13.11.2024, 12:01
Оқылды: 155

Бруцеллез індетіне тосқауыл табыла ма?

Бруцеллез (сарып) – бүкіл әлемде таралған, жануардан адамға берілетін аса қауіпті індет. Адам бұл ауруды сүт, ірімшік, қаймақ, ет сияқты мал өнімдерін тұтыну арқылы жұқтырадыБұл індеттің алдын алу мен одан сақтанудың жолы қандай?

«Барлық мүшені зақымдап, мүгедектікке апаруы мүмкін қауіпті ауру»

–  Бруцеллез – торша  капсула ішінде мекендейтін қоздырғыш. Сондықтан оған ешқандай дәрілер, антибиотиктер, басқа да химиялық немесе биологиялық препараттар әсер ете алмайды. Торшаның ішінде көбейген соң сыймай бұзып шығады, сондықтан ауру адамды екі рет ауруханаға жатқызып, антибиотиктер арқылы ауруды бәсеңдетеді. Ал ауру жұққан мал міндетті түрде санитарлық союға жіберіледі. Нобель сыйлығының иегері болған француз дәрігері Шарль Николь 1928 жылы: «Бруцеллез – адамға бақытсыздық, дәрігерге абыройсыздық әкелетін сырқат» деген.
Оның бұл сөзіне жуырда ғасыр толады, бірақ әлі мәнін жойған жоқ, – дейді облыстағы ветеринария және биотехнология ғылыми зерттеу орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсәтіров.

Ғайса Әбсатыров2

Профессор бруцеллездің емі табылмаған ауру екенін айтты. «Әсіресе жастарға қауіпті. Адамды бедеулікке ұшыратып, тірек қимылынан айырып, жүйкені зақымдап, соңында мүгедектікке апарады. Ешқандай тиімді емі жоқ» дейді ғалым.

Былтыр елде қанша малдан бруцеллез анықталғаны белгісіз. Бұл деректі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен сұратқанымызда, ведомство №ЖТ-2024-05359189 хатында ел бойынша бруцеллез малдың статистикасы ішкі бұйрықтарына, «ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 1 қарашадағы №360 бұйрығы бойынша «ҚБП» белгісімен шектелетін қызметтік құжаттардың тиіс-ті тізбелерінің 8-тармағының 7-тармақшасына сәйкес қызметтік пайдалануға арналған құжат және жариялауға жатпайды» деп жауап берді. Ал сарыпқа шалдыққан адамдардың нақты дерегі ашық жарияланбайды.

Батыс Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамен-тінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың 9 айы ішінде облыста 30 адам сарып індетін жұқтырған. Оның алтауы – балалар. Таратып айтсақ, Ақжайық ауданында 17 адам, ал Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Тасқала, Сырым аудандарының әрқайсысында 2 жұқтыру дерегі, Орал қаласында, Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарында 1 деректен тіркеліп отыр. Яғни 100 мың халыққа шаққандағы ауру көрсеткіші – 4,3 %.

Департамент дерегінше, тіркелген барлық жағдайда да жұқтыру көзі − ауру мал. Барлығы малды күту кезінде, мал төлдетуге және түсік тастау кезінде көмектесу арқылы жұқтырған.

–  Бруцеллез – барлық жүйелер мен ағзаларды зақымдайтын инфекция. Сондықтан оны диагностикалау өте қиын. Мысалы, науқастың буындары ауырып, ревматикалық белгілер байқалуы мүмкін. Немесе тыныс алу жүйесінен ауру белгілері пайда болып, сондай-ақ жүйке жүйесіне әсер етіп, нейробруцеллез тудыруы ықтимал. Павлодар облысында осындай жағдай болған. Бруцеллездің белгілері әртүрлі болғандықтан, дер кезінде анықтау өте қиын. Науқастың жағдайын дұрыс талдау өте маңызды – қайда тұрады, жануарлармен байланысы бар ма? Шикі ет жеді ме? Тіпті пастерленбеген сүттен жұғуы мүмкін. Осы сұрақтарды науқасқа қою керек, бірақ дәрігерлер әрдайым дұрыс диагноз қоя бермейді, – дейді молекулярлық биология және вирусология ғылымдары саласы бойынша PhD, иммундау және жаһандық денсаулық мәселелері бойынша кеңесші Әсел Мұсабекова (суретте).

Әсел Мұсабекова

Бруцеллезбен  күрес қалай  жүріп  жатыр?

Қазір Қазақстандағы бруцеллез ауруымен бірден-бір «күресу» жолы – диагностикалық зерттеулер оң нәтиже көрсеткен жануарларды уақтылы мал сою орындарына тапсыруды ұйымдастыру. Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының хабарлауынша, бруцеллезге қарсы профилактикалық вакцинациялау шаралары 2007 жылдан бері жүргізілмейді.

Батыс Қазақстан облысында бруцеллездің диагностикалық зерттеу жұмыстарын ҚР АШМ ВҚжБК-ның «Республикалық ветеринариялық зертхана» облыстық филиалы жылына екі рет – көктем мен күзде жүргізеді. БҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, 2024 жылы БҚО-да бруцеллезге  812 120  мүйізді ірі қара мен 1 365 700 ұсақ мал, 1 049 түйе, 376 шошқа, 1 420 итті  зерттеу жоспарланған.

БҚО-да 2024 жылдың 9 айында бруцеллез ауруына 620,6 мың ірі қара зерттеліп (96%), 4 836 малдан бруцеллез анықталған. Ал ұсақ мал арасында күні бүгінге 1019,4 мың бас зерттеліп (92%), 1115 қой-ешкіден инфекция табылған. 863 түйе зерттеліп (82%), 8 бастан ауру шыққан (мақалада осы жерге 2021-2023 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасы ұсынған үш жылдық статистика кестесі орналастырылады). 

Жануар 2021 жыл 2022 жыл 2023 жыл
 

Сиыр

Зерттелгені 762,5 мың 759,7 мың 782,5 мың
Бруцеллез анықталғаны 6490 5045 4141
Қой-ешкі Зерттелгені 1 418,0  мың 1 396,1 мың 1 377,2 мың
Бруцеллез анықталғаны 1763 788 793
Түйе Зерттелгені 957 979 1013
Бруцеллез анықталғаны 15 11 20
Ит Зерттелгені 1275 1270 1320
Бруцеллез анықталғаны 47 61 26

 БҚО-да  бруцеллез  анықталған  жануарлар  статистикасы

 (деректер  БҚО  ветеринария  басқармасынан  алынды)

 Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірде бруцеллезді диагностикалау бойынша бағдарламалары мен шаралары қолға алынған. Бірақ ветеринария және биотехнология ғылыми зерттеу орталығының директоры, в.ғ. докторы, профессор Ғайса Әбсәтіров бұл індетпен күресетін тұрақты жүйе жоқ дейді.

– Ауыл шаруашылығы министрінің күресу ережесі көрсетілген 2015 жылғы №7-1/587 бұйрығы да, 2019 жылғы №206 бұйрығы да сондай түсініксіз

жазылған, яғни біздер, ғалымдар,  әрең түсінеміз. Ал ауылдық округтердегі мал дәрігерлері түсіне бермейді. Бұл мәселелерді қанша көтерсек те, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, соның ішінде Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті назар аудармай тұр. Тіпті бұл комитеттің төрағасы тағайындал-мағалы бір жылдан асты. Жергілікті мамандар лайықсыз десе, шетелден алдыру керек. Бір республикалық ұйым бұл індетпен күресуді нақты қолға алуы керек, – дейді өңірдегі  ветеринария және биотехнология ғылыми зерттеу орталығының директоры, ветеринария  ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсәтіров.

Бруцеллезбен  күрес неге  қиын?

Бруцеллез қоздырғышының бірнеше түрі бар. Иттерде – бруцелла канис (Brucella canis), қой мен ешкіде – милитензис (Br. melitensis), сиырда – абортиус (Br. abortus bovis), қошқарларда, аталық малда – бруцелл ловис, шошқада – абортус суис (Br. abortus suis). Ең қауіптісі – қой мен ешкіде кездесетін инфекция.

– Ауылда қой-ешкі де, ірі қара да бір бағытта жайылады. Иттер де бірге жүреді. Бәрі бір-біріне жұқтырады. Иттерде көп кездеседі. Себебі төлдеу маусымында олар малдың шуын (плацента), түсікті жейді. Малмен бірге жатып, бір астаудан су ішеді. Мал іш тастаса, бруцеллезбен ауыратынын білдіреді. Мал иелері оны жасырады, түсікті зертханаға тапсырмайды. Ол малды етке тапсырмайды, өзіне қалдырады. Ал ауру мал үш айға дейін нәжісі арқылы қоздырғыш шығарып, бүкіл айналаны бүлдіреді. Өріске шықса, түгел жайылысқа инфекция таратады. Осындай жағдайлар бруцеллезден сауықтыруға үлкен кедергі, – дейді Ғайса Ғарапұлы.

Ғалымның айтуынша, қоздырғыштың даму тізбегінің өз заңдылығы бар. Біріншісі – аурудың қоздырушысы, көзі. Екіншісі – берілу тетігі, механизмі. Үшіншісі – бейімді жануарлар. Осы тізбекті үзбей індет тарала береді, тыйылмайды. Біздер соған тосқауыл қоя алмай отырмыз.

– Біріншіден, қоздырғышты жою үшін уақытында анықтау керек. Бізде статистикалық мәліметтер дұрыс емес. Сала мамандары арасында мал санағында 2 млн ірі қара, 3 млн қой жетпейтіні айтылып жүр. Ал қан алғанда электронды базаға – Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесіне  (https://iszh.gov.kz) қосылу керек. Жануар сол базада болса ғана зертханалар қабылдап, зерттейді. Жүйеге келсек, дер кезінде диагностика жетіспейді. Базаны күтіп жүргенде қан қалады, мал жайылымға шығып кетіп, жайылымды бүлдіреді.

Екіншіден, берілу тетігін үзу үшін залалсыздандырып, дезинфекция жасау керек. Жеке мал иелері де, фермерлер де оны жасамайды. Механикалық тазарту керек. Ауру мал тұрған қораның көңін шығарып, мал дәрігерлері дезинфектантпен өңдейді. Ол да уақытында жасалмайды.

Үшіншіден, ауруға бейім жануарларды қорғау керек. Ол тек вакцина арқылы жасалады. 2007 жылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымына кіреміз деп вакцинаны тоқтатты. Содан кейін әлі ретке келмеді. Одан бұрын бруцеллезге қарсы вакциналар бюджет тарапынан қаралды, берілді, егілді. Қазір жаңа ереже бойынша – вакцина қолдануға болады, бірақ ол қандай вакцина, қалай егіледі – мал иесінің құзыретінде. Ол дұрыс емес. Қазір көбіне «RB-51» қолданады. Бұрын «82» қолданып жүрді. «Штамп-19», «75/79» деген вакциналар болды. Бұрын бруцеллездің вакциналары 850 теңге болса, қазір 1500 теңгеге жетті. Оған біреудің қолы жетеді, біреудің қалтасына соғады. Вакцинаның маңызын түсінетін фермерлер не табады, соны егеді. Көбінің малы егілмей қал-
ды, – дейді ғалым Ғайса Ғарапұлы.

Қолданыста қазақстандық вакцина  бар  ма?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен бруцеллезге қарсы қандай вакцина қолданып жатқанын сұраған хатымызға мардымды жауап келмеді.

«Бруцеллезге қарсы вакцина Қазақстанда немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген болуы және www.oіe.іnt сайтында жарияланған Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы ұсынған тізімде болуы тиіс. Бруцеллезге қарсы вакцинаны таңдауды және бруцеллезге қарсы вакциналарды сатып алу және оларды қолдану жануарлар иелерінің есебінен жүзеге асырылады», – деп жауап берді комитет төр-ағасының міндетін атқарушы Самат Төлегенов.

– Қазақстандық ғалымдар бұрын векторлық вакцина шығарған. Бірақ екі рет егу керек болған соң тиімсіз болды. Көлемді өндірістік зерттеу де жүргізілген жоқ. Біз ауру өршіп тұрған аймақтарға жіберуін сұрадық, жібермеді. Қазір ол вакцина нарықта кездеспейді. Бұрын қойларға арналған ресейлік «Каз-24» деген вакцинаны Тасқала ауданында сынап көрдік, – дейді в.ғ.докторы, профессор Ғайса Ғарапұлы.

Соңғы жылдары қазақ-стандық ғалымдар әзірлеген Brucella abortus инфекциясына қарсы жаңа вакцина жайлы ғаламторда аздаған ғылыми мақалалар болмаса, көп мәлімет жоқ. Оның клиникалық зерттеулері қандай нәтиже берді, вакцинаның қандай артықшылықтары бар, әсіресе буаз жануарларды қорғауда тиімділігі туралы мәліметтер бар ма? деген

сауалдарымызды ҚР  Ауыл шаруашылығы министріне жолдадық. Министрліктің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бізге берген мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан аумағында бруцеллез ауруына қарсы бірнеше вакцина тіркеліп, өндіріліп жатыр.

Оның бірі – «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС «ірі қара бруцеллезіне қарсы Brucella abortus 19 штамынан коньюктивальды қолдануға арналған «BRUCON» тірі құрғақ вакцинасы» мен «Конъюктивалық қолдану үшін Brucella melitensis Rev-1 штамынан қой мен ешкі бруцеллезіне қарсы тірі құрғақ «BRUVAC» вакцинасын» өндіреді. Еске сала кетсек, «Антиген» ЖШС-ның аты коронавирус инфекциясына қарсы QazVac вакцинасының айына 1 млн дозасын өндіре алады деп танымал болған. Аталған мекеменің сайты төрт жылдан бері жаңармаған. Бірақ шығаратын өнімдері бөлімінде ірі қара мен ұсақ малдағы бруцеллезге қарсы вакциналар өндіріледі деп көрсетілген.

Қазақстан аумағында ветеринариялық препараттардың сапасын комитеттің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РКК жүргізеді. Бұл орталықтың ұсынған мәліметінше, «Ірі қара бруцеллезіне қарсы Brucella abortus 19 штамынан коньюктивальды қолдануға арналған «BRUCON» тірі құрғақ вакцинасы» тіркеу сынақтары жүргізілуде. Алайда жоғарыдағы «Антиген» ЖШС сайтында бұл вакцина әлі сынақ күйінде деп тұрған жоқ, дайын өнім тізімінде тұр. Сондай-ақ ғылыми мақалалар қатарынан қазақстандық ғалымдардың бруцеллезге қарсы, нақтырақ айтқанда, Brucella abortus бактериясына қарсы әзірленген RK-VP-1-3775 немесе Flu-BA деп аталатын вакцинасы жайлы ақпаратты көзіміз шалды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінен 2019 жылы тіркеуден өткен және Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген бұл вакцинаның сынақтан өткен не өтпегенін сұрадық. Министрліктің мәліметінше, мүйізді ірі қараның бруцеллезіне қарсы бұл векторлық вакцина алғаш 2019 жылы 14 қаңтарда тіркеліп, РҚ-ВП-1-3775-19 тіркеу куәлігі берілген. Өндіруші – ҚР ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК. Бірақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 7-1/31 бұйрығына сәйкес, алғаш рет тіркелетін (жаңа, жетілдірілген) ветеринариялық препараттарға, азықтық қоспаларға сертификат 5 жыл мерзімге беріледі. Ол мерзімнен кейін оларды қайта мемлекеттік тіркеу рәсімі жүргізілгенде мерзімсіз тіркеу куәлігі беріледі. Ал Flu-BA деп аталатын жаңа вакцинаның уақытша тіркеу мерзімі аяқталған, өндіруші қайта мемлекеттік тіркеу рәсімін жүргізуі тиіс.

«Халықтың бруцеллез жайлы түсінігі дұрыс қалыптаспаған»

Ауыл халқының біраз бөлігі малынан алынған сынамада бруцеллез табылды деген хабарға сенбейді. Бұл жайлы ветеринария және биотехнология ғылыми зерттеу орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсәтіровтің пікірін білдік.

– Жеке мал иелері «Мал дәрігерлері әдейі жасап, еттің жоспарын орындау үшін малымызды бруцеллезге шығарып жатыр» деп көп айтады. Індеттің қатерін жеткілікті түсіне бермейді. Мал дәрігерлері де дұрыс түсіндіре алмайды. Ауыл халқын жинап, ауру жайлы толыққанды түсіндіретін жиындар өткізбейді. Қандай қауіпті ауру екенін презентациялар арқылы түсіндірсе ғана халыққа ақпарат жетеді. Тығыз байланыста болуы тиіс сол екі тарап бір-біріне қас, – дейді қоғамдағы жағдай жайлы Ғайса Ғарапұлы.

Ғалымның айтуынша, сүт өнімдерінен бруцеллез жұғу қаупі – 100%. Ең қауіптісі – ешкі сүті. Сиырдың сүтін, қаймағын, ірімшігін тексерілген сауда сөрелерінен ғана алу керек. Пісірмей ішуге болмайды. Соңғы кездерде жылқының саумалы танымал. Оны да тексермей ішпеу керек. Арнайы орындар болмаса, жабайы базарлардан, көшеден сүт өнімін алмаған абзал.

– Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында бруцеллез қойдың етінен кәуап жасап жұқтыру дерегі болды. Мал сойғанда ешкім қолғап кимейді, қолдағы жарақат арқылы инфекция жұғады. Жәрмеңкелердегі, далада өтетін іс-шараларда пісірілетін кә-уаптардың еті қайдан келгені белгісіз болады. Шала да-
йындалған, қаны қалып піскен стейк сәнге айналды. Ол еттің сертификаты болмаса қауіпті. Қала ішінде шағын ет дүкендері көбейіп кетті. Ондағы еттің ветеринарлық куәлігін кім тексеріп жатыр? Кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғалы ауру өршіді. 2016-2023 жылдары аралығында жүзден астам адамға сібір жарасы жұғып, бес адам көз жұмды. Бруцеллезбен ауырған адам, өкінішке қарай, мүгедек болады. Қимыл-қозғалысы шектеліп, жатып қалған адам қаншама? Кейбір облыстар бруцеллезге шалдыққан мал жоқ дейді, бірақ ауру жұқтырған адам көп. Мал ауырмаса, қайдан жұғады? Яғни, жағдайды жасырады.

Иммунохроматографиялық талдау көрсететін жедел тесттер бар, соны пайдаланған дұрыс. Ол жедел тесттер бруцеллезді анықтаудың халықаралық стандарттарына кірген. Елге әкелінбей отыр, Астанадан ғана табуға болады. Оның кең таралғаны республикалық зертханалар үшін тиімсіз, себебі диагностикаға қомақты қаражат бөлінеді. Жедел тесттер 400 теңгенің айналасында, яғни қолжетімді әрі көрсеткіші зертхана қорытындысынан кем емес. Қанға, қанның сарысуына, сүтке де батыру арқылы да нәтижені білуге болады. Бір сызық болса – таза, екі сызық – ауру, – дейді Ғайса Ғарапұлы.

Ғалымның айтуынша, жедел тест арқылы фермерлер сатып алатын малын бірден тексеріп алуына болады. Мәселен, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тексермей сатып алынған асыл тұқымды бір бұқа кесірінен шаруашылық пен түгел ауылдың жануары ауруға ұшырайды.

– Атырау облысының Сарайшық ауылында асыл тұқымды ешкі фермасы болды. Тексерілмеген ешкі алып, нәтижесінде 1300 ешкі пышаққа ілінді. Фермада жасайтын 5 адамға бруцеллез жұғып, 50 адам жұмыссыз қалды. 850 млн теңге несие ферма иесінің мойнында қалды. БҚО-дағы ірі фермада 240 асыл тұқымды сиыр союға кетті. Кеше бір фермер хабарласты: шаруашылыққа 100 асыл тұқымды сиыр әкелген, 18-інен бруцеллез шыққан. Мұның бәрі штатта мал дәрігері болмағандықтан. Қазір фермерлікпен айналысқысы келетін адамдардың көбі малым індетке шалынып, несиемді өтей алмай қаламын деп қорқатын болды, – дейді ғалым, «Батыс Қазақстан облысының ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлесті-гінің төрағасы Ғайса Ғарапұлы.

Бруцеллезден құтылудың жолы қандай?

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) мәліметінше, бруцеллез Таяу Шығыста, Жерорта теңізі аймағында, Сахараның оңтүс-тігіндегі Африкада, Қытайда, Үндістанда, Перуде және Мексикада байқалады. Қазіргі уақытта Орталық және Оңтүстік-Батыс Азия елдерінде ең көп өсуі байқалады. Ал Батыс және Солтүстік Еуропаның елдері, Канада, Жапония, Австралия және Жаңа Зеландия бруцеллезден құтылған елдер деп саналады.

Бұл ретте Жаңа Зеландияның тәжірибесі назар аударарлық. Жаңа Зеландия 1996 жылы бруцеллезді жеңгенін хабарлады, елде содан бері бірде-бір бруцеллез індеті анықталмаған. Бұл ауру соңғы рет 1988 жылы тіркелген. Елдегі биоқауіпсіздікке жауапты өнеркәсіп министрлігі 1993 жылы малдан адамға жұғатын ауруларды жою, анықтау, алдын алу мен басқару бойынша заң қабылдады. Оған сәйкес, фермерлер мен жануарға жауапты ұйымдар және адамдар елдегі барлық ірі қара мал мен бұғыларды тіркеуге міндетті. Елде малдан індет жұқтырды деген күдік туған жағдайда оны хабарлау мен бақылау жүйесі жақсы жолға қойылған. Заң бойынша кез келген жаңазеландиялық жануарда инфекция немесе экзотикалық аурумен ауырады деп күдіктенсе, оны сенім телефонына хабарлай алады. Ондай жағдайда Өнеркәсіп министрлігінің арнайы тобы зерттеу жүргізіп, референт зертхана диагностика жасайды. Одан бөлек Өнеркәсіп министрлігімен келісімшарты бар жекеменшік зертханалар ветеринарлар жіберген сынамаларды зерттейді. Сонымен қатар импортталатын етті тексеру шаралары қатаң жолға қойылған.

Жаңа Зеландияның Өнеркәсіп министрлігі малды бауыздағанға дейін түрлі ауруға тексеруге міндеттейді, бауыздалған соң ет тексерілуі керек.

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері арасынан бруцеллез ең көп таралған елдер деп Қырғызстаннан кейін Қазақстан аталады. Мысалы, Ставрополь обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының биылғы бруцеллезге қатысты әлемдегі эпидемиялық және эпизоотиялық жағдайға жасаған сараптамасында  Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде орташа алғанда бруцеллез жұқтыру 100 мың адамға шаққанда 15-16 жағдай тіркелетін Қырғызстаннан кейін екінші орында Қазақстан (14,0-15,0 жағдай) екенін атап өтеді. Сараптамада Қырғызстанда соңғы онжылдықта орта есеппен жылына 900 адамға жұғу дерегі тіркеліп отырғаны айтылады. Ал 2023 жылы Қазақстанның Абай, Жетісу, Қостанай облыстарында адамға жұғу 10-40%-ға артқан.

– Бруцеллезден толық құтылу үшін алдымен қатаң заң мен ереже керек. Бұрын Ресейде бруцеллез анықталса, карантин жарияланатын. Ол ошақтан ешқандай мал өнімін шығармайтын. Бізде де жағдай ұқсас, карантин емес, тек шектеу. Шектеудің талаптары жұмсақ болғасын ауру тарала береді. Екіншіден, вакцинаны мал иесінің еркіне қалдырмай, міндеттеу керек. Бір рет егу жануарды әрдайым сақтамайды. Жануар бруцеллездің вакцинасын жыл сайын қабылдауы тиіс, – дейді ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әб-сәтіров.

Молекулярлық биология және вирусология ғылымдары саласы бойынша PhD, иммундау және жаһандық денсаулық мәселелері бойынша кеңесші Әсел Мұсабекованың пікірінше, бруцеллезді тоқтатудың жолы – біртұтас денсаулық тәсілі. «Бұл тәсілде біз адамның денсаулығын сақтай отырып, жануарлардың және қоршаған ортаның денсаулығын ұмытпауымыз керек. Бруцеллез – тек біртұтас денсаулық тәсілімен жеңуге болатын ауру. Неге десеңіз, ең негізгі әдіс – бруцеллез бар аймақтарда жануарларды жаппай вакцинациялау. Аурудың таралу тізбегін солай ғана тоқтатуға болады. Бруцеллезден экономикалық шығын жоғары. Жануарларға қамқорлық жасау арқылы біз инфекцияны адамға жұқтырудың алдын аламыз. Сондықтан ең маңызды қадам – жануарларды вакцинациялау. Бұл туралы көп айту керек және осы процесті қатаң бақылауға алу қажет», – дейді Әсел Бейсенбекқызы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) бруцеллездің алдын алу мен бақылау жайлы ұсынбасында,  ең алдымен, вакцинация стратегиясын енгізуді алға тартады. Сүт пастерилизациясы мен ет өңдеу, соның ішінде жануарлардың ішкі мүшелері мен түсікті, өлексені утилизациялау стратегиясының аса маңызын, еңбек гигиенасы мен лабораториялық қауіпсіздік шараларын реттеуді айтады.

ДДСҰ мен отандық сарапшылардың пікірінен шығатын шешім – Қазақстандағы бруцеллез індетін шешетін кілт – вакцинация. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бізге берген мәліметінше, жойылған малдың өтемақысы ретінде оның орташа нарықтық құны бойынша 30% мөлшерінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен, ал 70%-ын өнімі мен шикізатын қайта өңдеу ұйымы төлейді. Сондай-ақ бруцеллез ауруын анықтау үшін жыл сайын республикалық бюджет есебінен диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Бірақ вакцинация мал иелерінің еркіне қалдырылған. Сарыпқа қарсы вакцинациялау дұрыс жолға қойылмаса, оған бюджеттен қаржы бөлінбесе, себеппен емес, салдарымен алысып жүре беретініміз анық.

Нұрлыбек  Рахманов,
«Жайы
қ Пресс» медиахолдингі бас  директорының орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале