28.11.2024, 11:46
Оқылды: 13

Сіз өміріңізді сақтандырдыңыз ба?

Халқымызда «сақтансаң сақтармын» деген жақсы сөз бар. Бірақ біз «Құдайым жар болсын, Аллам сақтасын» деп өзімізді өзіміз жұбатып, қам-қарекетсіз отыруға дағдыланып алғанбыз. Бірақ бүгінгі күні болып жатқан тосын оқиғалар, айтып келмеген апаттар тұсында адамның өз өмірін, дүние мүлкін сақтандыру аса қажет екен.

IMG_3371

Сурет: freepik.com

Аяусыз от жалмаған үйлерінен айырылған, зілзаладан зардап шеккен, топан суға тап болған қарапайым жұрттың алдымен соры қайнайтыны анық. Олардың жинап отырған артық-ауыс қаржысы да жоқ, ешбір банктерде жатқан депозиттері және жоқ, ел алдында алақандарын жайып, бір күнде мүсәпірдің халін кешіп жатқандары. Ал осындайда сақтандыру жүйесінің тиімділігі алға шыға келеді.

Еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстанда сақтандыру компаниялары көптеп құрылған екен. Біртін-біртін ол сейіле келе нағыз халықтың сеніміне енген, өздерін де жауапкершіліктерімен өзгеге мойындата білгендері ғана тұрақты жұмыс істеп қалыпты. Десек те, біздің менталитет көбіне-көп жоғарыда айтқандай өздерін әлдекім қорғап алатындай сеніммен өмір сүру әдетінен әлі же жаңылмай келеді. Бүгінгі таңдағы статистикалық ақпаратқа көз салсақ қазақстандықтардың тек 2 пайызы ғана сақтандыру жүйесіне сенім білдіріп отыр.

Жалпы сақтандыру жүйесі Еуропа елінде мықтап дамыған. Мұнда халықтың 98 пайызы сақтандыру компанияларының көмегіне жүгініп отыр, соның ішінде АҚШ І-ші орында келеді екен. Мұндағы халық дүние-мүлкін, үй-жайы, денсаулығын, жинаған қаржысын ғана сақтандырмайды, сонымен қатар ол елде тұратын атақты әнші-спортшылардың өздері дене мүшелерін сақтандырып қойыпты. Жалпы батыста бұл күннен-күнге дамып келе жатқан үрдіс. Мысалы атақты поп әнші Дженнифер Лопес 27, киноактриса Джулия Робертс 30, белгілі футболшы Дэвид Бэкхем 70 млн долларға бірі бөксесін, бірі тісі мен аяғын сақтандырып қойыпты. Алда-жалда өздері бағалаған бұл мүшелеріне зақым алса сақтандыру компаниялдары оларды емдетуге, денсаулықтарын қалпына келтіруге көмекке келіп, қаржымен қамтамасыз етеді екен. Ал ІІ-ші орында тұрған Қытай. Бұл елде қазіргі таңда 400-ге жуық сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Қытайда халықтың жыбырлаған жәндіктен көп екендігін ескерсек сақтандыру компанияларының әлеуетінің артып, тұрақты табыс көзін қалыптастырғаны анық.

Ал біздің елімізде соңғы жылдары сақтандыру саласы қарқынды дамып келе жатыр. Қазір тіпті халық несиесінің өзін сақтандыратын болыпты.

Ондағы мақсат-қаржылық капиталын сақтау, тағдырдың сан тарау жолында түрлі-түрлі ахуалға тап болған кезде отбасын қиындықта қалдырмау. Қазіргі таңда елімізде адам өмірін сақтандыратын жеті бірдей компания жұмыс істеп келеді екен. Сондай-ақ өмірді сақтандырудың бастапқы құны 150 мың теңге болса, жоғарғы құны 2 млн теңгені құрайды. Өмірді сақтандыру компанияларының негізгі мақсаты – денсаулыққа зақым келген жағдайда оны емдетуге қаржылай көмек беру, сол адам кенет о дүниелік болып кеткен кезде табысына тәуелді адамдардың өмірін қаржылай қамтамасых ету. Алайда заң бойынша өмірін сақтандыра алмайтын тұлғалар да бар екен.

Мысалы зейнеткерлер, мүгедектігі бар, нашақорлар мен алкогольді ішімдік тұтынатын тұлғалар, психологиялық аурумен ауыратын және бұрын қамауда болған қылмыскерлер өмірін сақтандыра алмайтын болып шықты.

Еліміздегі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтері бойынша өмірді сақтандырудың екі түрі бар. Жинақтандыру-жазатайым оқиға бол қалса сақтандыру сомасын алу емес, белгілі бір мерзімге ақша жинауға мүмкіндік беру. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін жинақталған қаражат пайызымен төленеді. Яғни, олар 3-5 пайыз аралығында кепілдік береді. Кірістер сақтандыру қолданылғаннан бастап үш жылдан кейін есептеледі.

Ал мерзімді сақтандыру болса қаражат егер адам сақтандыру шартының қолданылу уақытында жарақат алып немесе өмірден озғанда ғана төленеді. Мысалы, 20 жылға өмірді жинақтап сақтандыру туралы шарт жасасаңыз, жыл сайын сақтандыру компаниясына 100 000 теңге төлейсіз.

20 жылдан кейін 2 000 000 теңге және пайызымен қоса алған соманы балаңыздың оқуына немесе мұқтаждығыңызға жұмсай аласыз. Әрине бетін әрмен қылсын егер адам жазатайым жаза бола қалса, өмірде сақтандыру компанияларының көмегі ауадай қажет. Ал баланың болашағы ата-ана үшін басты миссия болса өмірді сақтандыру жүйесінде осыған байланысты бағдарлама жасақталыпты.

Мемлекеттің қолдауымен жарыққа шыққан алғашқы инвестициялық құрал «Bilim Life» бағдарламасының мақсаты – баланың өмірін сақтандыра отырып, білім алуына капитал жинау дейді сала мамандары. Ал жинақталған капиталға мемлекеттік сыйақы төленеді. Кез-келген оқыс жағдайларда,  келеңсіз кездерде сақтандыратын «Балам» бағдарламасы және бар болып шықты. Ең бастысы шарт қысқа мерзімге арналған. Шыны керек, жастар өмірді сақтандыруға бас қатыра бермейді, ал оқыс оқиғалар орын алып қаражатқа тәуелді болып қалған жаңдайда сақтандыру жүйесінің тиімділігі көрініп жатады.

Мамандардың түсіндіруінше егер сақтандырған адам қайтыс болса, оның мұрагерлері қаншалықты қаржы салынғанына қарамастан 30 күн ішінде бүкіл сақтандыру сомасын ала алады. Ал егер жазатайым жарақат алса сақтандыру төлемі түпкілікті  сомаға пайыз қосылып қайта есептеледі екен.

Қазір өмірді сақтандыруға әсіресе оның жинақтаушы түрін дамытуға  ерекше мән беріліп отыр. Өйткені ұзақ мерзімді сақтандыру түрлері арқылы экономикаға жеткілікті түрде инвестиция тартылып, оның әлеуетін көтеруге ықпал етеді. Сондықтан болашақ өмірді ойласақ сақтандыру қадамдарын жасауға ұмтылу заман талабымен бірге аяқ басу болып есептелмек.

Тағы да бір ақпараттың иегі қылтиып тұр. Елімізде сақтандыу жүйесін халық толыққанды пайдаланбай отырғандықтан болашақта әр адамның өмірін сақтандыру жұмысын жарыққа ақша төлем төлеу орталықтары сияқты жерлер арқылы қосымша түбіртек тіркеу жолымен сақтандыру жұмысын әр адамның келісімінен тыс қолға алу қажет деп тауып отыр екен осы сала мамандары. Алда-жалда сізге осындай түбіртек қызметі қосылып жатса болашақта таң қалмаңыз, яғни сіздің өміріңізді, денсаулығыңыз бен мал-мүлкіңізді сақтандыру компаниялары өздері түпкілікті қолға алғаны болып шықпақ.

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале