Бүгін Бөкей ордасы ауданы орталығындағы «Достық үйінде» Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымы қоғамдық бірлестігі төрағасы Лавр Хайретдиновтің қатысуымен кездесу өтті.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжанов мейманымызға «қош келдіңіз!» айтып, сөз тізгінін ұсынды.
Өз кезегінде сөз алған Лавр Хайретдинов сапарының мақсатымен таныстырды.

- Батыс Қазақстан облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласына қатысты материалдарды жинақтап, энциклопедия басып шығару, ауыл шаруашылығы музейін ұйымдастырсақ, бүгінгі бақ-дәулетіміздің негізін қалап кеткен аға буынға жасаған тағзымымыз болар еді. Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы саласына арнайы энциклопедия шығарды. Міне, қараңыздаршы, не егін, не мал шаруашылығы бойынша көштің басына шықпаған облыс қалыңдығы бес елі энциклопедия шығарып отыр. Біздің облыс емес, ауданның атынан жеке энциклопедия шығарсақ та, материал жеткілікті. Сонау Жәңгір заманынан алсақ, тұңғыш селекция, ветеринариялық нысандар осы Бөкей топырағында ашылды. Берісі, кеңес кезеңінде шұжық цехына дейін болды, төл алудан алдына жан салмаған шопандарымыз қаншама? Тек қана Бөкей ордасынан 25 Социалистік еңбек ері шығып тұр. Мұның өзі ұрпаққа өнеге, елге мақтаныш, - деді Лавр Рашидұлы.

Айта кетелік, кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық мекеме басшылары мен Нағым Тәжімұратов, Мырзабай Боранбаев сияқты қожалық жетекшілері қатысты.
Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Әділет Абдиров
Бөкей ордасы ауданы