Облысымызда 24 мың мүгедектігі бар адам бар. Солардың тек бір пайызы ғана БҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубына тіркелген. Яғни спортты жанына серік еткендер өте аз. Осы көрсеткішті көтеру мақсатында аталмыш клуб пен федерация өкілдері аудан-ауылдарға шығып, мүгедектігі бар жандарға арналған жаңа әрі қолжетімді спорт түрлерін көрсетіп, насихаттап жүр. Таяуда осындай іс-шара Переметный ауылында да өтті.
Бәйтерек аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болған шеберлік сағатына спортқа етене жақын оралдық және бәйтеректік мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев байрақты бәсекелерде еліміздің, соның ішінде өңіріміздің намысын абыроймен қорғап жүрген мүгедектігі бар спортшылардың ауданға келіп, шеберлік сағаттарын өткізуі үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы ұстанған саясатқа сәйкес, біздің қоғам ешкімді бөліп жармайды, - деді Ерлан Ерсайынұлы.- Әсіресе мүгедектігі бар жандардың толыққанды өмір сүруіне, еңбек етуіне, спортпен айналысуына барынша жағдай туғызылуда. Бүгінгі іс-шара соның бір айқын дәлелі».
Содан соң Оралдан келген қонақтар түрлі спорт түрлері бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Солардың бірі – Гүлсезім Арыстанғалиева. Сал ауруына (ДЦП) шалдыққан ол бүгінде бочча ойын жанына серік етіп жүр. Таяуда Астанада өткен республикалық жарысқа қатысып келген оның айтуынша, бұл спорт оған айтарлықтай күш-қуат береді, алдағы уақытта осы ойыннан жақсы жетістіктерге жеткісі келеді. Айта кетейік, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған бұл спорт түрі доппен ойналады. Онымен тұрақты айналысса, әртүрлі синдромы бар жанардың қимыл-қозғалысы қалыптасып, құлшыныстарын арттыруға оң нәтиже беретін көрінеді.
-Бүгін біз параолимпиадалық ойындарға кіретін үш спорт түрі бойынша шеберлік сағатын өткіздік. Олардың бірі бочча деп аталады. Арбаға таңылған жандарға арналған деген спорт түрі елімізде, соның ішінде облысымызда жақсы дамуда. Екіншісі, көзі көрмейтіндер үшін шығарылған голбол деп аталатын спорт гондболға ұқсайды. Тек мұнда спортшылар отырып ойнайды. Ішінде қоңырауы бар допты қарсыластың қақпасына салуы керек. Үшіншісі, парабадминтон – ол әлі елімізде дамыған жоқ. Соны батысқазақстандықтар алғаш болып қолға алып жатыр. Бұйыртса 2028 жылы өтетін параолипиадалық ойынға жерлестеріміз барып, парабадминтоннан және өзге де спорт түрлерінен ел намысын қорғайды деп сенеміз. Жалпы осынау іс-шарамызға бәйтеректіктердің белсенді қатысқаны қуантады,-деді өз сөзінде облыстық мүгедек спортшылар федерациясының басшысы Азон Шаймарданов.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы