Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Әке мектебі – ұлт тәрбиесінің өзегі» атты әкелер форумы өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, мекеме басшылары, түрлі салада еңбек етіп жүрген ер азаматтар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Форумның мақсаты – отбасының тірегі саналатын әкенің қоғамдағы орнын айқындап, оның мәртебесін көтеруді көздейді. Шара барысында әкенің жауапкершілігі мен беделі, отбасындағы рөлі кеңінен сөз етілді.
Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Бекболатұлы «Әке – баланың алғашқы тәрбиешісі» тақырыбында сөз алып, отбасы тәрбиесінің өзегіне айналған ана тілі мен ұлттық құндылықтар жайында ой қозғап, тәрбие мен менталитеттің өзегі ана тілінен басталатынын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде аудан прокуроры Жұмабай Ермеков те аудан аумағындағы қазіргі ахуалға тоқталып, бірқатар деректермен бөлісті. Биылғы жылдың он айында аудан бойынша 43 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның үшеуін кәмелет жасына толмаған мектеп оқушылары жасаған. Жалпы облыс көлемінде биыл 11 бала өз өзіне қол жұмсап, 14 бала оған оқталу әрекетін жасаған. Тергеу істері мен сараптамалар нәтижесінде жасөспірімдердің көпшілігінде жасырын депрессия белгілері анықталғаны айтылды.

Білім беру саласының ардагері Сәрсенбай Қуанышәлиев те әкенің отбасындағы орны мен тәрбиелік маңызы жөнінде өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, саналы ата-ана баланың эмоционалды, интеллектуалды және әлеуметтік дамуына әсер етіп, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Отбасының рухани, материалдық және тұрмыстық тұрақтылығы көбіне әкеге байланысты деді.

Сонымен қатар форум барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елемесов, аудандық кітапхананың директоры Нүркен Сабиров, М.Мәметова атындағы мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Бектелеуова және т.б өз ойларымен бөлісіп, әке мен отбасы тәрбиесі тақырыбында мазмұнды пікірлерін ортаға салды.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей орда ауданы

