Бүгінгі таңдағы қоғамның өзекті мәселесі – жеткіншектерді елжандылық пен қазақстандық азаматтарды ұлтаралық ынтымақтастығы рухында тәрбиелеу. Ұялы ауылында осы бір өзекті мәселені тақырып еткен тағылымы мол шара өтті.

Шараға аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Мақсот Құрамшин, ауылдық округ әкімі Ерлан Ермекқалиев, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің директоры А.Меңдіғалиев, ұстаздар мен оқушылар, Отан алдындағы әскери борыншын орындауға кеткен жас сарбаздардың ата-аналары қатысты. Жиналған қауым патриоттық тәрбие туралы пікір алмасты.
Отанға деген сүйіспеншілік – азаматтың еліне деген үлкен құрметінің белгісі. Отансүйгіштік отбасындағы тәрбиемен өзектес. Туған ұясында ұлтын сүю, елге қызмет ету, Отан алдындағы парызды өтеу сияқты азаматтық міндет туралы айтылып, сүйекке сіңімді тәрбие берілген отбасында нағыз елжанды ерлер өсіп өнетіні сөзсіз. Мақсот Сүндетұлы дәл осылай дей келіп, қорғаныс істері бөлімінің атынан азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-аналарына алғысхаттар табыстады.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы