Бүгін Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында облыстық кәсіподақтар орталығының «Облыс кәсіподақ ұйымдары: кеше, бүгін, ертең» атты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысы өтті. Оған қатысушылар алдымен фойедегі облыс кәсіподақтарының тарихынан сыр шертетін ретро фотокөрмемен танысып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бейнефильмді көрді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде еліміздің жеткен жетістігінің мол екендігін, Қазақстанды әлемнің 123 елі дербес мемлекет ретінде мойындағанын айта келіп, осының барлығы елі үшін еңбектенген Елбасының қажырлы еңбегінің, Мемлекет басшысының салиқалы саясатын қолдаған абыз ағалар мен одан кейінгі орта буынның, жастардың сөзбен ғана емес, іспен нақты қолдауының арқасында екенін жеткізді.
–Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың қарым-қатынастарының арқасында Мәңгілік ел болатынымызды, экономиканың, әрбір этностың мәдениетінің, тілінің дамуының арқасында міндетті түрде «Мәңгілік ел» идеясына жететінімізді жақсы білеміз. Бүгін де ең басты ұлттық құндылықтарымыз қоғамдағы келісім, саяси тұрақтылық, татулық пен түсінісушілік болып қала береді,- деді Марат Тоқжанов.
Салтанатты шарада БҚО кәсіподақтар оратлығының төрағасы Ербол Салықов кәсіподақ ұйымдарының дамуы жайында баяндама жасады. - Елбасымыз «Кәсіподақ ұйымдары, кәсіподақтар Федерациясы жаңа қазақстанды қалыптастыруға белсене қатысып, қазіргі таңда тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік еңбек қатынастарының негізін қалаушы»- деп атап көрсеткеніндей кәсіподақ қозғалысы жалпы еліміз бойынша жаңаша сипатта даму жолын таңдады. Еңбек адамының заңды мүдделерімен құқықтарының қорғалуы кәсіподақтардың негізгі қызметтерінің бірі болып табылады. «Кәсіподақтар туралы» заңға сәйкес кәсіподақтар жұмыс берушілермен бірге тең құқылы деңгейде жұмыс жасай алады,- деген Ербол Ғұмарұлы облыс кәсіподақтарының жанды жұмыстарына тоқталып, алдағы атқарылар шаруалар жайында баян етті.
Одан кейін №1 қалалық емхананың дәрігері, кәсіподақ ұйымының төрағасы, облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі Ержан Ниязов, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының заңгері Анар Ихсанова, М.Мәметова атындағы мемориалдық мұражайының кіші ғылыми қызметкері, кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Базарова бастауыш ұйымдарда атқарылған жұмыстармен таныстырып, көпшілікті қастерлі ұлттық меркемен құттықтады.
Жиында кәсіподақ белсенділеріне облыс әкімінің және кәсіподақтар орталығының төрағасының Алғысхаттары табыс етілді. Сонымен қатар ҚР кәсіподақтары Федерациясының Құрмет грамоталарымен кәсіподақ ардагері Роза Көжекова, «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдар Батырханов, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Даупаев, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Сергей Бекежанов, "Қазақтелеком" АҚ Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бөлім бастығы Мәншүк Тастілеуова марапатталды. «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі Ерсайын Шатиновқа, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Бақытжамал Абдрахмановаға, Сәбила Ғұмароваға, Ержан Жанғалиевке табысталды. Облыстық «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауының жеңімпаздары деп танылған Теректі ауданындағы «Бүлдіршін» бөбекжайы, Ақсайдағы №3 мектептің, Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапхананың бастауыш кәсіподақ ұйымдары және байқауға белсене қатысқан қалалық жедел жәрдем медициналық жәрдем станциясы, Көшім балалар психоневрологиялық-медициналық әлеуметтік мекемесі кәсіподақ ұйымдары марапатқа ие болды.
Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Рафхат Халелов