1.03.2025, 14:30
Оқылды: 230

«Бала дауысы – Жәнібек» байқауының жеңімпазы анықталды

Бір айға жуық уақытқа созылған аудандық ән байқауы бүгін өз мәресіне жетті. Жәнібек ауданының 39 жас өнерпазы бақтарын сынаған «Бала дауысы – Жәнібек» байқауының үш бірдей кезеңінен сүрінбей өтіп, финалдық бәсекеге Жандос Темірғалиевтың тобынан таулық Самира Азамат, Аслан Боранбаевтың тобынан жәнібектік Айлин Биболатова, Айшат Хамзинаның тобынан ақобалық Інжу Мұратова, Райымбек Кәрімовтың тобынан жақсыбайлық Ерхан Мұхтар жолдама алған болатын. Барлық қатысушылардың арасында ең шалғайдағы ауылдан келгеніне қарамастан төрт кезеңде де оқ бойы оза шауып, қоңыр дауысымен көрерменнің жүрегінен ойып тұрып орын ала білген Ерхан Мұхтар жоба жеңімпазы атанды. 

photo-output

М.Б.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 7-сынып оқушысы Ерхан Нұрланұлын жақсыбайлықтар жас болса да өте мықты футболист ретінде жақсы таниды. Спорт пен өнерді жанына серік еткен болашақ жұлдыздың жарқырап жануына септігін тигізген өнердегі ұстазы, Жақсыбай ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Зинаш Жұмағалиеваның да еңбегі өте зор. Талантты баланың талабын ұштап, жоба жеңімпазы атануына себепкер болған жетекшісі, облыстық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы, мәдениет саласының жарық жұлдызы Райымбек Кәрімовтың жеңімпаз үшін таңдаған «Сүйемін туған елімді» әні тура Ерхан үшін деп жазылғандай.

image-28-02-25-11-25

Үздік төрттіктің қатарынан табылған Самира Азамат, Айлин Биболатова мен Інжу Мұратова да жақсы өнер көрсетіп, лайықты қарсылас екендіктерін дәлелдеді. Ақтық кезеңге дейін жеткен жас өнерпаздар мен жеңімпазға диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале