15.08.2025, 18:00
Оқылды: 361

«Қаһарман аудан – Жәнібек: 1941-1945 жылдар» кітабының тұсауы кесілді 

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Қаһарман аудан – Жәнібек: 1941-1945 жылдар» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Оған аудан орталығындағы мекемелер мен бөлімдердің қызметкерлері, ауылдық округтердің әкімдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жұртшылық өкілдері қатысты.

image-15-08-25-04-52-3

​Шараны аудандық демалыс орталығы директорының орынбасары Лариса Абдуғалиева ашып жүргізіп отырды. Жәнібек ауданы әкімдігінің тапсырысы бойынша кітап жерлесіміз, аудандағы талай игілікті істерге атсалысып жүрген атымтай жомарт азамат, «Олжа» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Сұлтан Неталиевтің қолдау көрсетуімен және қаржылай демеушілігімен жарық көріп отыр. Кітапта аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысөзі берілген.

image-15-08-25-04-52

​Жинақты құрастырғанда екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында, соның ішінде соғыс отына шарпылған Жәнібек ауданы туралы деректер келтірген С.П.Белан, Қ.Досқалиев, Г.Букаткин кітаптары мен мұрағат құжаттарынан, Жәнібек ауданы: тарихи-танымдық анықтамалығынан, Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінде жарияланған әр жылдардағы материалдар және Б.Боранбаеваның, А.Құсайыновтың, Н.Жапақовтың, А.Батырхановтың, Н.Текебаевтың, Г.Мәдидің, М.Фазылованың Е.Жиеналиевтің, Ж.Каргиннің мақалалары алынған.

image-15-08-25-04-52-2

​Сонымен бірге аудандық ардагерлер кеңесі мен кітапхананың қолжазба қорындағы материалдар және кітапханашы Қ.Қадыралиеваның Е.Ниетқалиев, Х.Доспанова, Ш.Мәжитовке арналған әдістемелік көмекші құралдары пайдаланылған. Әр жылдарда жарияланған материалдарды Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жинақтаған екен. Кітап өскелең ұрпақты туған жерінің тарихын, соның ішінде соғыс жылдарындағы ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар болуға міндеттейді. Түрлі-түсті суреттермен көркем безендірілген жинақ 150 дана таралыммен Алматы қаласындағы «Қазақ кітабы» баспасынан басылып шыққан.

image-15-08-25-04-52-1

​Шара барысында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, меценат Сұлтан Неталиев сөз сөйледі. Кітаптың тұсаукесер рәсімін Амангелді Мырзағалиұлы мен Сұлтан Дүйсенғалиұлы атқарды. Соңында Жаннұр Бекбауұлы С.Неталиевті аудан әкімі Тимур Шиниязовтың атынан Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай шығарылған №1 төсбелгімен марапаттап, кәулігін салтанатты жағдайда табыс етті.

image-15-08-25-04-52-5

​Салтанатты жиын барысында ән қалықтап, күмбірлеген күй төгілді.

 

Асқар Орынғалиұлы,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале