14.01.2025, 16:45
Оқылды: 37

Батыс Қазақстан облысы бойынша  жұмысшы мамандарын даярлау жолдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында  «Кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын» бекітіп, алдымызға мақсат пен міндеттерді айқындап берді.

колледж (2)

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларына келіп жатқан өзгерістер мен өнеркәсіптік өндірістегі жаңғырту жұмыстары еңбек нарығында әртүрлі жаңалықтарға бейімделе алатын білікті жұмысшылар мен мамандардың болуын талап етуде. Бүгінде өндіріс орындары мамандардың біліктілік деңгейіне ғана емес, кәсіби өрісінің кеңдігіне де жоғары талап қоюда.

колледж

Негізінен жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, қарым-қабілетін жан-жақты бағалау, кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету.

Техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлау бағыты өңірімізде, Батыс Қазақстан облысы аймағында, ХХ ғасырдың 30-жылдары бастау алды.

ҚҰРЫЛЫС КОЛЛЕДЖ

1954-56 жылдары облыс орталығында құрылыс кәсіптерінің білікті, жергілікті кадрларын даярлау қажеттілігі туындады. Ең көне бастауыш кәсіптік білім беретін оқу орындарының бірі болып табылатын Орал политехникалық колледжі осы жылдардан бастап тас қалаушылар, сылақшылар, ағаш ұсталары мамандықтарын оқытты. 1960 жылы Орал «Сервис» технологиялар колледжі тоқыма өнеркәсібі мен халыққа қызмет көрсету саласы бағытында тігінші, шаштараз және фотограф  мамандарын даярлады.

1973 жылдары "Сервис және жаңа технологиялар колледжі" қоғамдық тамақтану және сауда кадрларын дайындау үшін облыстық сауда басқармасы жанынан сатушы-аспаз мектебін ашты.

колледж (2)

Қазір өңірімізде орта буын жұмысшы мамандықтарын оқытуда бұрынғы ауылдық, қалалық кәсіптік лицейлер 2012 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен «колледж» статусына ие болды.

Облысымызда техникалық және кәсіптік білім беретін 35 оқу орны жұмыс жасайды. Соның ішінде 26-сы — мемлекеттік (2-уі мектеп-интернат-колледж), 9-ы — мемлекеттік емес колледждер және оның 12 оқу орны ауылдық елді-мекенде орналасқан.

Кәсіптік білім беру жүйесінде 15 мыңнан астам студент бар, оның ішінде 4000-ға жуығы жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда.

Жатақхана ЖП

2023, 2024 жылдардан бастап 10-11 сынып оқушылары үшін жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары негізінде «Аспаз», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Есеп және аудит», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша 100 оқушы білім алуда. Жұмысшы мамандықтар жылына орай, өңірде келесі оқу жылынан бастап, мектеп оқушыларына бірінші жұмысшы мамандығын игеруге барлық колледждерде мүмкіндік беріледі.

Техникалық және кәсіптік орта білімі бар кадрларды даярлауды енгізуде кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, сұранысқа ие, білікті кадрларды даярлауда, өндіріс пен кәсіптік білім беретін колледждер арасында байланыс күшейе түспек. Кәсіптік білім саласындағы мемлекет пен бизнес серіктестігінің тұрақты тетігін құру мақсатында колледждерде дуальды оқыту жүйесінің негізгі принциптері қолданылуда. Өйткені, теория мен практика ұштасқан жерде нәтиже болатыны белгілі. Сол себептен, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі де жоғарылай түседі деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру барысында өңірдегі жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарды даярлауда 70 мамандық және 112 біліктілігі бойынша оқытылса, соның ішінде дуальды оқытуда 33 мамандықтың 31 біліктілігі бойынша 25 оқу орнынан 2559 студент оқиды.

Жатақхана ЖП

Қазіргі жаhандану және интеграциялық үрдістердің күшеюі жағдайында білім сапасын жетілдіру мен оқытудың озық технологияларын қолдана отырып, оқу үдерісін инновациялық тұрғыдан ұйымдастыру бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр.

Осы орайда, облысымызда 1565 инженер-педагог қызмет атқарады, соның ішінде, жұмысшы мамандықтарын даярлауда 209 өндірістік оқыту шебері білім берсе, білім алушыларға өндірістік орындарынан тәлімгерлер тартылуда.

Жатақхана ЖП

 Суреттер: сайт архивінен 

Өңірімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында «Жас маман» жобасы аясында 10 колледжде облыс экономикасына қажетті 21 мамандықтардың тізімдері белгіленіп, оқу орындарының жанынан жастардың инновациялық жобаларын қолдайтын орталықтар құрылып, әрбір колледж «WorldSkills» бойынша салалық құзыреттілік орталықтарына айналды. Сондай-ақ, WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттілікті айқындау бойынша демонстрациялық емтихандар да жүргізіліп келеді. Сонымен бірге, жас мамандарды қазіргі заманғы нарық жағдайына бейімдеп даярлау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрлық өнімдерді әзірлеу және кәсіпкерлік қызметті оқыту мақсатында Теректі, Жоғары аграрлық техникалық және Орал «Сервис» технологиялық колледждерінде «Бизнес-инкубатор» орталықтары да ашылды.

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелестік қабілетін арттыра алатыны сөзсіз. Нәтижеге бағытталған білім мазмұнын жаңарту жағдайындағы педагог кадрлардың кәсіби құзіреттілігін дамыту барысында өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары республикалық кәсіби шеберлік байқауларға қатысып, «Сервис және қызмет көрсету», «Көлік және байланыс», «Құрылыс», «Ауыл шаруашылығы» және «IT» салалары бойынша жеңімпаз атанып келеді.

Кәсіби жұмысшылардың беделін көтеретін, үздік жұмысшы мамандарын анықтайтын және білім беру жүйесі мен бизнес саласын біріктіретін басты алаңы болып табылатын – «WorldSkills Kazakhstan» чемпионаты да өз нәтижесін беруде. 2015 жылдан бері республикалық деңгейде облысымыздың құрама командасы қоржынына 6 алтын, 8 күміс, 7 қола медаль салса, 29 «Үздік маман» медальонға ие болды.

2019 жылғы «WorldSkills» халықаралық чемпионатында  «СББ қондырғылардағы токарлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша алтын медаль  иегері  Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің түлегі Темірлан Орынов, Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен халықаралық WSK чемпионатына «Дизайн және киімдерді үлгілеу» құзыреттілігі бойынша қола медаль иегері Орал «Сервис» технологиялық колледжінің түлегі Карабалина Гульфат өздерінің жеке кәсіптерін ашып, қызмет жасауда.

Орал ақпараттық технологиялар колледжінің түлегі Руслан Юсупов Гданьскте өткен "Euroskills-2023" чемпионатында күміс медаль иеленді, ал Лион қаласында өткен "WorldSkills International-2024" чемпионатында медальонға ие болды. Қазіргі таңда Астана қаласында "Business & Technology Services" (ERG құрамына кіреді) компаниясында өндірістік жүйелерді әзірлеуші болып жұмыс істейді.

Сонымен қатар, ауылшаруашылық жұмысшы мамандықтарын дәріптіп, беделін арттырып, ынталы жастарды жұмысшы мамандықтары мен кәсіптерге тарту мақсатында студенттер арасында «AgroSkills» салалық чемпионаты 2018 жылдан бастап өткізіліп, соңғы үш жыл қатарынан республикалық, халықаралық деңгейде Бас жүлде, 2 орын, 3 орындарға ие болып келеді.

Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы, техникалық және кәсіби білім беру жүйесіне реформа жасау керектігіне баса назар аударуы бұл саланың аса маңыздылығын көрсетеді. Реформа жүргізудегі өзекті мәселенің бірі –колледжде оқитын студенттерге бөлінетін жан басына шаққандағы қаражат мөлшерінің көбеюі, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту сонымен қатар мектептерде кәсіптік бағдар беру қызметінің күшейтілуі, соның ішінде, ауылдық елді-мекенде орналасқан білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын арттыру кәсіптік білім беру саласы бойынша оң нәтижелерін береді деп ойлаймын.

Еңбек нарығына сай, сұранысқа ие жұмысшы мамандарды даярлауда мектеп оқушыларының сол мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, тарту үшін колледждердің кабинеттері мен оқу-өндірістік шеберханаларын заманауи озық технологияларымен жабдықтаудың да маңызы зор.

Сондықтан жұмысшы мамандықтары жылының шеңберінде 2025-2026 жылдарды 12 колледждің материалдық-техникалық базасын жабдықтау жоспарлануда.

Биылғы жылы Сырым колледжіндегі «Студенттік кешен» ғимараты пайдалануға беріледі. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуде, облыс бойынша жалпы орын алмағанмен, мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің 1979 жылдан бергі жатақханасы жаңа ғимараттың құрылысын қажет етеді. Бұл бағыттағы құрылыс жұмысын жүзеге асыру мақсатында жеке инвестициялар қарастырылуда.

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланып отырған, «Жұмысшы мамандықтары жылы» облымыздағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялауда оқу орындарына жаңа тыныс ашып, көптеген оң өзгерістер алып келеді деген сенімдемін.

Қайыржан Ермекұлы Мендіғалиев, 

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале