Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті 2024 жылғы қызметінің нәтижелері қорытындыланды.
Жиынға Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев, БҚО Прокуроры Серік Рысқалиұлы Шалабаев және Полиция департаменті басшылығы, мүдделі бөліністер мен қала, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары және жеке құрамы қатысты.
2024 жылы облыста құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда төмендегені атап өтілді.
ІІМ-нің өкілі полиция полковнигі Мұхтар Жұмабайұлы полиция қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойып, Алқа отырысында Ішкі істер Министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың берген нақты тапсырмаларын атап өтіп, негізгі қағидаттарды еске салды.
Бұл қағидаттардың бірі – «Заң мен тәртіп» деген басты ұстанымды сақтай отырып, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік және жазадан бұлтартпастық принциптерін жүзеге асыру. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алудың, профилактикаға баса назар аударудың тиімді жүйесін құру міндеті қойылды.
Жедел кеңесте полиция қызметін жақсарту үшін бірнеше тапсырмалар қойылды. Олар: қылмыстарды тез ашу, ресурстарды толық пайдалану; есірткі қылмыстарымен күрес, жаңа заңнамаларға сәйкес жасырын салушыларды бақылау; интернет алаяқтықпен күрес, банктер мен байланыс операторларымен тығыз байланыс орнату; деструктивті діни орта мен әлеуметтік желілерде ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау; тергеу сапасын арттыру, тергеушілердің білімін көтеру; қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлерінің көшелерде болуының әсерін күшейту; көші-қон бақылауы мен заңсыз көші-қон арналарын анықтау; жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушыларға қарсы шаралар; жеке құрам арасындағы тәртіпті жақсарту, моральдық ахуалды нығайту.
Жиын соңында Департамент бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев атқарылған жұмыстардың барлығы жыл бойы қызмет атқарған жеке құрамның еңбегін атап өтіп, Президентіміздің және Министрдің қойған тапсырмалары мен талаптарын орындауға Батыс Қазақстандық полицейлердің дайын екендігін жеткізді.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі