24.10.2024, 12:30
Оқылды: 79

«Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толды

Биыл «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына – 35 жыл. Айтулы датаға орай «Достық» үйінде «35 жыл қызмет: мәселелер, ізденістер, шешімдер» тақырыбында  конференция ұйымдастырылды.

8053c0c0-e4ec-4bb0-94f3-729b2fb062d0

– Облыста 700-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Соның ішінде белсенді жұмыс істеп келе жатқан ұйымдардың бірі – осы қоғамдық бірлестік. Бүгінде өңірде ерекше қажеттілігі бар 20 мыңнан астам адам тұрады. Олардың кейбіреуі әр  салада еңбек етіп жүр. Кейінгі жылдары мүгедектігі бар адамдардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жүйесінде елеулі өзгерістер енгізілуде. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан  Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативті хаттаманы ратификациялады. ҚР «Әлеуметтік кодексі» қабылданды. Соған сәйкес нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға білім алуға, жұмысқа орналасуға, медициналық қызмет пен әлеуметтік көмек алуға құқықтық кепілдіктер берілуде. Жаңадан бой көтеріп жатқан Ақжайық шағынауданында 150 орындық оңалту орталығы ашылады.

Нысанның құрылысы биыл аяқталып, келесі жылдан бастап қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Оралда мүгедектігі бар жандарға арналған арнайы спорттық кешен салынуда. Нысанның құрылысын «Freedom Holding» компаниясы қаржыландырып отыр. Бұлардан басқа, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында, үкіметтік емес ұйымдардың өздері жүзеге асырып жатқан түрлі жобалар бар. Қамкөңіл жандардың қоғамға етене араласуы және кедергісіз жүріп-тұруы үшін түрлі әлеуметтік, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Заң талабына сәйкес, егер жаңадан салынған ғимаратта пандус болмаса, мүгедектігі бар азаматтарға басқа да қолайлы жағдай жасалмаса, пайдалануға қабылданбайды. Бұл салада әлі де атқаратын жұмыс көп. Мәселелер де бар. Дегенмен, түйткілдер біртіндеп шешіліп келеді. Жұмажан Қожжанұлы, сіз жетекшілік ететін «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы оңай емес. Десе де, ауқымды істер атқарып келесіз. Аудандардағы филиалдармен де тығыз байланыстасыз. Бүгінгі айтулы күнмен құттықтаймын. Айналаңыздағы азаматтардың алғысына бөлене беріңіз. Толағай табыс тілеймін,  – деген облыс әкімнің орынбасары Бақытжан Нарымбетов аймақ басшысының атынан Жұмажан Қожжановқа алғысхат пен сый-сияпат табыс етті.

Бұдан соң мінбеге бірлестік төрағасы Жұмажан Қожжанұлы көтерілді. «Біздің бірлестіктің құрылғаны күні кеше сияқты еді. Бірақ уақыттың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз. Айта кететін жайт, Ұлы Отан соғысының ардагерлері сонау 1982 жылдары зейнеткерлікке шыға бастаған еді. Олар сол кезден бастап өмірлік тәжірибелерін, білімдерін осындай қоғамдық ұйымдарды құруға жұмсады. Біз сондай аға буыннан үлгі алып, жұмыстас болғанымызды мақтан тұтамыз.

Хамза Сафин, Жетес Сатаев, Менжан Абдрахманов және Борис Пальгов секілді ағаларымыз жұмыстың қыр-сырын үйретті. Осы ретте бір адамды ерекше атап өткім келеді. Ол – бүгінде жүз жасап отырған Вениамин Скаленко. Бұл азамат зейнетке шыққаннан кейін біздің қоғамның ревизиялық комиссиясының төрағасы болды», – деп ұйымның тарихына үңілген бірлестік төрағасы бүгінде атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.

Облыстың мүгедектері ерікті қоғамының құрамында 24 мыңнан астам адам бар. Ұйым бес жыл сайын осындай конференция ұйымдастырып тұрады. Жұмажан Қожжановтың айтуынша, бұл ұйымға азаматтар тұрғын үй, дәрі-дәрмек, жұмысқа орналасу секілді басқа да тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер бойынша көмек сұрап келеді.

Қоғамдық ұйымның барлық ауданды аралап, мүгедектердің мәселесін жергілікті жерде шешуге күш салып келе жатқаны елеулі жұмыстың бірі боп отыр. «Айтып өтетін маңызды жайттың бірі – инватакси жұмысының жолға қойылуы. Бұл – мүгедектігі бар адамдарға үлкен қолдау. «Сәби» қоғамдық қорының қолдауымен басталған инватакси қызметі облыстың алты ауданында бар. Біздің де мақсатымыз сол – ауыл-аймақтағы мүгедектігі бар адамдарға да қаладағыдай арнайы көліктің қызметін көрсету. Өңірде 1000 шақты мүгедек адам спортқа ден қойған. 2016 жылы облыстық әкімдіктің қолдауымен спорт клубы ашылды. Мүгедектігі бар адамдардың соңғы кезде айтып жүрген өтініштеріне тоқталғым келеді.

Солардың бірі – кейбір жерлерде пандустардың әлі күнге дейін стандартқа сай келмейтіні. Себебі бұл олардың ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұруына қиындық тудырады. Жаңадан салынған үйлердің бірінші қабатының өзінде үш-төрт сатылы баспалдақ бар. Кейбір бөлмелердің, жуынатын бөлменің немесе балконның есіктері стандартты болып келеді. Бұл еркін кіріп-шығуға кедергі келтіреді. Мүгедектер осы жайттардың ескерілгенін қалайды. Осы ретте олардың «Баспаналарды пайдалануға қабылдайтын комиссияның құрамында мүгедектігі бар жандар да неге болмайды?» деген сауалы бар. Екінші мәселе қалалық қоғамдық көліктерге қатысты болып отыр. Инватаксилер сенбі-жексенбілерде, мейрам күндері жұмыс істемейді. Ал мүгедектігі бар жандар бұл күндері үйлерінен қалай шығады? Такси шақырғанмен, олар қолайсыз. Сондықтан біз қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын компания басшыларының мүгедектердің қоғамдық көліктерде жүріп-тұруына жағдай жасаса деген тілегіміз бар», – деді ұйым төрағасы Жұмажан Қожжанов.

Жиында «Ақжайықтың асыл арулары клубы – Клуб  заслуженных женщин Приуралья» ҚБ президенті, еңбек ардагері Роза Көжекова ұйымның атқарып келе жатқан жұмысына ризашылығын білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген қоғамдық бірлестіктің игі істерінің жандана беруін тіледі.

Сонымен қатар жыл сайын бірлестіктің екі мүшесін «Батыс Қазақстан облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттап отыратынын айтты. Іс-шара барысында 75 және 70 жасқа толған Қаратөбе және Тасқала аудандарындағы филиал төрағалары Еркінбек Жәнібеков пен Ахмеджан  Ғұбайдуллиндерге құрмет көрсетілді.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале