Кісі есімдері өзін қоршаған әлеуметтік қоғаммен тығыз байланысты. Адамзат қоғамындағы қазақ есімдерінің мән-мағынасы, шығу тарихы осы уақытқа дейін маңызын жоймаған басты құндылықтардың бірі. Есімдеріміздің пайда болу тарихы – ұлттық кодымызды құраушы бөлшектерінің бірі. Қазіргі заман ағымына сай адамның өз есімінен бөлек лақап аттардың қолданылуы көптеп кездеседі. Осыған орай қазақ антропонимикасында қолданылатын лақап есімдердің қойылуының да өзіндік сипаттары мен себептері бар.
Сурет: pixabay.com
Қазақ есімдерінің шығу және пайда болу тарихы
Анторопонимика (гректің anthropos-адам,кісі және опота-ат, есім деген сөзі) деп адамдардың өзіне меншікті есімдерін, аты-жөнін, жалған, бүркеншік, лақап аттарын, ру аттарын зерттейтін ономастиканың тармағын айтамыз.
Антропонимика – тіл тарихын, ұлт мәдениетін зерттеуде құнды да бағалы мұра болып табылады. Антропонимдердің жүйесі адамдардың тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын, материалдық, рухани және мәдени өмірінің түрлі құбылыстарын көрсете алады. Есімдер мен атаулар – әр дәуірдің ескерткіші, ұрпақтан ұрпаққа жалғанатын құнды шежіре, ұлттық ерекшелігімізді әйгілей түскен тарих айнасы. Жер жүзі халықтарының бәрінде әрбір кісінің өзіне тән аты-жөні бар. Адамзат қоғамында есімі, аты жоқ адам кездесуі мүмкін емес.
Қазақ есімдері де санаулы жыл ішінде тосыннан пайда бола қалмаған. Оның өзіне тән тарихы, шығу, пайда болу жолы бар. Қазіргі есімдеріміздің ішінде сол ерте замандарда шығып, көненің қарт куәсі, жұрнағы ретінде өмір сүріп келе жатқандары да, орта ғасырға тән және жаңа дәуірде жасалғандары да көп. Әрбір кісі аты өзінің шыққан заманы мен дәуіріне, оның тілдік заңына тікелей байланысты. Соған орай олардың шығу себебін дәлелдейтін алуан түрлі тарихи жайлар мен сан қилы оқиғалар бары аян.
Халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген өмір жолында табиғат пен аңға, құсқа сыйыну, ай мен күнге табыну, хайуандардан ит, қасқыр, бұқа сияқтыларды тотем ету – бәрі кісі аттарының қойылуына әсер етпей қоймады. Осымен қатар, көрші-қоңсы елдермен араласу, шет елдермен байланыс жасау нәтижесінде тілімізге мыңдаған сөздермен қатар, кісі аттарының да еніп отырғаны мәлім. Қазақ халқының құрамына енген бөлек тайпалар пен рулардағы кісі аттарының сіңіп кетуінен болған субстрат, суперстрат құбылысы да антропонимдер құрамын едәуір байытқан. Халық антропономиясын байытудығы фольклордың орны тым ерекше. Ондағы кейіпкерлердің есімдері мен образдары бүінгі ұрпақтарға жетіп, өмірде, күнделікті тұрмыста әлі де кеңінен қолданылып жүр.
Жалпы кейіпкерлердің іс-әрекетінің есімдерімен сай келетінін көріп жүрміз. Демек, қазақ фольклорындағы кейіпкер есімдерінің құрылысы, тілдік ерекшелігі, образ тұтастығы көптеген тарихи жағдайларды ашып берері сөзсіз. Жер жүзі халықтары тарихында, олардың тұрмысы мен тіршілігінде ұқсас жәйттар көп-ақ. Ал тілдер тарихындағы байланыс пен ұқсастыққа келсек, бұл да жиі кездесетін құбылыс. Осындай ұқсастықтар антропонимия омірінен де байқалады. Олардың мағыналық кейде формалық жағынан ұқсас, үндес келіп отыруы кездейсоқ жай емес. Хайуандар мен аңдардың, құстар мен жәндіктердің, болмаса табиғат құбылыстарының аттарынан жасалған кісі аттары көптеген халықтарда бар және жиі кездесіп отырады.
Мәселен, Волков, Бугаев, Беркутов, Соколов, Козлов, Лисицин, Медведев орыс тілінде болса, Адольф, Вольфанг немістерде, Бөрі, Бөрібай, Итбай, Бұқабай, Қоянбай, Бүркіт қазақ,қырғыз, өзбек, түрікмен тілдерінде бар.Сондай-ақ, кейбір орыс, қазақ тіліндегі анропонимдердің айтылуы, формасы басқа болғанмен мағынасы ұқсас келетінін байқаймыз. Оны мына мысалдар анық көрсетеді.
Орыс тіліндегі Светлана, Света, Надежда, Любовь, Богдан, Злата, Серебрякова, Серебренников, Софья, Дамир, Лев секілді есімдер негізінде қазақ тіліне Сәуле, Үміт, Сүйімхан, Сүйкім, Құдайберген, Алдаберген, Алтын, Күмісбек, Дана, Бейбіт, Бейбітхан, Арыстан болып енген екен.
Қазақ антропонимдерінің құрылысы жаңарып, көбейе түсуі ислам дінінің тарауымен де байланысты болды. X ғасырдан бастап ислам діні қазақ даласының түкпір-түкпіріне тарап, мүмкіндігінше сіңісе бастайды. Сөйтіп, мұсылман дінінің ықпалы күшті болып, тұрмыстық, қоғамдық жағдаяттың барлық саласына әсерін тигізді. Бұл кездерде тілімізге мыңдаған сөздер мен сөз тіркестері, кісі аттары мен этнонимдер енді. Араб тілінен енген есімдердің көбеюі төл есімдеріміздің дамуына белгілі дәрежеде тежеу жасап, кедергі болды. Бірақ халық арасында төл сөзімізден есім қою дәстүрі кеңінен қолдау тауып отырғаны аян. Ал араб-иран тілдерінен енген есімдер болса, халық тілінде бастапқы тұлғасында айтылмай, аса қатты дыбыстық өзгеріске ұшырап, жаңа формаға ие болып отырды. Қазақ есімдері әсіресе XV-XVIII ғасырда құрамы жағынан байып, толыса түсті. Мұның өзі әлеуметтік қоғамның дамуымен байланысты құбылыс.
Тіліміздегі антропонимдердің шығу, даму негізі халқымыздың өткендегі тіл және азаматтық тарихымен тікелей байланысты болса, олардың типтерінің шығу, пайда болу жолдарын белгілі бір дәуірлерге бөліп қарамайынша тиісті дәрежеде талдау жасауымыз мүмкін емес. Қазіргі тіліміздегі кісі аттарының көбісі шығу тарихы жағынан көне түркі заманы мен орта ғасырларда пайда болған антрополексеманың жалғастары болып саналады. Олардың көне түркі есімдерімен түбірлес, мағынасы үндес, жасалу тәсілі мен құрылысы жағынан ұқсас келуінің сыры да осында. Қазақ антропономиясының даму тарихынан төрт дәуірдің көрінісі байқалады.
Бірінші дәуір. Көне түркі заманын, яғни V-VIII ғасырлардағы антропонимдерді қамтиды. Бұл дәуірде үй хайуандары мен жабайы аңдардың, табиғат атаулары мен өсімдіктердің және қымбат маталардың атаулары кісі аты ретінде қойылып отырған. Мысалы: Айкүн, Айжарық, Күнай, Күнсұлу, Бөрі, Барысбек, Арыстан, Алтын, Күміс, Қаршыға, Сұңқар, т.б.
Екінші дәуір. Орта ғасырға тән антрополексемалық типтерді қамтиды. Әртүрлі тарихи оқиғаларға байланысты адам есімдері де сол кездегі заманның өзгеруі мен дамуына сай қойылып отырған. Халық ерте кездерде аспанға, «тәңірге» табынып, күн, ай, жұлдыз, жер, суларды құдай санаған. Тіліміздегі Тәңірберген, Тәңірберді, Айжарық, Күнай, Күнтуар тәрізді есімдер осындай наным-сенімдерден туғаны айқын. Балаларға ат қоюда ерте кездің өзінен-ақ ырым мен әдет-ғұрыпты сақтаушылық болған. Мәслен, қазақта Тұрсын, Тоқтар, Тоқтасын, Ұлтуар, Ұлболсын, Ұлтуған, Жаманқұл, т.б есімдері қойылып отырған.
Үшінші дәуір. Тарихта жаңа заман саналатын XVII-XIX ғасырларда дамыған көп салалы антропонимдерді қамтиды. Бұл дәуірде орыс тілінен көптеген кісі аттары енді. Қазақстанға орыс шаруаларының келуімен жаңа қалалар орнап, орыс мәдениетінің тарауымен орыс, қазақ халқының тығыз араласып, қарым қатынас жасауы негізінде мынадай есімдер енген болатын: Ескендір (Александр), Мекәйіл (Михаил), Майыр, Болысбек, Анна, Мәриям, Қазына, Жержіс (Георгий, Жорж), т.б.
Төртінші дәуір. Октябрь революциясынан кейінгі Совет заманында туып, дамыған антропонимдік типтерді қамтиды.
Қазіргі қазақ тіліндегі еімдер негізінен екінші дәуірден бері қолданылып, төртінші дәуірде қалыптасып, толысып көбейген антропонимдер. Бұл дәуірдің есімдеріне мысал келтірсек:
30-жылдарда кеңінен қойылған есімдер: Клара, Тельман, Мэлс, Марат; Диас, Октябрина, Социал, Эмиль, ал 30-40 жылдар арасында: Ғалым, Ғалымбек, Мәдениет, Сайлау, Отан соғысы жылдарында және жеңіс жылдарынан кейін: Майдан, Майданбек, Қайсар, Жеңіс, Жеңісгүл, Нұрлан, Бйбіт, Мира, Талап, 50-жылдардан бастап интернационалдық бағытқа икемдеушілік байқалып: Алма, Сәуле, Айгүл, Ажар, Бану, Айдос, Айдар, Ғазиз, Мәжит, Бейсен, Майра, Абай, Әнуар, Тәмина, Нұрша және тағы да басқа есімдер пайда болды.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы