Кеше 24 қазан-кітапханашылар күніне орай облыстық Жастар мәдениет сарайында Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітапханашы – рухани байлықтың шамшырағы» атты мерекелік кеш өтті.

Жиынға аудан және ауылдық округ кітапханашылары қатысты. БҚО кітапханаларын модерницазиялаудың алғашқы пилоттық жобасы туралы «Jana klub – жаңашылдық ордасы» атты деректі фильмнің (режиссері Әлішер Гумаров) таныстырылымы көрсетіліп, «Рухани орда – жаңару мен жаңғырудың бастауы» кітап көрмесі тамашаланды. Шеруден кейін, марапаттау рәсімі басталды. Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапханасының бөлім меңгерушісі Айнұр Сансызбайқызына Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы С.Иманқұлованың атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісі табыс етілді.
Содай-ақ, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Райгүл Бисенбиева Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғысхат алды. Әрі қарай, мейрам мерекелік концертпен жалғасын тапты. Оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір болып, рухани тәрбиешіге айналған кітап жанашырларын кезекті марапаттарымен құттықтаймыз.
Ақерке Мәлікқызы
Жаңақала ауданы