Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандағы құрылыс жұмыстарының барысын бағамдап, тиісті тапсырмалар берді.

Өңір басшысы алдымен Курени шағынауданы тұсындағы Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстарымен танысты. Аталған жоба өзен маңы аумақтарын су басудан қорғауға, жағалауды бекітуге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Құны 784,6 млн теңге тұратын жобаны мердігер «Барыс Нұр» ЖШС «жандандыруда». Жобаның сапалы жүзеге асырылуына техникалық қадағалаушы «Батыс Сервис Инженеринг», ауторлық қадағалаушы «Уралводпроект» ЖШС компаниялары да мүдделі. Шамсутдинов көшесінен кемежайға дейінгі 286 метр жаға бөлігіне топырақ салынып, қиыршықтас пен темірбетон плиталар төселген.
Құрылыс жұмыстары биылғы маусым айында басталған. Жұмыс қолы да, техника да жеткілікті. «Құрылысшылардың қазіргі жұмыс қарқыны жаман емес. Енді 14 айға жоспарланған құрылыс нысаны жыл соңына дейін аяқталып, алдағы жылы жаяу жүргіншілер жолы салынып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі», – десті мердігер компания өкілдері. Жағалау жаяу жүргіншілер серуендеп, өзен шуына құлақ түретін әдемі табиғат мүйісіне айналатыны айтылды. Сонымен қатар осы жобаның жалғасы іспетті Стрижаченко мен Шамсутдинов көшелері аралығындағы өзеннің 383,6 метр жағалауын мердігер «Turan Story Service» ЖШС нығайтуда. Жобаның құны – 873,1 млн теңге. Шаһардың ескі бөлігі саналатын Курени ауданындағы Жағалау көшесімен бұрынғыдай аутокөліктер жүрмейді, дұрысы жүре алмайды. Өйткені өзен жыл санап жағаны кеміріп, жар басындағы тұрғын үйлерге қарай аранын аша түскен. Кейбіріне бірер метрдей қалыпты. «Баспанамыз суға жұтыла ма?» деген қорқынышты оймен тірлік кешкен тұрғындардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Енді олар тыныш ұйықтайтын шығар. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен аталған жағалау бөліктерін бекітуге жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлінді.

Одан кейін облыс әкімі А. Островский атындағы облыстық орыс драма театры ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары барысын көріп, бағамдады. Жаңарту нәтижесінде көрермендер мен театр қызметкерлеріне жайлы жағдай жасалып, мәдени іс-шараларды өткізу мүмкіндігі кеңейеді. Облыс басшысы қазақ өнер шаңырағына бет алған тұста жолшыбай «Amanat» партиясы филиалы ғимаратының қасбетін жаңарту жұмыстарын қарады. Бұл ғимарат демеушілердің, кәсібі бар депутаттардың қаржылай қолдауымен жаңарып-жақсаруда.
Оралдың бас көшесінде орналасқан Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Тоқтап қалып, жаңа мердігермен қайта жалғасқан ауқымды шаруаның орындалу үрдістері әкім назарынан тыс қалмады. Театр ғимаратын жөндеу ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Жоба құны – 2,2 млн теңге. Өңір басшысы мердігер – «Күмбез» компаниясы (ауторлық қадағалау жұмыстарын жүргізуші – «Инжсервис плюс» ЖШС (техникалық қадағалаушы «БК Монтаж» ЖШС) өкілдеріне құрылыстың сапалы жүргізілуіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Мердігер компания өкілдерімен әңгімелесу кезінде ғимараттың сәулеттік келбетін сақтау мен сахнаның техникалық жабдықталуын жақсартуға баса назар аударылатыны сөз болды. Нариман Төреғалиұлы ғимарат жертөлесіне түсіп, ондағы құрылыс жұмыстарының нәтижесімен танысты. Төбеден аққан жаңбыр суы іргеге жиналып, әдетте жертөлеге құйылатын. Содан да жертөле 70-80 сантиметрдей шалшық суға толатын. Оның сарғайған салтақ-салтақ ізі әлі көрінеді. Осылай жалғаса берсе, нысанның жағдайы мүшкілденетіні сөзсіз еді. Құрылысшылар жертөлені қайта жөндеп бекітіп, ғимарат іргетасын нығайтқан. Мердігер компанияның өкілі Қуаныш Қабиденнің айтуынша, құрылыста 35 адам еңбек етуде. «Театр ғимаратын жөндеу жыл аяғында аяқталады. Алдымен демонтаждау жұмыстары 100%, жертөлені жөндеу және ондағы жылыту, сумен қамту, кәріз құбырларын тарту жұмыстары бітті. Аутоматты өрт сөндіру құрылғыларын орнату жұмыстары жалғасуда. Қасбеттегі және ішкі құрылыс жұмыстары басталды. Сахнаны арнайы дизайнмен жасаймыз», – деді құрылыс учаскесінің бастығы Қуаныш Қабиден.
Сондай-ақ өңір басшысы Орал қаласындағы Стелла ескерткіші аумағына барып, ондағы абаттандыру жұмыстары барысын тексерді. Сонымен қатар аумақты көркейту бойынша бірге жүрген халық қалаулыларымен пікірлесті. Бұл жердің қаланың маңызды нышандарының бірі екенін атап өтті. Мұнда демалыс аймақтары жасақталып, отырғыштар қойылмақ.
Сонымен қатар өзен жағалауы нығайтылады. Бұл жердің сай-саласын тегістеу үшін біраз топырақ төгілген. Алдағы қала күніне қарай оралдықтар мен қала қонақтарына жаңа әрі көрікті жағалау тарту болмақ.
Сапардың соңғы нүктесі С. Датов атындағы алаңда қойылды. Мұнда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Жаңа тақтастар төселіп жатыр. Ескі тақтастар қаланың басқа орындарын абаттандыруға пайдаланылмақ. Мұнда тұрғындардың демалуына және бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістік құрылмақ. Облыс әкімі құрылысшылармен тілдесіп, жұмысты сапалы аяқтауды тапсырды.
– Жалпы облыс көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы – бір күндік не бір жылдық емес, өмір бойы жалғасатын жұмыс. Осы акция бойынша адамдардың жүріп-тұруына, демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында біраз жұмыс қолға алынды. Былтырғы су тасқыны кезінде қиын болғаны есімізде, енді сол жағдай қайталанбасын деп жағалауды бекітудеміз.Құрылыс жұмыстары жүргізілген жағалау ұзақ жылдар бойы қызмет етеді.
Қалада барлық театрды жөндеп бола келдік. Қазір екі үлкен өнер шаңырағы ғимараттары жөнделуде. А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрының құрылысын алдағы қала күніне қарай аяқтауды тапсырдым. Жұмыс кестесі бойынша оның жұмысы қазан айына дейін жалғасуы керек. Қазақ драма театрын ғимаратының жертөлесінің қандай жағдайда болғанын көрдіңіздер. Аралап көрген соң, ғимаратты жөндеуге шұғыл шешім қабылдауға тура келді. Әйтпесе, театрдан «айырылып» қалар едік. Театрдағы құрылыс жыл соңына дейін аяқталады. Ремзауыт ауданындағы халық шығармашылығы орталығы ғимараты, «Жастар» мәдениет сарайы жөнделді. Жайық жағасындағы Стелла ескерткіші маңын, оның су шайған жерлерін жаңартып, күрделі жөндеуден өткізудеміз.

Одан басқа облыс орталығындағы 1987 жылы салынған теміржол вокзалы күні бүгінге жөндеу көрмеген-ді. Қазір ол жаңартылып, қайта құрылуда. Бұрын вокзалға кіргеннен кейін жер асты өткелімен өтіп, перронға шығатынбыз. Жертөле арқылы шығу балалы әйелдерге, қолдарында ауыр сөмкелері бар жолаушыларға оңай тимейтін. Енді вокзалдан перронға тіке шығатындай етіп жаңартудамыз. Қалада тынымбақтар жаңартылуда. Оның барлығы қала күніне дейін аяқталмақ. Сонымен қатар теміржол вокзалы алдындағы сквер де қайта жаңғыртылады. Оны жылдың соңына дейін аяқтау міндеттелді. Осы жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыру. Біз халықтың демалуына, мәдени тұрғыда дамуына және тарихи мұраны сақтауға жағдай туғызуға жұмыстанудамыз. Әр жоба уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс, өйткені бұл тікелей қаламыздың келбетіне және тұрғындардың жайлылығына әсер етеді, – деді облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»