2.09.2025, 17:15
Оқылды: 175

4,1 миллионнан астам оқушы жаңа 2025–2026 оқу жылын бастады

Елімізде жаңа оқу жылы басталды, бүгін Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам мектеп 4,1 миллионнан астам оқушы үшін өз есіктерін қайта ашты. Ал 363 461 бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. 

казталов мектеп (8)

Оқу-ағарту министрлігі заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Атап айтқанда, жаңа мектептер салу және ескі мектептерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды:

​- 127 мектеп реновация бағдарламасы аясында жөнделді, жыл соңына дейін олардың саны 245-ке жетеді;

​- шамамен 1 000 мектепте модернизация жұмыстары жүргізілуде — олар заманауи жабдықтармен және функционалды оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі;

- ​83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Соның тең жартысы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Бұл шаралардың нәтижесінде еліміздің білім беру жүйесі қосымша 100 мыңға жуық жаңа оқушы орнымен толықты. Бұл — мектептегі орын тапшылығын шешу және әр балаға жайлы білім алу жағдайын жасау жолындағы маңызды қадам.

Білім күніне арналған мерекелік шаралар республикадағы барлық мектепте өтті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға жаңа жетістіктер мен жарқын табыстар тіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда оқу процесі 2 қыркүйектен басталып, 25 мамырға дейін жалғасады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале