10.09.2025, 10:10
Оқылды: 281

Жолдау – стратегиялық бағдар

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын жариялады.

DSC04891

"КазИИТУ" ғылыми-білім кешенінің студенттер сарайында Президент Жолдауының тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды. Іс-шараға университеттің, колледждер мен мектеп-лицейдің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Мемлекет басшысы Жолдауында елдің экономикалық және әлеуметтік саясатының маңызды мақсаттары мен міндеттерін айқындап берді. "Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз, бәріміз, жаппай цифрландыру және Жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ, өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет", – деді Президент.

Бүгінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуы халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етуде. Мемлекет басшысы ел алдына өте маңызды стратегиялық мақсат қойды. "Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болу керек. Алдымен цифрлық кодексті қабылдауды тездетуіміз керек. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Президент бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Соған орай 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды. Жолдау халықты әлеуметтік қолдау шаралары, құрылыс, жол-көлік қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларды дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді айқындады.

DSC04906

Ақсерік Әйтімов, "ҚазИИТУ" ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ҚР ҰИА вице-президенті, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик:

– Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің қарқынды дамуы  цифрлық жаңғырумен тығыз байланысты екенін айтты. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады деді. Біздің университеттің студенттері оқытушыларымен бірлесіп цифрландыру, роботты техника саласында зор жетістікке жетіп жүр. Түрлі заманауи көліктер жасап, жел және күн энергиясын беретін құрылғыларды іске қосты. Енді біздің студенттер жасанды интеллектіні де қолданады деп ойлаймын. Мысалы, арпа, күнбағыстан көбірек өнім алғымыз келсе, жердің сапасын білуіміз керек. Ол үшін жасанды интеллект қажет. Суды үнемдеп пайдалану, күні-түні мал бағып жүрген бақташылардың жұмысын жеңілдету үшін де жасанды интеллектке жүгінген жөн. Бара-бара жұмысшы мамандықтарды осы жасанды интеллект алмастырады. Ол үшін біздің студенттер  білімді  болуы  тиіс.

WhatsApp Image 2025-09-09 at 20.08.09

Әліби Баяхов, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев стратегиялық жоспарды жария етті. Жолдауда цифрлық технология, Жасанды интелект, инвестиция тартумен қатар, саяси реформалар да айтылды. Биыл қабылданғанына 30 жыл толған еліміздің Конституциясына 56 өзгеріс пен түзетулер енгізілді. Бұл аса қажет. Біз атқарылып жатқан жұмыстың күнделікті өмірмен тығыз байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Президент Жолдауында қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне тоқталды. "Заң және тәртіп" қағидатын берік орнықтырудың маңызын атады. Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтінін айтты. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуы тиіс. Қазір біз сапалы білім беріп, ғылыммен айналысуымыз қажет. Біздің оқу орны Жолдауда айтылған маңызды мақсат-міндеттерді басшылыққа алып қызмет етеді.

DSC04914

Сабыржан Ілияс, ҚазИИТУ-дың  2-курс студенті:

– Мемлекет басшысының "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауы жастар үшін үлкен мәнге ие. Президент өз сөзінде еліміздің болашағы саналы ұрпақтың қолында екенін атап өтті. Біз, жастар, сапалы білім алып, мемлекетіміздің өркендеуіне үлесімізді қосамыз деп сенемін.

Ясипа Рахимқызы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале