Қазақстанның Ұлттық семсерлесу федерациясы бапкерлік штабтағы өзгерістер туралы хабарлады.
Сурет: Olympic.kz
Алда жаңа олимпиадалық айналым және құрама ұзақ мерзімді дайындыққа кірісті.
Қазақстандық семсерлесу спортын дамытудың жаңа тұжырымдамасында бапкерлік құрамды өзгерту және қазіргі деңгейді көтеру маңызды болып отыр.
«Біздің құрама Франция, Италия, Жапония және өзге де елдердің әлемдік көшбасшылары үшін мықты қарсыласқа айналды. Бірақ біз қазіргі жетістіктерде тоқтап қалғымыз келмейді және келесі қадамға аяқ басуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсат – командалық лицензияны қайталап, Лос-Анджелестен жүлдемен оралу.
Бұл үшін біз семсерлесуден бапкерлік құрамды күшейттік, ол әлемдегі үздіктердің бірі – Александр Владимирович Горбачук. Ол осы кезеңде украиналық семсерлесу мектебінің өкілі, ал соңғы 15 жылда Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпиондары атанған жапониялық спортшылармен жұмыс істеген», - деді Ұлттық семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов.
Бұл Федерацияның шетелдік мамандарды тарту бойынша алғашқы тәжірибесі емес. 2019 жылдан бері қылышпен семсерлесуден ерлер және әйелдер құрамаларымен украиналық бапкер-кеңесші Олександр Торчук, ал шпагамен семсерлесуден әйелдер және ерлер құрамаларымен венгриялық Ференц Тот жұмыс істеген.
Федерация өкілдерінің айтуынша, әлемдік спорттық трендтердің жылдам өзгеріп жатқаны сонша, халықаралық бапкерлік тәжірибе алмасу қалыпты жағдайға айналған.
«Әр елдің жылдан жылға жетілдіріп отыратын өз сайысу стилі бар. Егер үздік құрамалармен қатар тұрып, бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, олардан қалыспай, шетелдік бапкерлерді шақыруымыз керек.
Олар да әлемнің ең мықты семсерлесушілерінің қатысуымен өтетін оқу-жаттығу жиындарын тиімді ұйымдастыру үшін қажетті шетелдік байланыстарды айтарлықтай жақсартады. Одан бөлек шетелдік мамандар қазіргі құрама мен жастарды оқытып қана қоймай, біздің отандық бапкерлерге де тәжірибесін бөлісіп, олардың біліктілігін арттыруға септігін тигізеді», - деді Мирболат Әбуов.
Қазақстандық семсерлесу спортын дамытудың маңызды кезеңі жоғары санатты спортшылар әзірлеуге ғылымды енгізу болып саналады. Нақтырақ айтқанда, құраманың дайындық процесіне ЖИ енгізу бойынша жұмыстар.
Федерация өкілдері мұндай бағдарлама когнитивті қабілеттерді дамытуға арналған қосымша, әсіресе әрекет ету және шешім қабылдау жылдамдығын арттыру бойынша құралдар беретініне сенімді.
Оқыту қазірдің өзінде қылышпен семсерлесуден алты семсерлесушінің қатысуымен тесттік режимде басталып кеткен. Егер бағдарлама жақсы нәтиже көрсетсе, онда ол 35 спортшыдан тұратын құрама тәжірибесіне енгізілетін болады.
Дереккөз: Федерация баспасөз қызметі / Olympic.kz