18.06.2025, 23:00
Оқылды: 97

Бөкейде озаттар мен үздіктер марапатталды

Бүгін Бөкей ордасы ауданы әкімі «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлері мен олардың ата-аналарын қабылдап, түлектерімізге сәт сапар тіледі. Ақ тілектер ақтарылған бұл шараға аудан мектептерінің басшылары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков пен аудандық білім саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найлагүл Нарболовалар қатысты.

IMG_0010

Мемлекеттік әнұранмен басталған салтанатты шара аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен жалғасты.
Бүгінгі шараға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған оқушылар қатысып отыр. Қазіргі түлектеріміз - ертеңгі тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы. Біріңіз атақты ғалым, біріңіз мемлекетімізге абыройлы қызмет ететін қоғам қайраткері болуыңызға тілекшімін. Еліміздің көк байрағын көкте желбірете беріңіздер! Қымбатты ата-аналар! Бұл көптен күткен сәт. Бала өсірген соң, оған сапалы білім беру басты мақсатымыз болды. Ақ сүтіңіз ақталып, ұл-қыздарыңыз абырой биігінен көрініп отыр. Сіздердің бұл еңбегіңізге алғысым шексіз! Сонымен қатар, бала жанының бағбаны болған ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Атыңызды оздырып, елінің намысын қорғар шәкірттеріңіз көп болсын! – деп игі тілегін білдірді.
Осындай жүрекжарды лебізінен соң аудан әкімі жоғары көрсеткіштерімен ауданымыздың, ата-аналарының, ұстаздарының мерейін үстем еткен биылғы оқу жылында оза шауып, бәйге алған «Алтын белгі» иегерлеріне естелік сыйлығы мен гүл шоғын, ата-аналарына алғысхатын табыстады.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова да үздік көрсеткіштерге жеткен озаттар мен үздіктерді жетістіктерімен құттықтап, түлектердің еліміздегі үздік деген жоғары оқу орындарына түсіп, білікті маман болып шығып, еліміздің, ауданымыздың өсіп-өркендеп, көркеюіне, зор үлестерін қосады деген лебізін жеткізді. Сонымен бірге үздік білім нәтижесін көрсеткен мектеп басшыларына облыс әкімі орынбасарының алғысхаты да табысталды.

IMG_0069
Аудандық білім саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найлагүл Нарболова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбековтер де баталы сөздерін айтып, сәттілік тіледі.
Салтанатты шара мектеп түлектерінің әдемі әнімен түйінделді.

Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале