19.11.2025, 15:30
Оқылды: 39

БҚО-да 177 мектепте 440-тан астам оқушы ЖРВИ-мен ауырған

Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 24 291 адамның жедел респираторлық вирустық инфекцияларды (ЖРВИ) жұқтырғаны белгілі болды, - деп жазады Kazinform

Sick little child girl lying in bed with thermometer. child shows a thermometer with high temperature

Фото: istockphoto.com

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, олардың 16 683-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 303-і 1 жасқа толмаған. 34 жүкті әйел де ауырған.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, облыстың 177 мектебінде 441 оқушы ЖРВИ-мен сырқаттанған. Білім ордалары жабылмағанымен, күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- 1 қазаннан бері 24 адамның тұмаудың А типінің H3N2 түріне шалдыққаны тіркелді. Бұлардың ішінде 8-і – 4 жасқа дейінгілер, 10-ы – 5-14 жас аралығындағы балалар, қалған алтауы – ересектер. Тұмау тәріздес вирустардан риновирус (35), бокавирус (12), аденовирус (9), парагрипп (7), пандемиялық емес коронавирус (7) және РС – вирус (1) анықталды, - деді Н.Мұстаев.

Маман жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін өздігінен емделмеу керектігін еске салды. ЖРВИ-дың алғашқы белгілері пайда болған кезде (қызба, бас ауруы, әлсіздік) міндетті түрде тұрғылықты жердегі медициналық мекемеге хабарласып, дәрігердің барлық ұсынысын орындау қажет.

- Ауру белгілері бар, түшкіретін немесе жөтелетін адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу керек. Оған қоса бөлмені үнемі желдетіп, таза ұстаған жөн. Салауатты өмір салтын ұстанып, жеткілікті ұйықтап, дұрыс тамақтану, сонымен қатар дене шынықтырумен айналысу маңызды, - деп қосты департамент басшысының орынбасары.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале