«Туған жерім Пятимар асыл тұқымды жылқы зауыты болғандықтан, бала кезімде Москвадан, Алматыдан ғалымдардың келетінін көріп өстік. Менің арыма тигені: неге өзіміздің арамыздан бір де бір ғалым жоқ? - деген сауал болатын. «Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз, ондай болсақ, қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп, данышпан Абай айтқандай, мені ғалымдық жолға жетелеген осы намыс еді»,- дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жылқы өсірушілер Одағы БҚО филиалының бас директоры, Нұржан Молдаханов. Нардың жүгіндей ғылым жолына жасқанбай түскен намысты жан туралы тағылымды тәлім таратып көрейін.

Пятимар асыл тұқымды жылқы зауытының атақты жылқышысы Молдаханов Рахмет әкенің тәлімін алып, қаршадайынан қазақ жылқысының бабын танып өскен Нұржан Рахметұлы Молдаханов 1980 жылы Кеңес Әскери қарулы күштер қатарынан елге оралған соң, жоғарғы оқу орнын бітіріп, жылқы шаруашылығын дамыту арқылы елге қызмет көрсетуді алдына анық мақсат етіп қояды.
Сол кездегі Кармановка ауылының әкімі М.Ирмановтың қолдауымен берілген жолдама арқылы Саратовтың мемлекеттік зоотехникалық – малдәрігерлік институтының күндізгі бөліміне түсіп, жоғары оқу орнын үздік аяқтап, дипломын алған кезде ғылыми жетекшісі Антонина Николаевна Кололеева, ректор Мельников Саратов облысының К.Маркс, Ф.Энгельс аудандарында қызметке қалуға ниеттерін білдіреді. Бірақ Нұржан Рахметұлы «Бізде асыл тұқымды Көшім жылқысы , асыл тұқымды еділбай қойы бар, зауыттар бар, туып- өскен еліме қызмет істеуім керек», - деп, ниеттеріне ризашылық білдіріп, елге оралып, кіндік қаны тамған Пятимар жылқы зауытына бас зоотехник-селекционер болып тағайындалады.
Пятимар жылқы зауыты бойынша асыл тұқымды Көшім жылқысы, асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры және асыл тұқымды еділбай қойының зоотехникалық есебін алып, ғылыми зерттеу институттарымен тығыз байланыста болады . Сол кездерде Көшім жылқысының құлындарының туған күнін, салмағын өлшеп, ата-тегін жазып, -196 С° азотпен таңбалап, ғылыми зоотехникалық есебін жүргізген.

Қол созған арманына жетіп, жалындаған жастық шақта, туған жеріне деген шын ықыласпен, жақсы көрсеткіштермен қызмет жасап жүргенде Жаңақала аудандық партия комитетінің ұйғарымы бойынша 1987 жылдың 17 наурызында Жаңақала РАПО №66 бұйрығымен С.Мендешев асыл тұқымды қой совхозының бас зоотехник –селекционері қызметіне тағайындалады. Бұл совхозда асыл тұқымды еділбай қойы, қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры және асыл тұқымды симментал сиырлары бар екен. «Жас келсе іске» - дегендей, бірден білекті сыбанып кірісіп кетеді. Жас маманға Қырқопа ауылынан берілген 4 бөлмелі құтты қонысында Алтын, Күміс, Батырбек, Жеміс есімді ұл – қыздары дүниеге келеді.
С. Меңдешев атындағы асыл тұқымды еділбай қой совхозында бас зоотехник-селекционер болып істеп жүріп, зоотехник саласында көп нәрсені үйреніп,білікті маман болса да, селекциялық жұмыс күрделі ғылыми жұмыс болғандықтан , осы ғылым саласына өз үлесін қосу үшін терең білім қажет екендігін сезінген Нұржан Рахметұлы 1993 жылы Рязань қаласындағы Бүкіл ресейлік ғылыми зерттеу институтының күндізгі аспирантура бөліміне оқуға түседі. Ғылыми кеңестің шешімі бойынша ғылыми жетекші ретінде профессор Юрий Николаевич Барминцев тағайындалады.“Менің тақырыбым бойынша берген тапсырмамды Башқұртстандағы, Қалмақ дербес республикасындағы және Ростов-на-Донудағы аспиранттарым орындай алмады, саған да сол тақырып бойынша тапсырма беремін” – деген ғылыми жетекшінің сөзіне: « Мен мақұл дедім, егер адам істейтін жұмыс болса мен істеп шығуға дайынмын деп уәде беріп, іске кірістім», - дейді ғалым ағамыз. “Жылқы шаруашылығы жағдайында қымыз фермалары үшін биелерді іріктеу әдістерін жетілдіру” тақырыбындағы ғылыми жұмысының эксперименттік жұмыстарын сол кездегі экономикалық дағдарысты ескеріп, Пятимар жылқы зауытына, Красногор жылқы зауытына және “Асан” агрофирмасына жүргізуге белгілейді. Сол кездердегі жасаған еңбектерін ғалым ағамыз: «Осы ғылыми зерттеу жұмыстарымды орындағанда, өзімнің маңдай терімнің дәмін татқан кездерім болды»,- деп еске алады.
1998 жылдың маусым айында, ғылыми зерттеу жұмысын нәтижелі аяқтап, диссертациясын қорғап, «Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты» - деген атаққа ие болады. Бұл совхоздар тарап, жеке қожалықтарға бөлініп кеткен кезеңдер еді.
Кезінде Саратовтың мемлекеттік зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқығанда химия, биология, ботаника пәндерінен оқу бағдарламасы Саратов мемлекеттік медициналық академиясы мен Чернышевский атындағы педагогикалық институттың биология факультеті бірлесе жүргіздіктен педагогикалық білімді қоса меңгерген Нұржан Рахметұлын сол кездегі Кармановка орта мектебінің директоры Назым Утешова химия және экономика пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа қабылдап, 1998-2001 жылдары Кармановка орта мектебінде 3 жыл ұстаздық еңбек етеді. 2001 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институты, ауыл-шаруашылық институты және мәдени институтын үшеуін біріктіріп Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылған уақытта университеттің мал дәрігерлік факультетіне “Мал өнімдерін өңдеу технологиясы” кафедрасының аға оқытушы қызметіне қабылданады. Көп балалы отбасына Орал қаласынан 4 бөлмелі үй беріледі. Бұл туралы ғалым ағамыз:«Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Б.Қ.Дамитовтың бұл жақсылығы өмір бойы мойнымда. Ол кезде Орал қаласынан төрт бөлмелі үй алу түгіл, бір бөлмелі үй алатын қаражатым болған жоқ », - деп есіне алады.
2004 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті: Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік унивенситеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университеті болып екіге бөлінген кезде Нұржан ағамыз өзінің еңбегін құрметтеген қарашаңырағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің “Биология және экология” кафедрасының доцентті қызметін қалады.
2020 жылы 30 қарашадан бастап “Қазақстан жылқы өсірушілер Одағы” ОИПЮЛ Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас директоры болып тағайындалады. 2021 жылдың ақпан айында Германияның «Bio core» журналында ғылыми мақаласы жарияланады. 2021 жылдың 8 қыркүйегінде 63-ке толып зейнеткерлік жасына жеткен ғалым ағамызға құрмет көрсеткен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ұжымы ғылыми - зерттеу жұмыстарын жалғастыра беруге мүмкіндік береді.
Ғылым саласында бірлесе қызмет етіп жүрген әріптесі Тоты Еркінқызы Әлімбекерова «Нұржан ағаны 2002 жылдардан бері университет оқытушысы, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты ретінде танимын. Ол - бастаған ісін аяғына жеткенше тыным таппайтын, өз ісінің маманы. Ерекше бір қасиеті – өте мұқият, өзі – өзіне мықты талап қоя білетін адам. Жылқы десе, жанын беретін адам. Шетел әдебиетіндегі жылқы туралы жазылған өлеңдерді теріп, жылқыны ерекше суреттеген жолдардан мақала да жазды», - деп, өз естеліктерімен бөліссе, белгілі ғалым Алтай Сәбитұлы Зейнуллин: «Мен Нұржанмен көптен таныспын. Ғылым саласында бірге келе жатқан үзеңгілес досымын. Нұржан - 5 жасынан бастап жылқының құлағында ойнап өскен қазақ баласы, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты. Екеуіміздің зерттеу тақырыбымыз бірдей. 40 жылдан астам уақыт бойы біз қазақ жылқысының ерекшелігін терең зерттеп келеміз. Біздің қазіргі мақсатымыз – жоғары дәлдіктегі технолоияға көшу жөнінде, қазақтың қара шекпен жамылған ата кәсібіміз жылқы шаруашылығына заманауи технологияның жібек шапанын жауып, қазақтың өзіне қайтару. Нұржанды Кеңестер Одағының 15 республикасының ғалымдары түгел таниды десем артық айтқаным емес. Себебі ол – өте еңбекқор, табанды, жан – жақты азамат. Нұржан ініме тек сәттілік, отбасына амандық тілеймін», - деп ақжарма тілегін жеткізді.

Ғалым ағамыздың жылдар бойғы адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2021 ж. 18 желтоқсанында «Пятимар» асыл тұқымды жылқы заводына 90 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, 2022 жылы желтоқсан айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын Сапа” сыйлығын алуға арналған конкурс және “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік көрме байқауында сапа бойынша жеңімпаздар қатарынан орын алады. 2023 ж. қазан айында Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеті базасында өткен “Қазақстанда және басқа да іргелес мемлекеттерде жылқы шаруашылығының жағдайы мен дамуы” атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда “Құрметті асыл тұқымды жылқы өсіруші” медалімен марапатталады. 2024 жылы желтоқсан айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы “Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі” қоғамдық бірлестігінің №710- шешімі бойынша “Құрметті ардагер” медаліне ие болады.
Қажырлы еңбектің қайнар бұлағын қамыс құлақты қазақ жылқысының қасиетінен тапқан жаңақалалық ғалым ағамыз Нұржан Рахметұлы Молдахановтың ғылым жолындағы табанды еңбекпен өрілген өмір жолы - талай қазақ баласына үлгі.
Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы