6.08.2025, 17:00
Оқылды: 402

Осыдан 45 жыл бұрын ...

Биыл Бөрлі ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Аудан қазір осы атаулы күнге үлкен дайындық үстінде. Аудан тарихына қатысты материалдар іздеп қанша кітап, қанша газет тігінділері парақталды. Бүгін қолыма Асқар Ақышевтің  өткен жылы шыққан «Жүрекке жылы шақтарым» (Записи директора школы) деп аталатын кітабын алдым. 300 беттен асатын кітаптың ішінде Асқар ағаның жүріп өткен жолы, өсу, өркендеу жолы жатыр. Жоқ, бұл мемуарлық жанр емес, естеліктер жинағы да емес. Бұл кітаптан Асқар Ақышевтің қызмет еткен кезеңдегі қоғам, соның ішінде білім саласындағы, тәлім-тәрбие берудегі  үдерістер мен үрдістер, ұстанымдар мен бағыттарды таба аласыз. Кітап тарихи мазмұнға толы, ауданның білім саласы, жалпы аудан тарихы үшін құнды дүние. Өмір өткелдеріндегі қызметтік сатыларда кездесіп қалатын қызметтік қарым-қатынастармен қатар адами қарым-қатынас туралы әңгімелер терең ойға жетелейді. Екі тілде өзі туралы, өзге туралы әр кезде жазылған түрлі мақалалардан құрастырылған кітап өмір сабақтары десе де болады. Әрине, өткен кезеңнен сыр шерткеннен кейін естеліктер де қылаң береді. Ал тарих естеліктерден құралады ғой.

WhatsApp Image 2025-08-06 at 17.40.16

Кейінгі жас толқын үшін Асқар аға туралы бірер сөз. Асқар Ашуұлы Ақышев ұстаз, мамандығы математика пәнінің мұғалімі. Еңбек жолы Бөрлі ауданы Тихонов орта мектебінен басталған. Біздің ауданымызда 20 жылдай табысты еңбек етіп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан ардагер. 50 жыл ұстаздық қызметінде 4 бірдей білім ұясын 40 жыл басқарған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «ҚазССР-нің ағарту ісінің үздігі»  және «Құрметті директор» атақтары бар. Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан алған Алғыс хаттан бастап көптеген марапаттардың иесі. Ауданымыздың білім саласына үлкен еңбек сіңірген Асқар Ашуұлы Бөрлі ауданының құрметті азаматы. Асқар Ақышевтің бұдан басқа да елеулі істері мен марапаттары көп. Ол кісі туралы көп айтуға болады. Бүгінде құрметті демалыстағы ардагер ұстаз осынау жетістіктерге білімге деген құштарлықтың, бала оқытудағы тынымсыз ізденістердің арқасында жетіп отыр. Заман ағымына тез бейімделетін, ойы жүйрік, істе алғыр ұстаз қоғамдық өмірде әлі де белсенді. Өмірлік, ұстаздық тәжірибелерімен бөлісуден жалықпайды. Оған дәлел жоғарыдағы аталған кітабы болса керек. Сондай ақ әлеуметтік желілерде ой-пікірлерін әркез білдіріп отырады.

2 тамыз Әуе десанты күні екен. Көбіміз әскерге қатысымыз болмағасын бұл күнді елей бермейтініміз рас. Оның үстіне ауыл баласы үшін десант қайда, біреу қайда? Ал ұстаз үшін, бала тәрбиесімен айналысушылар үшін барлық күн елеулі, барлық күн атаулы екен. Осы атаулы күннің жас ұрпақ тәрбиесінде қаншалықты маңызды екенін алыс ауылдың мұғалімінің қалай жанымен сезінгенін және бала жүрегіндегі қызығушылықты қалай оята алғаны туралы оқып көрейікші. Мені толқытты. Сізді де толқытады деп ойлаймын. Өйткені бұл бала тәрбиесіне, соның ішінде патриоттық тәрбиеге қосылған зор үлес болса керек.

«Әуе десанты әскерлер күніне орай осыдан 45 жыл бұрын Бөрлі ауданының бір түпкірінде орналасқан Тихоновка деген ауылында парашютистерді қалай дайындағанымыз есіме түсті. Ол кезде жастық бойымыздағы күш-қуатымызды, ақыл-ойымызды, білімімізді, тәрбиені оқушыларымызға тек қана сабақта емес, әртүрлі кластан тыс үйірмелерде, тәрбиелік мәні зор диспуттары, кездесулерде т.б. шараларда көшбасшы  болып батыл өткізген кезіміз есімде. Ол кезде мен жас мектеп директоры әрбір мұғалімге өз пәніне байланысты үйірмеден басқа тағы да қолдарынан келетін спорт, көркемөнерпаздық, авиамодельдік, т.б. үйірмелерді өз еріктерімен  басқаруды ұсындым. Ол заманда бір үйірме басқару әр мұғалімге міндетті болатын. Ал өзіміздің бұрынғы оқушымыз өте білікті математик, мектебіміздің «еркесі» қосымша тапсырманы алғысы келмеді ме, ол үйірмені басқару үшін қолымнан келсе, менің көмегім керек екенін айтты. Өзі парашют спортының мастері, парашют үйірмесін ашу үшін бірнеше шарттарды жазып берді. Менің қолымнан келмесе, үйірмеден құтылдым  деп ойлаған сияқты. Бірақ 24 баланы медкомиссияға апарудан бастап керек уақытында график бойынша Оралға мұнарадан секіруге баруға көлік тауып, тағы да жағдайлар жасап қиындыққа қарамай мен міндетімді орындадым. Оқу жылы бітерде 25 мамыр күні, соңғы қоңырау күні таңғы сағат алтыда ауыл аймағында мектеп бітіретін 24 түлегіміздің самолеттен секіретінін естігенде бүкіл ауыл болып толғаныста болдық. Ертеңіне келісілгендей, 25 май таңғы сағат 6-00 де, сиыр айдарда самолет ауылды бір айналып қонып, біздің 23 (біреуін қорқып мамасы жібермеді) түлегіміз самолеттен парашютпен секіріп аман-есен белгіленген шеңберге қонды. Соңынан Оралдан келген он шақты парашютистер біздің мұғалімімізбен бірге бірнеше рет мәнерлеп секірудің түрлерін көрсетіп бүкіл ауылды қызыққа батырды. Түлектеріміздің батырлығы туралы әңгіме соңғы қоңырауда айтылып, ел аузында көпке дейін сақталды. Ұлдарымыз армияға барғанда әуе әскерлер тобына түсіп, қыздарымыз парашют, планер спортымен шұғылдануға мүмкіндік алды.

Ал, қаладағы №20 мектепті басқарғанда Зачаганскінің қасында ДОСААФ-тың аэродромы жақындығын пайдаланып көп  оқушыларымыз парашют, планер клубтарына барып әртүрлі кәсіби түрде жетістіктерге жетіп, марапаттар мен спорттық разрядтардың иелері болып жүрді. Парашют спортының мәні мен мазмұны, оның Отанымызға қанша керектігі, адам бойындағы ұстанымдарды  дамытудағы тәрбиелік  орны ол бөлек әңгіме. Әуе әскерлер күні құтты болсын!»

«Жүрекке жылы шақтарым» (Записи директора школы) кітабының 57-беті.

WhatsApp Image 2025-08-06 at 17.47.45

Бұл мақала Асқар Ақышевтің Facebook парақшасында жарияланған. Көптеген комментарийлер, жылы сөздер арналған авторға. Солардың бірі Үміт Жұмағалиева: «Асқар ағай, қаншама түлектеріңіз әлемнің әр жерінде жүріп сізхге деген ризашылығын жүректерінде алып жүр. Оларға көк аспанға шарықтауға, қанаттарын жаюға, көкіректерінің шыңдалуына берген мүмкіндіктеріңіз сіздің әрекеттеріңіздің арқасында» - деп жазған екен. Міне, аудан тарихындағы білім саласының  бір үзік парақшасы осындай.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале