Астана күніне орай Шыңғырлау ауданында «Туған күніңмен, Астана!» тақырыбында салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы саябақта өткен кешке тұрғындар мен қонақтар көптеп жиналып, көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.

Шара барысында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жиналған көпшілікті елорданың мерекесімен құттықтап, Астананың ел дамуындағы орны мен маңыздылығына тоқталды.
«Астана – еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Ол – ел бірлігі мен тұрақтылықтың символы. Бүгінгі мереке – әрқайсымыз үшін мақтаныш пен үмітке толы күн», - деп атап өтті аудан басшысы.

Ресми құттықтаудан соң мерекелік концерт жалғасын тауып, сахнада аудан өнерпаздары ән мен жырдан, әсем биден шашу шашты. Ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған музыкалық бөлім болды.

Сахнада Халықтық «Арай» вокалды аспаптар ансамблі Сайын Әжіғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетті.Кеш барысында сазгердің елге кең тараған "Атамекен", "Айналайын","Асыл арман" секілді жүрекке жақын әндері орындалып, көрермендер ерекше ықыласпен қабылдады. Бұл бөлім – әншіге деген құрметтің, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі болды.

Мерекелік кеш көрерменге шаттық пен қуаныш сыйлады. Осындай шаралар – туған елге, Астанаға деген мақтаныш сезімін оята отырып, бірлік пен рухты арттыратыны сөзсіз.
Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы