19.09.2025, 14:30
Оқылды: 387

«Келешек мектептері» көбейіп келеді

Облыста «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи бірқатар  мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. 

69f01343-954a-4f5e-ba3d-7f1c17eae080

Сейсенбі күні облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданы мен Орал қаласында салынып жатқан жаңа мектептерді аралап шықты. Әкім, ең алдымен, Бәйтерек ауданы, Достық ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында  бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектепке барды.

– Біз әрбір баланың, оның қай жерде тұратынына қарамастан, жайлы және заманауи мектепте оқуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл нысандар жай ғана ғимарат емес, бұл – біздің балаларымыздың болашағы. Сондықтан әр мектептің құрылысы сапалы аяқталуы тиіс, – деді Нариман Төреғалиев.

Ауылдың ажарын ашып тұрған іргелі білім ошағының құрылысы толықтай бітіп, қазіргі күнде жиһаздарды орналастыру, тазалық жұмыстары жүріп жатыр екен. Мердігер ұйым – «СФ Алтим» ЖШС-ның бас директоры Оралбай Жангереевтің айтуынша, заманауи мектеп құрылыс талаптарына толық сай жасалған. Барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым 100% дайын, қабылдау актілері ресми түрде бекітілген. Құрылыс жұмыстарына 300-ден астам жұмысшы тартылған. Мектеп жиһаздарының бір бөлігі Түркістан облысынан жеткізілсе, шкафтар мен сөрелерді жергілікті фабрика дайындаған.

07cd9858-153d-4d3c-95f6-5765e7a22d28

– Барлық материал – отандық өндірістен. Қазір соңғы жұмыстар жүріп жатыр: парталар қойылып, аулаға шырша ағаштар отырғызылуда, – деді Оралбай Жангереев.

Оқушыларға заманауи сыныптар, пән кабинеттері мен спорт залдар ұсынылса, мұғалімдер үшін де жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Ауыл тұрғындары асыға күтіп жүрген білім ошағы жақын күндері пайдалануға берілмек. Бұдан соң облыс әкімі Орал қаласындағы 400 оқушыға арналған №8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейге табан тіреді. Бұл білім ошағы – дарынды балаларды қолдап, олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілетін дамытуға бағытталған ерекше оқу орны. Оның ескі ғимараты 2019 жылы апатты деп танылғанымен, жаңа мектеп құрылысы тек 2024 жылы басталған.

– Алты жыл бойы біздің оқушылар мен мұғалімдер басқа мектептердің «қонағы» болды. Алдымен №37 мектепте, кейін эстетикалық бағыттағы гимназияның ескі ғимаратында оқыдық. Бұл біз үшін өте қиын кезеңдердің бірі еді. Қазір мектепте 412 оқушы (5-11 сыныптар) білім алуда. Мектепте 51 мұғалім қызмет атқарады. Барша ұжым мен ата-аналар жаңа мектептің ашылуын тағатсыздана күтуде, – деді мектеп директоры Алимa Саурова.

aad3b6cc-4226-4eab-b656-9591692f9410

Аталмыш мектептің кітапхана меңгерушісі Меңсұлу Арықова жаңа ғимараттағы ерекше оқу жағдайына  қуанышты  екенін  жеткізді.

– Бұрын кітаптарымызды сақтау мүмкіндігі шектеулі болатын. Қазір кең, жарық кітапхана, жаңа сөрелер, оқушыларға арналған жайлы оқу залы бар. Бұл – шын мәнінде біздің балаларымызға үлкен серпіліс сыйлары анық, – дейді ол.

№8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейдің құрылысын «Болашақ-Т» ЖШС бір жылда салып берген.  Мектепте оқушылардың жанжақты дамуына арналған зертханалар, шығармашылық студиялар бар және спорт алаңдары жабдықталады. Мектеп құрылысына сапалы кірпіш, мәрмәр баспалдақтар мен оқушылардың аяғы тайып кетпесін деп арнайы төсеніштер пайдаланған.  Жарқыраған жаңа білім ошағы мұғалімдер күні қарсаңында салтанатты түрде ашылады деп күтілуде.

Облыс аумағында ҚР Ұлттық қоры қаржыландырып жатқан келесі ірі жобалардың бірі – Жәңгір хан көшесіндегі 600 орындық мектеп құрылысы. «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан мектептің дайындық деңгейі 82%, ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұ-рылым толығымен аяқталған. Құрылысты «Жайық жарығы» ЖШС жүргізуде. Техникалық директор Мақсат Батырбековтің айтуынша, қазіргі таңда 120-дан астам жұмысшы күн-түн демей еңбек етуде.

– Басында кідірістер болды, бірақ қазір жоспарды қуып жеттік. Жақын апталарда құрылысты толық аяқтаймыз, – деді ол.

Түстен кейін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданындағы бірнеше білім нысанын аралады. Пугачев ауылында 300 орындық мектептің құрылысын «Жайық сити» ЖШС жүргізуде. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары мен аула абаттандыруы қызу қарқынмен атқарылуда.

a70a449b-ea57-42cd-abf4-26486023700e

Ақсай қаласындағы 13-шағынаудан мен Ихсанов көшесінде салынып жатқан екі мектеп (тиісінше 900 және 300 орындық) – қала үшін аса маңызды жобалардың бірі. Өйткені бұл шағын аудандарда халық саны жыл сайын артып келеді.  Мердігер компания – «Альтаир СК-7» өкілдерінің айтуынша, бұл мектептер «Келешек мектептері» жобасына сай: кең сыныптар, зертханалар, акт және спорт залдары заманауи құралдармен жабдықталады.

Облыс орталығы мен Бәйтерек және Бөрлі аудандарында бой көтерген мектептердің құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі әр нысанда құрылыс сапасына қатаң мән беруге және жұмысты ширатуға тапсырма берді. «Келешек мектептері» жобасы ауқымында бүгінге дейін облыста төрт мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта бес нысан салынып жатыр.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале