Жаңажол ауылында ерекше форматта «Адал адам – адал еңбек» атты облыстық мотивациялық жастар форумы ұйымдастырылды. Аталмыш форум Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауына орайластырылған. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды еңбекке баулу, кәсіптік шеберлікті дамытуға ынталандыру, сондай-ақ адал еңбекпен табысқа жеткен азаматтарды дәріптеу.

Алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар форумға қатысушы жастарға сәттілік тілеп, еңбек пен білімге негізделген болашақтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар жас кәсіпкерлерге аудан әкімінің атынан алғысхаттар табыстады.

Жиынға жас мамандар, жоғары сынып оқушылары, кәсіпкерлер мен ауылдық округтерден келген жастар қатысып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды. Форумда еңбекқорлық, мамандыққа деген адал көзқарас, кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдар мен табысқа жетудің нақты жолдары туралы әңгіме өрбіді.
Форум шымылдығын ашқан шара модераторы Дәурен Мерешов Президент бастамасының маңыздылығына тоқталып, адал еңбек арқылы жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолы жастарға үлгі болуға тиіс екенін атап өтті.

Форум барысында спикер ретінде бірнеше өңірлік және облыстық деңгейдегі кәсіпкерлер мен белсенді жастар сөз сөйледі. Атап айтсақ: Азат Рашидов – фермер, Қазақ ақбас палатасының мүшесі, Тәуелсіздік ұрпақтары президенттік грантының иегері;
Нұрбек Нұрсейітов – кәсіпкер, «Qos Ozen» ЖШС құрылтайшысы;
Элгун Джаналиев – жеке кәсіпкер, «Ассамблея жастары» РҚБ БҚО филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі;
Бауыржан Бақтығалиев – Жаңажол ауылының тумасы, «Village Park» демалыс орнының негізін қалаушы;
Дулат Мақатов – «Respublica» партиясының БҚО филиалы төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.
Форумда ең әсерлі сұрақ-жауап бөлімі болды. Бұл кезеңде қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі мамандардан нақты жауап алды. Әрбір қонақ өз саласындағы жетістіктерін, кездескен қиындықтарын және одан қалай шыққанын шынайы әрі ашық айтты. Мысалы, фермер Азат Лаврұлы атакәсіпті таңдаудағы себептерімен бөлісіп, президенттік грантты қандай жобамен жеңіп алғанын әңгімеледі. Ал кәсіпкер Бауыржан Мәлікұлы туған ауылынан алған тәрбиенің өмірлік жолына қалай ықпал еткенін айтты. Өз кезегінде қоғам белсендісі Дулат Нұрланұлы волонтерлық қызметтің мән-маңызын тарқатып, қоғамдық жұмыстар мен кәсіби қызметті қалай қатар алып жүріп жүргенін баяндады. Кәсіпкер Элгун Ахмедоглу қарапайымдылық пен қайырымдылықтың өмірлік ұстанымдарына айналғанын жеткізсе, Нұрбек Мұсаұлы балық шаруашылығындағы кәсіпкерліктің қызығы мен шыжығы, алда тұрған жоспарлары жайлы баяндап берді.

Шара соңында ұйымдастырушылар форумның негізгі мақсаты – еңбек пен кәсіпті дәріптеу, жастардың бойында еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру екендігін тағы бір мәрте атап өтті.
«Атамекен» әні орындалып, бірлік пен патриотизмнің рухы жоғары деңгейде көрсетіліп, көк туымызды ұстаған жастар шабыттанып, алдағы өмір жолына тың серпін мен асқақ армандармен қарайтындай әсер қалдырды. Бұдан кейін аудан жастары мен форум қонақтары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жаңажол ауылына терек көшеттерін отырғызып, ауыл көркін жасыл желекке бөлейтін игі іске атсалысты.
Осындай мотивациялық кездесулердің жиі ұйымдастырылуы – ел ертеңі саналатын жастардың тұлғалық қалыптасуына, кәсіби дамуына және адал еңбекке деген сенімінің артуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Сыйлыхан Талапұлы,
Жаңақала ауданы