22.10.2024, 12:30
Оқылды: 308

Аптап ыстықта, жел өтінде жол салу оңай емес: БҚО-дағы автокөлік жолдарының құрылысын арнайы мониторинг тобы тексерді

Өңірдегі бірқатар автокөлік жолдары құрылысын арнайы мониторинг тобы тексеруге барды. Оның құрамында облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК және «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалдарының, БАҚ өкілдері болды.

Жол ЖП

Мониторингке қатысушылар алдымен Чапаев – Жаңақала облыстық маңызы бар аутожолының құрылыс учаскесіне барды. Жаңақала ауданын облыс орталығымен байланыстыратын күрежолдың 40 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде. Аталмыш құрылысқа облыстық бюджеттен 990 млн теңге бөлінген. Біз барған кезде жол нысаны құрылысында 3-4 техника жүр. Біреуі жолдың беткі қабатын қырып алып, уатып, қайта салуда. Өңірімізде аутожолдарды жөндеуде ескі асфальтты кәдеге жарату тәжірибесі енгізілгенін айта кеткен жөн. Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бекжан Тоқжановтың түсіндіруінше, мұндай технология бюджет қаражатын үнемдеуге және жөндеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Салқын» ресайклинг технологиясы бойынша жолдың беткі жабыны алынып, оған түрлі қоспа қосылып, жаңа қабат болып төселеді. Оның құрылысшы-жолшыларға пайдасы зор, яғни бұл тәсілмен құрылыс материалдарын үнемдеуге, логистикаға шығынданбауға болады. Әрі жолдың ескі қабатындағы асфальтты тасып әуреге түспейді. Бұл технология шетелдерде кең тараған. Көршілес Ресейде де 2000 жылдардың басынан бері қолданылады.

– Өңірдегі жолдар кезінде шаруашылық тәсілімен салынған. Әне, жолдың беткі қабатын бұзып алып жатыр. Дайындық жұмысы жүруде. Сол беткі қабаттағы алынған материалға «Салқын» ресайклинг технологиясы бар жол төсемінің фрезерленген материалына жаңа инертті материалдарды және цементті енгізіп, оның беті асфальтпен жабылады. Осылайша жол жаңарады. Мердігер «Ануш-Құрылыс» ЖШС-мен көктемде келісімшарт жасалды. Бірақ құрылыс жұмыстары енді басталуда. Оның себебіне келсек, мердігердің мойнына алған міндеттемесі ауқымды әрі құрылыс материалдарынан біраз тарықты. Басқарманың тапсырысы бойынша серіктестікте  осы бір нысан, ал облыс бойынша оның міндеттемесінде 30 шақты-ау деймін құрылыс нысаны бар. Бұл жол құрылысы ауыспалы, келесі жылы аяқталуы тиіс, – деді Бекжан Нұрланұлы.

e28d4307-7898-456d-bef0-06a75bb2363d

Келесі нысандар Жаңақала ауданының орталығында болды. Қазіргі кезде аудан орталығы аумағы қанатын кеңге жайған. Ауылдың бұрынғы кірмежолы бүгіндері ауылішілік жолға айналған. Өткен ғасырдың 70-жылдары аудан құрылғанда орталық аумағы әріректе болған деседі. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бұл – елу жылда елдің, аудан-ауылдардың жаңарғанының көрінісі болса керек. Кірмежол құрылысы аяқталып, жолдың беті теп-тегіс, жалтырап-ақ жатыр.

– «Ануш-Құрылыс» компаниясы 2 шақырым болатын кірмежолдың, қазіргі Бабажанов көшесінің орташа жөндеуін тез бітірді. Қараша айына дейін жөндеуі тиіс еді, міне, жұмысты аяқтады. Түнгі ауысымда жол салды. Енді ауылішілік жолдардың күрделі жөндеуін қарашаның 3-іне дейін аяқтаймыз деп отыр басшылары. Жұмыс барысы қалыпты, – деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абат Ишанов.

Бөлім басшысының айтуына қарағанда, құрылыс басында бір асфальт төсегіш, 3 каток, 2 тиегіш жүр. Одан басқа 30-дың үстінде жүк көлігі құрылыс материалдарын тасымалдауда. Жергілікті халықтық бақылаушылар жол құрылыстарын бақылауға алған. Оны әлеуметтік желілерден де оқып жүрміз. Елге, ауылға болсын деген перзенттік жанашырлық десек жарасатын шығар оны. Біраз бұрын кірмежолдың құрылысы аяқталып, жаңарып жатқанымен, жол жиегін нығайту жұмыстары жүргізілмегенін байқадық.

Соның жай-жапсарын сұрадық. Нысан құрылысына тапсырыс беруші – аталмыш аудандық бөлім. Оның басшысы Абат Тимурұлы мердігердің мойнында әлі ұсақ-түйек жұмыстары қалғанын жеткізді. Оның бірі – жол жиегін нығайту, жол белгілерін орнату және басқалары.

Мердігер 9 мыңға тарта жол белгісін сатып алып, орнатуға дайындаған.

абат ишанов

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының инженері Назар Набиуллиннің сөзіне сүйенсек, «Ануш-Құрылыстың» зауытынан битум, қиыршық тас, асфальт материалдарынан сынама алынған. Олардың қорытындылары алдағы аптада шығады. Мердігер битумды Ресейден тасымалдауда және оның сапасы талапқа сай деседі.

Жаңақала ауылында алты көшенің, Құрманғазы, 1-мамыр, Астана, Хиуаз Доспанова, Меңдіханов, Жантурин атындағы көшелердің жолдары күрделі жөндеуден өтуде. Осы көшелердің жолдарын жөндеуші мердігер – «Ануш- Құрылыс» ЖШС. Мердігер құрылыс жұмыстарын кешірек бастаған. Бұл нысандар ауыспалы. Былтыр көшенің 6 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолын салған. Биыл жолды асфальттауда. Алдағы аптада аяқтайды. Сонымен қатар компания Мәстексай ауылында 1,9 шақырым ауылішілік жолды жөндеген. Соны бітіріп, аудан орталығындағы жұмыстарын қолға алған. Қаладан күніне 800-900 тонна асфальт тасып, төсеуде. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары термометрмен асфальт қоспасының температурасын үнемі тексеріп жүргендерін тілге тиек етті. Мердігер жол құрылыстарына жергілікті 8 азаматты жұмысқа тартқан. Бұл да болса, «Елде болса, ерінге тиедінің» дәлелі.

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдардағы көше жолдарын жөндеуге қаражат жақсы бөлінуде. «1-мамыр көшесінде мектеп болған соң, жүктеме көп түседі. Бұл көше жолы 800 метр болғанымен Жаңақала – Орал күре жолына жеткізеді. Бабажанов көшесін жөндеуге көп күш жұмсалды. Бұрынғы асфальтты жолы әбден ойқыш-ойқыш тесіліп қалған еді. Енді көшелердің жолдары жаңарып, жүктеме екі көшеге бірдей бөлінеді. «Бұл көшелердің жолдары АНТ-мен салынды», – деді бөлім басшысы.

«АНТ деген не нәрсе?» деп қарап тұрмай, қызығушылық таныттық. «Мұнда жолдың негізіне қиыршық тас салынбайды, топырақ, құм қиыршықтас қоспасы, цемент және суға қосылған тұрақтандырғыш (АНТ) қоспасын қосып, араластырады.

Сонда жолдың негізі плита секілді қатып қалады. Оның үстіне бір қабат асфальт жабын төселеді. Мұны «Салқын» ресайклинг технологиясы дейді», – деп тәптіштей түсіндірді Бекжан Нұрланұлы. «Иә, іргетас секілді», – деп қоштай сөйледі Абат Тимурұлы.

Мұндай технологияны қолдану  қиыршықтасты пайдаланумен салыстырғанда сәл арзанға шығады. Химиялық қоспаны Ресейден алдырады. Бөлім басшысы мердігердің жолшыларының асфальттың қаладан әкелуіне қарай ылдым-жылдам қимылдайтынын, әйтпесе, асфальт суып кететінін айтты. Мысалға, біз барған (өткен аптаның жұмасы) күннен бір күн бұрын сағат 16-ларда қаладан ыстық асфальт әкелініп, түнгі сағат 2-ге дейін жұмыс істеген. Содан 3 каток техникасы түнімен, таңғы 5-ке дейін үш сағат бойы жаңадан төселген асфальт қабатын тапап, нығыздаған.  Жол салу оңай емес екені осыдан-ақ көрінеді. 1-мамыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы, жиектастар былтыр салынған.

– «Ануш-Құрылыс» компаниясы Жаңақала ауданында 2019  жылдан бері құрылыс жұмыстарына қатысып келеді. Бірлік, Мирманов көшелерінің жолдарын жөндеген де осы мердігер. «Біздің ауданның телеграм арнасы бар, соған жол асфальтталып жатыр, жүрмеңіздер деп жазамыз. Көліктер жүрмейді. Жергілікті белсенділер шығады, қарайды. Полиция қызметі, бәріміз бірлесіп қызмет қылудамыз, –  деді Абат Ишанов.

Алдағы жылға да дайын жобалар баршылық. Қаржының бөлінуіне қарай жолдар жөнделеді.

Жаңақала ауылының Құрманғазы көшесінің 930 метр жолы да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы  бойынша жаңарып қалған. Былтыр жаяу жүргіншілер жолы салынған. «Ануш-Құрылыс» ЖШС Құрманғазы көшесінің жолын қазанның 6-сында бастап, екі күнде салып шыққан. «Осы көше тұрғындары қуанып, алғыстарын айтуда. Түнімен жұмыс істеген құрылысшыларды шайға шақырып, қонақжайлылық танытты», – деп күлімсіреп қояды бөлім басшысы.

Жаңақала – Сайқын

Жаңақаланың жарқыраған жолдарын көріп, көңіліміз бірленді. Енді мердігер қалған жұмыс ауқымын сапалы аяқтап, елдің сенімінен шығуы керек. Бұдан кейін рейдке қатысушылар Жаңақала – Сайқын облыстық маңызы бар автожолының 130-191 шақырым (61 шақырым) жол учаскесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.  Жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге. Былтыр мердігер «Юнисерв» ЖШС жолдың 10 шақырымын жаңғыртты, биыл 20 шақырымын қайта салады. Сонда ауыспалы құрылыс нысанының келесі жылға 31 шақырымы қалады. Құрылыс жүріп жатқан учаскеге жеткенше, мінген көлігіміз  асфальтталған тегіс жолдың үстімен айдарынан жел ескендей ызғытты. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының мамандары осы жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан сынама алып, тұрақты тексеріп отырғандарын айтты.

Жолшылардың айтуынша, жол салатын «Юнисерв» секілді ірі компаниялар өңірде саусақпен санарлық. Мысалға, «ДСК Приоритет», «Адал арна» компаниялары дамып, өркендеп келе жатыр.

«Жол құрылысы саласындағы мекемелерде аутогрейдер, погрузщик жүргізетін механизаторлар, жұмысшылар жетіспейді. Техника жүргізетін жұмысшыларға айына 400-500 мың теңге төлейді. Әйтпесе, ешкім келмейді», – деді өз әңгімесінде Бекжан Тоқжанов.

– Қазір Жаңақала – Сайқын жолының  247 шақырымында тұрмыз. Бірінші учаске 331 шақырымға дейін барады. Соны бітіреміз. Жолдың бірінші қабатына ірі түйіршікті асфальт, одан кейінгі қабатқа  қиыршық тасты асфальт жабыны төселуде. Материалдарымыз жеткілікті, жолшыбай көріп, байқаған шығарсыздар.  Әне, алдымызда 5-жинақтаушы нүктеміз тұр. Жолшыбай Сулыкөл деген жерде жолдың астынан су өткізетін тұрбаны салып жатыр. Оны да осы қазан айының 25-теріне қарай аяқтаймыз, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Жасқайың Қуанов салқын ызғарлы желден қорғаншақтап.

Әдетте «Жол салғанның сауабы мол» деп жатамыз. Жол салу оңай шаруа емес-ау... Аптап ыстықта, күнге күйіп, күз-көктемде өкпеңді тесіп жіберетіндей құтырына соғатын суық желде тоңып-шашырап жүретін жолшылардың еңбегін ескере бермейтініміз өкінішті...

«Юнисерв» ЖШС-ның екі қосалқы мердігері негізгі жол салушы күштің алдында жерді дайындау жұмыстарымен айналысуда. Ал, инертті материал, асфальт төсеуді бас мердігер өз күшімен атқарады. Құрылыс басында 1 аутогрейдер, 2 каток, 5 «Shacman» жүк көлігі және одан басқа асфальт төсегіш техникалары бар. Аутогрейдердің жүргізушісі түскі асын ішіп болып, жол бетін техникамен қыруға кірісті. Күн суық. Жолшылар қара күздің ызғарына, жауын-шашынға ұрынбай тұрып, жұмысты еңсеруге асық. Құрылысқа Мәштексай, Жаңақаладан азаматтар тартылған. Бас мердігердің мойнында республика бойынша құрылыс нысандары баршылық деседі. Сол нысандар құрылысын аяқтап, күшін өңірдегі құрылысқа жұмылдыруда.

Өңірдегі түйткілді үш жолды қайта құруды міндетіне алған «Юнисервтіктер» жерге қарап қалмас. Енді компания Жаңақазан ауылы тұсынан бастап, 31 шақырымдай жолды келесі жылы жалғастырады. Жалпы Жаңақала – Сайқын жолының құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Қалай болғанда да, жол азабын тартқан халық келер жылы тақтайдай тегіс жол игілігін көреді   деген сенім бар.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале