7.11.2024, 12:30
Оқылды: 152

«Үлкен арман керек екен адамға» – Мөлдір Сайлау

Әлемде білім іздеп, жаңа мәдениетке жол тартқан қазақ жастары аз емес. Бұл жол – армандарға жетелеп, жаңа белестерді бағындыратын күрделі де қызықты сапар. Түркияда білім алып жүрген Мөлдір Сайлаудың әңгімесі – осының айқын дәлелі.

IMG_1009

– Мөлдір, алдымен өзіңіз туралы, балалық шағыңыз бен өскен ортаңыз жайында баяндап берсеңіз...

– Мен 2004 жылы Орал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Балалық шағым да осы шаһарда өтті. Осы қаладағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің түлегімін. 8-сыныптан бастап ұстазым Саида Әділгерееваның жетекшілігімен география пәні бойынша олимпиадаларға қатысып, қалалық, облыстық және республикалық сайыстарда жүлдегер атанып жүрдім.

– Бүгінде қандай мамандық бойынша білім алудасыз? Неліктен бұл мамандықты таңдадыңыз?

– Қазіргі таңда Түркия елінің Эскишехир қаласында орналасқан Анадолы университетінде туризм менеджменті мамандығы бойынша білім алудамын. Бұл мамандықты таңдаудағы басты себеп – Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмін дамыту. Елімізде көбі біле бермейтін, қарасаң көзің тоймайтын керемет сұлу жерлер бар. Өкінішке қарай, туризм бағытында дамыта алмай отырмыз. Шетелден туристер тартып, елдің экономикасының дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

– Неліктен студенттік шағыңыздың Түркияда өткенін қаладыңыз? Бұл елде оқуға не себеп болды?

– Негізінде, 11 сынып оқып жүргенімде Ұлттық бірыңғай тестілеуден 128 балл жинаған болатынмын. Қазақстанның үздік университеттерінің бірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың туризм факультетіне грантқа түсіп тұрдым. Сондайақ Түркияның «Türkiye Bursları» атты стипендиялық бағдарламасы бойынша грант иегері атандым. Туризм саласы бойынша Түркия әлемдегі жетекші елдердің қатарында болғандықтан, осы жақта оқуды жөн көрдім. Түрік халқы, мәдениеті және тілі бізге ұқсайды, жатсынбай жүресің.

– Түркиядағы студенттердің күнделікті өмірі қандай?

– Күнделікті өміріміз түрік таңғы асынан басталады. Өзіме түріктердің таңғы ас мәдениеті қатты ұнайды. Университетте барлық сабақтарды түрік тілінде оқимыз. Сабақтан тыс қаламыздың «Қазақ студенттер қауымдастығында» белсендімін. Мысалы, жуырда қаламызға жаңадан келген қазақ студенттердің танысу кеші өтеді. Соған қызу дайындық үстіндеміз.

– Түрік тілін меңгеру қаншалықты қиын болды? Үйрену барысында қандай тосқауылдарға кезіктіңіз?

IMG_1010

– Жеке өзіме түрік тілін үйрену аса қиын болған жоқ. Сандар, сөздер, сөздердің жасалу жолдары, сөйлем құрылысы қазақ тіліне ұқсайды. Түбі бір түркі халықтарымыз ғой бәріміз. Алғаш оқуға келген сәтте бір жыл түрік тілі курсын оқыдық. Сол кездерде академиялық деңгейде сабақтар түрікше өткендіктен, әр пәнді қазақшаға аударып, түсініп оқу қиын болды. Тіл курсында көптеген елден жиналған түрлі ұлт өкілдері оқиды. Талай қызықты естеліктер, бақытты сәттер есте қалды.

– «Erasmus+» бағдарламасымен Еуропада оқып келген екенсіз. Ол жақтағы студенттік өмір несімен жадыңызда сақталды?

– Иә, аталған бағдарламамен Еуропаның Португалия елінің Порту қаласында 5 ай оқып келдім. Ол жақтағы студенттік өмірім Еуропаның 10 елін саяхат қоржыныма салып берді. Ұстаздар бізді досындай көретін, өзімен деңгейлес тұлға ретінде қарайтын. Түрлі елдерден жиналған көп жастармен таныс болдым. Жалпы, бұл сапарда жолыққанның бәрі жаныма сондай ыстық, өмірімде өшпес із қалдырды.

– Бұл бағдарламамен шетелде оқу үшін сізге қандай талаптар қойылды? Жалпы, ондағы білім жүйесі біздегіден несімен ерекшеленеді?

– «Erasmus+» бағдарламасы сіздің Еуропадағы 5 айлық өмір сүруіңізге жеткілікті қаржы, яғни стипендия бөледі. Ол үшін университеттегі бағаның орташа шамасы (GPA балл) жоғары болуы шарт. Сондайақ ағылшын тілінен емтихан тапсырып, шекті балды жинап шығуыңыз керек. Білім жүйесіне келер болсақ, Еуропада әлдеқайда дамып кеткен. Практика мен топтық жұмысқа көбірек көңіл бөледі. Шынайы жобалар қорғап, оны өмірде жүзеге асыру мен үшін өте қызық болды. Профессорлар аудиторияда отырған 60 студенттің атыжөнін жатқа біліп, бізбен досындай әңгімелесетін. Студент пен ұстаздың арасында ерекше байланыс болатын. Баға емес, сапа үшін оқитынбыз. Тіпті, менің тобыммен жасаған жобам ұстаздар тарапынан Еуропаның студенттік ассоциациясына қолдау алу мақсатында жіберілді.

– «Тіл білгенге жол ашық» деп тегін айтылмаса керек. Ағылшын тілін қайдан, қалай үйрендіңіз?

– Иә, тіл үйрену – адамның ойөрісін кеңейтетін, жаңа мәдениет пен дүниетанымға жол ашатын процесс. Және оның артықшылықтары өте көп. Өзім ағылшын тілін мектеп кезінен жетік білетінмін. 7сыныптан бастап Орал қаласындағы «Destination» тіл орталығына барып жүрдім. Тіл білу арқылы қандай жетістіктерге жетуге болатынын білген соң, талмайтынбай оқыдым, іздендім. Нәтижесіне ризамын.

– Қазіргі таңда студенттерге Түркияға оқуға түсуге көмек береді екенсіз. Бұл елдің оқу грантын жеңіп алу үшін түлектер не істеуі керек?

– Түркияда оқығысы келетін түлектер «Türkiye Bursları» бағдарламасына өтініш жіберуі керек. Бәрі онлайн түрде. Бағдарламаның арнайы сайты бар. Үміткерлер өздері туралы, жетістіктері туралы сайттағы сауалнаманы толтырып, жыл сайын қаңтар айында өтініш жібереді. Бірінші кезеңнен өткен үміткерлер, екінші кезеңге қатысу үшін Астана немесе Алматы қалаларына сұхбаттасуға барады. Қорытындысы шілдетамыз айында жарияланып, әрі қарай студенттер оқуға құжаттарын дайындайды.

– Рақмет, Мөлдір! Түлектерге, шетелде оқимын, білім қуамын деген жасқа талпыныс беретін сұхбат болған секілді. Өзіңіздің замандастарыңызға мерекелік тілегіңізді жолдасаңыз...

– Дүниежүзілік жастар күні құтты болсын! Еліміздің көркеюіне, өсіпөркендей беруіне бірге үлес қосайық! Білім, ғылым жолында аянбай тер төгейік! Еліміз бізбен, біз елімізбен мықтымыз.

• «Erasmus+» бағдарламасы – Еуропалық одақтың (ЕО) жоғары білім, жастар және спорт салаларындағы алмасу және ынтымақтастық бағдарламасы. Ол студенттерге, оқытушыларға, зерттеушілерге және жас мамандарға Еуропа елдерінде білім алу, тәжірибе жинақтау, зерттеулер жүргізу және мәдени байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаға қатысу үшін студенттің үлгерімі жақсы болуы керек, сондайақ тілдік және академиялық талаптарға сай келуі қажет. Бағдарламаның барлық шарттары университетке байланысты өзгеруі мүмкін, сондықтан әрбір жоғары оқу орнының «Erasmus+» бөлімі арқылы нақты талаптармен  танысу   ұсынылады.

«Erasmus+» бағдарламасы әлемнің әр түкпіріндегі студенттерге халықаралық білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, Еуропа мен әлем  арасындағы мәдениетаралық байланыстарды нығайтады.

«Türkiye Bursları» (Түркия стипендиялары) бағдарламасы – Түркия Республикасы тарапынан шетелдік студенттерге ұсынылатын толыққанды стипендиялық бағдарлама. Бұл бағдарлама арқылы Түркияның жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде тегін білім алу мүмкіндігі беріледі. «Türkiye Bursları» әлемнің әртүрлі елдерінен студенттерді қабылдап, білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Бағдарлама оқу ақысы, жатақхана, ай сайынғы шәкіртақы, медициналық сақтандыру және жол шығындарын толықтай қамтиды. Бұл студенттерге қаржылық қиындықсыз білім алуға мүмкіндік береді.

Сұхбаттасқан Жанерке Ғинаят

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале