31.10.2024, 11:15
Оқылды: 66

Энергия өндірушінің қуаты неге толық пайдаланылмайды?

«Батыс Пауэр» әу баста батыс өңірді энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында салынған ірі газтурбиналық станса болатын. Содан бері біраз жыл өтті. Қазіргі кезде станса қанша көлемде қуат өндіреді және оны қайда өткізеді? Осы кәсіпорынның қазіргі кездегі жұмысы, алдағы даму көкжиектері қандай? Міне, осы сұрақтарға және басқа да түйткілді мәселелерді саралап көрелік.

37526505-dc4d-4f31-a003-72ad75f1db3b

Облыс орталығына таяқ тастам жердегі Бәйтерек  ауданына қарасты Белес ауылы маңындағы стансаның құрылысы бұдан он шақты жыл бұрын басталды. Станса 2016 жылы электр қуатын өндіру үрдісіне кірісті. Негізі жоба «ГТЭС-200 Орал» деп аталды. Жоба бойынша 100 мегаваттық екі турбина құрылысы жоспарланды. Бірақ мүмкіндіктер мен шығындар салыстырылып, бірінші кезеңде 100 МВт қондырғыны салуға шешім қабылданды. Сол қондырғы салынып, қасына екінші турбинаға орын қалдырып, тиісті инфрақұрылым жүргізілді. Уақыты келгенде екінші газтурбиналық станса салынады деп күтілуде.

– Қазіргі кезде күллі еліміз бойынша барлық электр энергиясы Бірыңғай сатып алушы арқылы сатылады. Соған байланысты жүктеменің біркелкі бөлінбеуіне қатысты түйткілдер бар. Бірыңғай сатып алушы электр қуатын сатып алады да, оны Қазақстан бойынша өңірлерге бөледі. Осыған байланысты тәуліктік электр қуатын сатуға күн сайын тендер өтеді.  Бірыңғай сатып алушы қуат тұтынушылардың сұранысын ескере отырып, біздің стансамыз өндіретін қуат шамасын белгілейді. Тек біз емес, басқа стансалардың да жүктемесін анықтайды. Әрине, заңдылықтарға байланысты электр қуатымен қатар жылу өндіретін стансаларға басымдық қарастырылған. Біздің станса ашық циклды, өйткені біз газды жағып, одан тек электр энергиясын өндіреміз. Ал екінші кезеңде пайдаланылған ауаға шығарылатын газдарды кәдеге жаратқанымыз жөн болар еді. Яғни шығарынды газды өңдейтін қазандық орнатып, жаңа шағынаудандарды жылумен қамтамасыз ететін электр энергиясын өндіруімізге әбден болады, – деді «Батыс Пауэр» ЖШС-ның бас директоры міндетін атқарушы, бас инженері Рашид Мырзағалиев.

Шығарынды газдардан жылу өндірмек

43317fc5-c574-4e74-ab61-4f646517dd6b

Бас инженердің сөзіне сүйенсек, компания енді облыс әкімдігімен келісім жасап, «Ақжайық» шағынауданын жылумен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Жергілікті станса тек электр энергиясын өндіреді, осы өндіріс барысында пайдаланылып, ауаға шығарылатын қажет емес газдарды қайта пайдалануға көңіл бөлінуде. Бұл мәселе газды өңдейтін қондырғы, жылу қазандығын орнату  арқылы шешілмек. Тағы бір мәселе бар – өндіріс базасынан Орал шаһарына дейін 15 шақырымға жылу магистралін тарту керек. Бірақ жеке компанияға барлық инфрақұрылымды орнатуға көп күш, қаржы-қаражат керек. Сондықтан станса мамандары нақ осы мәселені шешуге мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетілгенін қалайды. Компанияның шығыны онсыз да аз емес. Бірақ  қалдық газды өңдейтін қазандықты сатып алынатыны сөзсіз. Неге десеңіз, мұның барлығы жұмыс істеп тұрған стансаның дамуы үшін қажет қарекет. Қалдық газды қайта өңдейтін қондырғы орнатылып, жылу өндірілер болса, жылу энергиясы арзандайды. Нақтысын айтсақ, бас инженер қаланы екі есе көп жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі туатынына сенімді.

– Электр энергиясын өндіруге жұмсалған газ жылу өндіру үшін қайта пайдаланылады. Бұл – экологиялық таза әдіс. Әрі біздің кәсіпорынның табысын арттырады. Ал бұл компанияға ауадай қажет, өйткені көптен бергі сағыздай созылып келе жатқан құрылыс несиесін жабу қажет. «Батыс Пауэр» аталмыш станса жобасын жүзеге асыруға доллармен несие алды. Дәл сол жылдары доллар бағамы 180 теңгеден 500 теңгеге дейін көтерілді, кейінірек 400-ге түсті. Біз теңгемен пайда алып, несиені өтеп жатырмыз. Кәсіпорынның мой-нындағы жүгі жеңіл емес. Себебі алынған несие бірнеше жылдан ке­йін жабылуы тиіс. Бұл жағдай қызметкерлердің жалақысына кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты біз олардың жалақысын көтере алмаймыз, – деп Рашид Махмудұлы қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірді.

9ec565bf-15c6-48fe-959c-c5fdeead955a

Одан басқа құрал-жабдықтың тозуы, жыл сайынғы күтіп-ұстау шығыны сияқты бұлтартпас деректер бар. Уақыт өте келе жабдықтар тоза бастайды, оларды жөндеуге көбірек қаражат жұмсалуы керек. Оның үстіне стансадағы жабдықтар  сырттан әкелінген. Мысалы, турбина – «General Electric» компаниясынан, қосалқы жабдықтар «Siemens» және «ABB» сияқты брендтерден алынған. Бұлар өзі – сенімді, ең озық технологиялы, мықтылығын дәлелдеген жабдықтар. Бірақ оларға жыл сайын техникалық қызмет көрсету және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қомақты қаржы құю қажеттігі сөзсіз. 2027-2028 жылдары турбинаны күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Оған мол  қаражат бөлу керек.

Қуат неге толық пайдаланылмайды?

Жалпы Белестегі газтурбиналық электр стансасын салудағы басты мақсат халыққа электр энергиясын сату болатын. Бүгінде станса қуаты 40 мегаваттқа жүктелген. Бірыңғай сатып алушының пайда болуымен жағдай жақсарды, бірақ біркелкі емес жүктеме мәселесінде түйткіл түйіні әлі де бар. Жергілікті станса нарық заңдылығын сақтай отырып, басқа стансалармен бәсекеге түседі. Әрине, жылу шығаратын және шығарынды газ қалдығын өңдейтін қазандығы бар стансалар екінші санатқа жатады және олармен бәсекелесу қиын. Өйткені ондай стансалардың тарифіне сәйкес олардың электр энергиясының құны төмен.

Ал Ақ Жайық өңірі шалғай, орталық және оңтүстік облыстармен электр жүйесінде байланысы жоқ. Орталықта Екібастұз су электр стансасы және   жылу электр стансасы орналасқан. Ал батыстағы облысқа олардан электр қуатын алу үшін қосылатын желі жоқ. Атыраудағы барлық ірі кәсіпорында, соның ішінде Қарашығанақта да электр стансалары жұмыс істейді. Әрине, өңірімізде электр энергиясының үлкен ағындары бар. Мысалы, «Кегок» компаниясына электр қуатын Ресейден сатып алуға тура келеді.

– Өздеріңіз білетіндей, Балаково АЭС-і біздің облысқа іргелес орналасқан, ол Кеңес заманында біздің облысты электр қуатымен қамтамасыз етуі керек еді. Әрине, Ресей Федерациясынан келетін электр энергиясы әлдеқайда қымбат. Осыған байланысты біздің компания бас оператор «Кегок» және Бірыңғай сатып алушы үшін реттеуші стансаға айналды. Бұған дейін станса Атырау облысын 30-40 мегаватт қуатпен қамтитын. Қазір Атырау облысындағы «Қарабатан» мұнайхимиясы кешеніне арналған «Siemens» компаниясының үш қондырғысымен 310 МВт электр стансасы салынып, іске қосылды. Оларда қалдық газды өңдейтін қазандықтары бар, сондықтан электр энергиясының құны әлдеқайда арзан тұрады. Қазақ­стан нарығында біз олардың бәсекелесі емеспіз, біздің станса ашық циклмен жұмыс істей­ді. Осылайша жүктеме түрліше болып шығады.  Мысалы, жазғы күндері басқа стансалар ауа температураның көтерілуіне байланысты жүктемесін азайта бастайды. Біздің станса осы жазда 95 мегаватт деңгейіндегі жүктемемен қалды. Түнге қарай қоршаған ортаның температурасы төмендеп, стансалар жүктемемен арттырады. Жүктеменің теңгерімсіздігі осылай пайда болады, сонымен қатар Ресей Федерациясынан келетін ағындар бар, осының бәрі өзара тығыз байланысты. Оның үстіне стансамыз толық қуатында жұмыс істемейді.  Станса қуаты 100 мегаватт болғанымен, жүктемесі 60 мегаватт көлемінде болып отыр,  – деді Рашид Махмудұлы. 

Қалған энергияға сұраныс жоқ

2022 жылы «Батыс Пауэр» майнинг фермаларымен ынтымақтастықты қолға алдық.  Бұл – әдетте серверлер немесе видеокарталар рөлінде криптовалютаны өндіретін құрылғылар жиынтығы. Олар Белестегі стансаның тікелей тұтынушылары болды және стансаға қосымша жүктеме қосты. Әрине, мұның өзі электр стансасын қолтығынан демегендей болды. Бірыңғай сатып алушының нарыққа енуімен талаптар күшейтіліп, олар электр энергиясын үшінші нарықтан сатып алуға көшті. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі электр стансаларының қанша электр қуатын өндіре алатыны, тұтынушылардың қанша көлемде электр қуатын тұтына алатыны туралы күнделікті есептерін шығарып отырады. Ал тендерден кейін тұтынушылардан қалған электр энергиясы майнинг фермаларына өткізіледі. Қазір майнинг фермалар толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұрын олар жергілікті стансадан 60-70 мегаватт шамасында қуат алатын. Қазір станса желіге 30-40 мегаватт көлемінде қуат беруде. Ал қалған энергияға сұраныс болмай тұр. Компания басшылығы осы мәселені министрліктің алдына да қойды. Стансаның халық үшін 100 мегаватт энергия өндіруге дайын екендігі айтылды.

c7d4452a-a510-47e1-959a-027c560c5fa4

– Ауаға шыққан газ жағылып, текке рәсуа болып жатыр. Мұндай жағдай бізге тиімді емес. Біздің компания өндірілген барлық энергияны Бірыңғай сатып алушыға сатады және басқа компаниялармен заңды қарым-қатынасымыз жоқ. Еуропадағыдай біз күн сайын электр энергиямызды сату бойынша аукциондарға қатысамыз. Жыл сайын тариф бекітіледі, оның құны осы процеске тікелей байланысты. Егер пайда туралы айтатын болсақ, онда, әрине, пайда бар, бірақ көп нәрсе жүктемеге байланысты. Жақын жерде жұмыс істейтін зауыттар болса, тірлігіміз басқаша болар еді. Өндіріс орындары бізден электр энергиясын сатып алар ма еді, – дейді бас инженер.

Инвест бағдарламалар өрге тартса...

Қазақстанның батыс аймағындағы электр желісін орталық аймақпен байланыстыру жоспарлануда. Соған орай «Батыс Пауэр» стансасында та­ғы да  2-3 турбина құрылысы бойынша инвестициялық бағдар­ламалар жасақталған. Жалпы бұл бағдарлама 2025 жылға де­йін жарамды, бірақ компания басшылығы оны қайта бекітіп, мерзімін 2030 жылға дейін ұзартпақ. Ендігі үміт осы инвестбағдарламаларда болып отыр.

Тағы бір мәселе кәсіпорынға негізінен білім-біліктілігі жоғары инженерлер, электриктер, механиктер, зауыт жұмысшылары, желілік операторлар же­тіспейді. Қазіргі таңда штатта 65 қызметкер болса, соның ішінде 10 адам – жергілікті  тұрғындардан. Ұжымдағы қызметкерлердің айлық орташа жалақысы шамамен 350 мың теңге көлемінде. Компанияның жеке оқыту бағдарламасы бойынша жаңадан келгендерді екі жылдан бастап өте ұзақ уақыт бойы оқытады. Оның себебі түсінікті де, өндірістік үрдісте аутоматтандырылған, жоғары технологиялы және механикалық жабдықтар қолданылады. Оларға  кез келген энергетиктің «тісі» бата бермейді.

Қорыта айтар болсақ, «Батыс Пауэр» ЖШС компаниясының қуаты 100 МВт стансасы «KEGOC» АҚ желілеріне технологиялық тұрғыдан қосылған, бұл Ресейге және Қазақстанның басқа аймақтарына электр энергиясын сатуға мүмкіндік береді. Батыс өңірдегі бұл компания ең қуатты компаниялардың бірі болып табылады. Аталмыш стансаның іске қосылуы Батыс Қазақстан облысындағы көп жыл бойы қалыптасқан 30-40 МВт электр энергиясының тапшылығын толығымен жабуға мүмкіндік берді. Енді станса аумағында екінші қондырғы іске қосылса, Оралдың жаңа шағынауданын жылумен қамтуға жол ашылады. Алдағы кезде «Батыс Пауэрдің» электр өндіруші компания ретінде алдыңғы орындарға шығатынына сенім бар.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале