Ақжайық өңірінің орталығы Орал қаласында орналасқан «Достық үйі» – Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілік пен келісім ұялаған, бауырмалдық пен туысқандықтың шырайлы шаңырағына айналған. Өңірімізде мекен еткен сан түрлі этностардың мақсат-мүделері, ой-армандары тоғысқан киелі мекенге айналды. Достық үйінің негізгі қағидаты мен міндеті – қазақ халқының айналасындағы барлық этностарды шоғырландыру, басты ұлттық құндылықтар – бейбітшілік пен достықты, бірлікті сақтау саналады.
Сурет: anatili.kazgazeta.kz
Облыстық ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің тыныс-тіршілігіне келетін болсақ, ол ел арасындағы толеранттылықты жетілдіру арқылы этносаралық татулық пен дінаралық алауыздықтың болмауына атсалысып, негізделген жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан «Этномәдени бірлестіктер», «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ассамблея жастары» РҚБ БҚО филиалы, «Жомарт жан» орталығы, «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы, «Айбын» әскери-патриоттық клубы, достық үйлері мен достық клубтары құрылған. Қазіргі таңда баршасы қоғамдағы демократиялық өзгерістерге, түрлі шығармашылықты дамытуға және өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге қызмет етуде.
Достық үйінде әрбір этномәдени бірлестіктер үшін кабинеттер бөлініп, дәстүрлері мен тарихына сай жабдықталған.
Облыс бойынша 53 этномәдени бірлестік жұмыс атқарып келеді, олардың сандық құрамы – 4 574 адамды құрап отыр.
Жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, әр этностың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтау және насихаттау мақсатында «Этнос күні» жобасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізілуде.
Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері басшылары жыл басында есептік кездесулер өткізіп, жыл қорытындысын шығарады, осы жылға арналған жұмыс жоспарларын талқылап, бекітеді.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 154 Ақсақалдар кеңестері құрылып, соның ішінде: 1 облыстық, 12 аудандық, 141 ауылдық кеңестер округтерде қызмет атқарып келеді.
Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ақсақалдар кеңестері» Қазақстандық бірігейлікпен, қоғамда бірлік пен келісімді қалыптастыру, қоғам мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету үшін – біріктіруші күш ретінде қызмет атқаруда.
«Аналар кеңесі» Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік – кеңесші орган болып табылады. Кеңес құрамына көпбалалы аналар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ана мен бала мәселелерімен айналысатын қоғам қайраткерлері кіреді. Облыс бойынша Аналар кеңестерінің саны – 157 құрап отыр.
«Ассамблея жастары» филиалы түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейді. Құрамына енетін ерікті жастар ұйымдары, этномәдени қоғамдық бірлестік өкілдерінің жастары қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, көптеген өзекті мәселелерді талқылау мақсатында кездесіп отырады.
«Ассамблея жастары» ұйымының басты мақсаты – жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастыру, жастардың бастамаларын дамыту және әлеуметтік тұрғыда қолдау. Қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысады.
Осы жылдың 20 тамыз күні Достық үйі ғимаратында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ассамблея жастары ұйымы және «Freedom Holding Corp» ұжымының қолдауымен «Жүректен жүрекке» жобасы аясында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы жайсыз отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету және материалдық қолдау көрсету болып табылды.
Су тасқынынан зардап шеккен аймаққа «Freedom Holding Corp» қызметкерлерінің қаражаты есебінен сатып алынған мектеп құралдары оқу жылының басталуы қарсаңында 350 балаға сыйға тартылды.
«Жомарт Жан» орталығының негізгі мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік маңызы бар жобаларын, оның ішінде «Мейірімді жүрек», «Қоржын», «Ризашылық – мейірімділік бұлағы», «Наурызнама», «Жүректен жүрекке» акцияларын және «Қайырымдылық керуені» халықтық жобасын іске асыру жөніндегі шараларын үйлестіріп, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру.
Осы жылы БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктер атынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға және су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жалпы сомасы 33 173 700 теңгеге көмек көрсетілді.
«Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Көп мәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет» деген тапсырмасын басшылыққа алып, жұмыс тобы мемлекеттік тілдің шын жанашыры, жоқтаушысы десек, еш қателеспейміз. Қоғамдық қозғалыс қазақ тілінің облыс орталығында және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына мемлекеттік, қоғамдық әртүрлі ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтарға, жеке азаматтарға көмек көрсету жұмыстарын жүзеге асырып келеді.
«Айбын» әскери-патриоттық клубының құрамында қалалық жалпы орта білім беретін мектептертер мен арнаулы оқу орындарының алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері мен оқушылары бар. Жастарды отанды қорғау мен ата-бабамыздың қаһармандық қасиетін қастерлеуге үйрету, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту ең басты бағыты болып табылады.
«Этномедиация» бұл сөз термині соңғы уақытта көп айтылып, жазылып жүр. Жеке адамдар немесе адамдар топтары қатыса алатын ұлтаралық қайшылықтардан туындаған қақтығыстарды шешу мақсатында этносаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған мәселелерді шешуге қатысатын мамандардың жанжалдарды басқару білімі мен медиация құзыреттіліктерін қалыптастыру болып табылады.
Қорыта айтқанда, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі этникалық топтар арасындағы бірлікті нығайтуда, мәдени мұраны сақтауда, әлеуметтік интеграцияны күшейтуде және өзара түсіністікті тереңдетуде шешуші рөл атқарып, туған өлкеміздің жалпы дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.
Қайыржан Меңдіғалиев
БҚО әкімінің орынбасары