оған қоса кез келген жағдайға дайын болған жөн, – деді аға сержант.

Қуаныш Құмаршиевтің айтуынша, құтқарушының физикалық тұрғыда мықты болуы шарт. Олар аптасына екі мәрте түрлі жаттығулар жасайды. Одан бөлек футбол ойнайды. Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің құрама командасы ретінде түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

– Ең өкініштісі, Орал қала­сының іргесіндегі екінші саяжайда орналасқан жалпы ауданы 110 шаршы метрді құрайтын үйім суға кетті. Ол үйді 2019 жылы өзім салған болатынмын. Бүгінде мемлекеттің көмегімен 22 миллион теңгеге үй сатып алдық, – деді Қуаныш Асылбекұлы.

Жұртының амандығы үшін суық суды белуардан кешкен қос құтқарушының ерлігі естен кетпейді. Бүгінгі күннің батыры осындай болса керек-ті.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале