20.11.2025, 12:30
Оқылды: 79

Өлең өлкесі: өнерлік өрендер

Поэзия  әлеміне  бойлау  деген  ол біздің  бойымыздағы адамдықтың түп-тамырын іздеумен бірдей.  Өмірімізден  өлең  өшкен  күні  қыр қызғалдағындай  мың құлпырған тіршілік әп-сәтте қуқыл тартып солып сала береді.  Айуанда  арман  жоқ, құр  инстинкті ғана бар.  Сол секілді қиял әлемі, шабытты шақтарды көзімізден бұл-бұл ұшырып  алсақ, онда  көңіл айдыны суалып, Шыңғыс  Айтматовтың  «Ақ кемесіндей» біздің алдымыздан сағымдана  қол  бұлғап тұрған өз ішкі құпия мұратымыз да дереу келмеске ғайып  болады.  Осылай ойлағанда, ғұлама  Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтой аясында  ақындар мүшәйрасын  ұйымдастырушылардың, оны қолдаушы кәсіпкер азаматтың (атын атамауын өтініпті) жанкештілігіне  таңғалудың реті жоқ еді.  Алыстан шола білетін көкірек көзі барына  сүйсіндік.

gumar-karash

Фото: aqiqat.kazgazeta.kz

Жәнібектік  ағайындар  мен  қаламгерлердің  өңірлік  одағы  бөлімшесіне  шын  ризашылығымызды  білдіреміз.  Ал  аздап  абдырай  іркілсек,  негізгі  күдігіміз  өлең  хақында  болған-ды.  Бәйгеге  ат  қосқан  ең  жасы  он  алтыдағы  бозбала,  ішіндегі  «үлкен  ақсақалы» отыздағы 10  ақын  баба  мұрасына  қай  қырынан  келер  екен,  бейнесін  қай  деңгейде  алып  шығар  екен  деген  сұрау  жанымызды  жегідей  жегені  рас.    Төтелей  айтсақ,  өлең  өлкесінің  өрендері  олқы  түспеді.  Қазақтың  керемет  сұлу  тілін  меңгергендігі  соншалық,  қандай  тақырыпты  алса  да,  жаңбырдан  кейінгі  кемпірқосақтай  құбылтып  өрнектеп  ала  жөнеледі.

Лұқпан Меңдібек «Қыр-құдық құшағында» деген өле-ңін  былай  бастайды:

Таңдауы жоқ тағдырдай, тарамы жоқ жолдардай.

Қыр астынан шырқау биікке шарықтай көтерілген әншінің ащы даусы тәрізденіп, жон арқаңды қамшымен осып өткендей селк еткізеді. Сонша не болып жатыр екен деп шошына қарасаң, «...Құшағынан Қырқұдық үні шықты сәбидің». Жарық дүниеге шыр етіп, Ғұмар сәби келіп жатыр. Әрі қарай былай әкетеді:

Нұр  тарады  жүзіне қоюланған  фәнидің,

Қара  бұлттар  сейілді аспанынан  қара  үйдің.

Арғы жағы тіпті ғаламат. Бала күнімізде үлкендерден көп естуші едік, бір адам туғанда бір жердің топырағы бұрқ ете қалады екен, әне сол жерден мәңгілік мекен бұйыратын  көрінеді  деген-ді.

«Жаратқанның  жазмышы  қай қиырда іркілмек?!»

Құнаншапқан топырағы белгі берді бүлкілдеп.

Аутор осылай толғанады. Ілгеріде адам құлағы естіп-білмеген қаралы сұмдықтың келе жатқанын жаның сезіп, қылпылдаған ұстараның жүзінде отырғандай күй кешесің.

Осы өлеңде: «Ай – алынған тырнақтай» деген де жол бар. Мәдениетті ақын оның бөгде біреудің теңеуі екенін сездіру үшін тырнақшаға алып көрсетеді. Енді оның қай шығармадан алынғанын білуге ынтығасың. Қазылар алқасында болған Қазыбек Құттымұратұлы сол жерде бірден айтып отырды, бірақ біреудің олжасына оңай ортақтаспай-ақ қоялық деген ниетпен өзі табар деп патша көңілді оқырманның өз үлесіне қалдырдық. Осылай болғанда, бұл бір демде оқып шығатын «атқа жеңіл құдаша» өлең бе? Әлбетте, жоқ. Керісінше интеллектуалдық жағынан қуаты мол, философиялық ойға тұнған шырайлы шығарма.

Жанерке Ғинаяттың бастауы тіпті өте сұлу:

Кеудесіменен асбауыр тағдыр тақсірет теріп таңса да.

Маңдайалдысы болам деп бейқам қазақтың,

Таудай алғысын алам деп   бейқам қазақтың,

Маңдайға сыймай  кеткен   Ұлылар қаншама?!

Төрт аяқтыда нағыз сұлу жүрісті айналайын Ақалтекеден көрсеңіз, жер сауырлы жер бетіндегі жұмырбасты, екі аяқты пенделердің арасында Ақын ғана осылай жаза алады.

Азамат Бақиев бабамыздың «Қарлығаш» жинағына барып қайтады. «Келемін кештіғұрым елге қарап, Қалмайды бір қарлығаш алдымды орап. Ұмтылып желе жортып маған еріп, Ұмытты балаларын, кетті ұзап» деп

басталатын еңбектің шылауында бұйдаланып жүре берсе, құр жалаң дидактикаға ұрынар ма еді, кім білсін. Жас талант «ә» дегенде:

Қарлығаштың қанатына арман  байлап,

Жырыменен  көрсетіп  жалғанға  айбат.

Рух  сіңген  қазақтың  исін  аңсап,

Жүрегінде ізгі үміт қалған қайнап, – деп жыр тиегін ағытады. Қазылар алқасының және бір мүшесі ақын Нұртай Текебаев «Шіркін, лирик қой!» деп бір қозғалақтап қойды. Талант табиғатын жазбай танып отыр. Азамат төгіліп тұрған ақын.

Ақтілек Әлібекұлының алғашқы жолы нысанаға дөп тиді:

Ғұмырдың  ұшпағы  аз  да,  мұштағы  көп.

Бір қарағанда түсініксіздеу болып көрінуі мүмкін. Оған «мұштақ» деген сөздің аз-маз айыбы бар секілді. Өйткені, екінің бірі біле бермейді. «Маған көрінбеген бәрі – жоқ» деп құмға басын тығып отыратын страус деген құс болады. Біз ақынжанды халықпыз ғой. Қабілетті дарын иесіне құрметпен қарап, әр сөзінен ізденіс көріп отырғанымыз абзал. Анам марқұмнан: «Аттан биік, иттен маштақ» деген жұмбақты жиі естуші едім. Жауабы – кәдімгі аттың ері; ерттесең аттан биік, пеш түбіне қойсаң иттен аласа. «Маштақ», «мұштақ» болып түрленуі араб қарпінен әртүрлі оқылуы себепті. Ғұмардың «Ғабдола Мұштақ» дегенді бүркеншік есім псевдоним қылып алу төркінін ғалым Мақсат Тәжімұрат Ақтөбедегі «А-Полиграфия» ЖШС 2004 жылы жарық көрген «Ғұмар Қараш» кітабында «мұжтаһид» – «аса ынтызар болушы, аңсаушы, құмартушы» сөзінде жатыр деп түсіндіреді. Даль сөздігінде «маштақтың» бойы аласа адамға да қатысты қолданылатын түркі сөзі екені айтылады. Сонда Алланың алдындағы аласалық дегенді де білдірмей ме?! Сонымен бірге Ғұмар өскен өңірде Маштақ деген жер атауы барын естен шығармаған абзал. Осылай есте жоқ ескі сөзбен «жасқап» алған Ақтілек әрі қарай «шафхат пен ғибраттан халас қалып» деп көсіледі. Ғұмар өмір сүрген дәуірдің тілімен айтқысы келсе керек, бірақ жөндіжөнсіз тықпалай бермей жаңа сарынға да лезде ауысып отырады. Тіпті бүгінгі күннің өзекті өртеген біраз мәселелеріне де ақын ретінде азаматтық ұстанымын ашық айтады.

Осы  ма  оңды  өзгеріс  сен  қалаған,

Өз жерімнен шықты кен!

Ер  қалаған.

Өзімізге  алдық  па, Құдай  білсін,

Көз ашқалы сол қалып

жорғалаған – дегеніне күнделікті баспасөзді қалт жібермей оқитын қай оқырман дауласа кетер дейсіз. Қайта бабамыздың арман еткен асыл мұратын жүзеге асырудың орнына басқалай оспадарсыз қылық танытып жатқандарға ызалана түспей ме?

Арнұр Жұмабай жоғарыда біз айтқан ең жасы кіші ақын.

Алғашқы аяқ алысынан елең   еткізеді:

Тілдеседі  Тәңірмен дұға  жаның,

Жақтың  сенім  жүрекке  мың  алауың.

Жаны  аяулы  жан  іздеп  жүрегі  нұр,

Жыртығынан  жалғанның сығаладың.

Мына төмендегі түйдек-түйдек ойы мен тапқыр теңеулерін қиналмай-ақ кез келген мәдени кеш-жиынның негізгі тақырыбы етіп шетінен шертіп тұрып ала

беруге  болады:

Тәңір  сүйген  Ғұмарым!

Жаның  күйген  Ғұмарым!

Зарық  болған  Ғұмарым!

Жарық  болған  Ғұмарым!

Алаш  үні   Ғұмарым!

Қараш  ұлы  Ғұмарым!

Ауыр  шері  Ғұмарым!

Дәуір демі  Ғұмарым!

Алғашқы едің  Ғұмарым!

Марғасқа  едің  Ғұмарым!

Жанды  емдейтін Ғұмарым!

Мәңгі өлмейтін Ғұмарым!

Қасіретті  Ғұмарым!

Қасиетті  Ғұмарым!

Өлім  құшқан  Ғұмарым!

Өмір  сүрген  Ғұмарым!

Адасқанда ақ жолдан – алқам сенсің, тұмарым!

 

Ал Нұрым Ғұмардың мына өлеңін жайдақ мініп шауып кете алмайсың, деміңді алып іштей дайындалуың

қажет. Жаңа түр, өзгеше екпін бар. Осы екеуіне мазмұн

үстеп  оқу  оңайға  түспейді.

Азамат  ала  ма  елдің мұңын  жасыра?

Ол  шығуды  меже  тұтпаған тұғырға  асыға.

Елім  дегенді  езгілер езгі  заман  ғой,

«Отан»»  дегеннің от  төнген  жұмыр  басына.

 

Жазылған  үнпарақтарға   жыр  күдікпенен,

Ғұмыр майданын бастады ол, Қырқұдық, сенен,

«Адамның ұлы бол!» –  дейді  атам  қазағым,

Ал  мен  атамдай  болуға ұмтылып  келем.

Жұлдызды  жарық  сәулені  тұман  жапқанда,

Көк майса көңілің көк мұз  боп  қыраулатқанда,

Ғұмар  ғой  дарыта  білген ғасырға  мәнді.

Алты Алашқа аты әйгі  асыл  адамды,

Құрбан қып кетті амал не, «Құнаншапқанда».

«Қыз-Жібек» жырында Қособа,

Махамбеттің Қараойы бар.

Зұлымдықтың, қызғаныштың символы ретінде алыстан атойлап алдыңнан шыға келеді. Бірақ «Құнаншапқан» туралы олай ойлап көрмеген екенбіз.

Сөйтіп, алдымыздан «Құнаншапқан» тағы да бой көрсетті.

Той қылып құнанын жарыстырып жайбарақат жайма-шуақ хал кешіп отырған қайран ел амалсыздан жағын қарыстырып, арысының қызыл қанға боялған парша-парша денесін үйме табақтай етіп үнсіз ауылына алып келмеді ме?! Пушкин дуэльде оққа ұшты екен деп қай орыс орманынан безіп жатыр, біз де кішкентай ескерткіш-белгі соға алмасақ та, ең құрығанда, жан түршігерлік қасіреттің қаралы белгісі қып есімізде ұстап жүрейік те. Қайталанбас үшін, қайталамас үшін.

Ақындарға сол үшін мың да бір  рақмет.

Алтынбек Мерсадық салған жерден құлашын кеңге жайып бастайды. Ауқымы кең арнаны құшағыңа сыйдырып нөсерлете жырлау үшін ақындық қуатпен бірге білім де қажет.

Хақтан жеткен сөздерді  хатқа  түсіріп,

Елегізіп  тұратын  мақтаса  ұлық.

Кете  бардың...

Дәуірден, қоғамнан да,

Әруағың  сегіз  пейіш  бұлтқа сіңіп.

Ал бүгін ше?

«Алашшылдың  бәріне  құт  байланып,

Дін не, шын не?

Біз  қазір  ұқпай  қалдық.

«Құрбандық – қан ағызу»   деп  түсінген,

Ақыл  соққыш  молдалар  пұтқа  айналып.

Құндылықсыз, қастерсіз  құрып  бәрі,

Иман  жатыр  шідерлі,  құлыптаулы.

Қалды  енді  жазылған  жырларыңда,

Құдай  сүйген  қазақтың сынықтары.

Көріп отырсыздар, қасаң қағидаға да сүйенбейді, жылтыраған әшекейлі жасандылыққа да жол бермейді. Жастыққа тән албырт сезіммен ақжарма көңілден жырлайды, жалаң пафосты айналшықтамай, бүгінгі қоғамға да ақынға тән пікірін білдіреді. Жалпы мұндай максимализм мен романтика байқауға қатысушылардың бә-ріне  де  тән  болып  келеді.

Жолдас Нұрман 13-14 буынға жақындатып барып бастайды:

Жағаңа қарап, толқиды  жаным,  бозарады  рең,

Ерлерім  аз  ғой  кеткен  өмірден  өз  ажалымен.

Даланы кезіп желмаясымен  дана  шалдарым,

Бозінгеніне  ілдіріп  боз  ала  кілем!

Тамаша емес пе?! Ал  жоғарыдағы сөз болған «Құнаншапқанға» қайта оралсақ, жас ақын оған басқа қырынан  үңіледі:

Бұйырмады азат күн  Ғұмарға ақ таң,

Тарлан ер  Тәңір өзі тұмар  таққан.

Түксиеді  ен  дала  қаның  сіңген,

Түнеріп  құлазиды  Құнаншапқан.

Осы уақытқа дейін жас таланттардың өлеңді қалай

бастағанынан сөз қозғап келсек, Ернәсіл Рысқалиевке келгенде қалай аяқтағанын айтуға  тура  келеді:

Адамдардың осы  не  көксегені?

Ызамның  ішімдегі көп  себебі.

Безіп  кеткім  келеді  өз  далама,

Құрмаштың  секілденіп  Көксерегі.

Неге екенін қайдам, мұның алдындағы «Мәреге жете бара сүрінемін, Ақанның секілденіп Құлагері» дегенінен гөрі осы соңғы шумағы жүрегіңе қона кетеді. Мұқтар Әуезовтің шығармасын да, туынды желісі бойынша түсірілген киноны да көргенбіз ғой. Ернәсілдің осылай айтқанына еріксіз иланасыз. Әрі өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің үлгілерінен үзінді алу оқырманның жадын жаңғыртатын жақсы үрдіс. Өз бетіңмен  ізденуге  итермелейді.

Айкөркем Жалелова екі өлеңін де эпикалық сарында бастайды. Оқырман назарына ұсыналық:

Аты  да  оның,  заты да  оның  киелі,

Айтқан  сөзі – ақиқаттың  тиегі,

Ғұмардайын  ғұламаның алдында,

Күллі  Алаш алтын  басын  иеді,

Ғұмар  деген  тасып  жатқан  тасқын  ба?

Тауды көрдім  туа көзімді аштым  да,

Ғұмар  болып  жанартаулар  атқылап,

Жатыр  мынау  жер  мен   көктің  астында.

Немесе мынаған құлақ салайық:

Уа, Алашым  ардақ тұтқан сәйгүлік,

Қазақ  саған  қарайды   әлі  қайырылып.

Пырақ  керек  жылқы  мінез  халыққа,

Болмысынан қалмас үшін айырылып.

Арба екеш арбаның да алдыңғы дөңгелегі қайда дөңгелесе, артқысы да солай қарай дөңгелейді емес пе. Бұл қуатты екпінді аяғына дейін ұстап тұру да оңайға соқпайды. Термелеп жүре беру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы анықтама бергендей, «көп нәрсені сөз қылғанда, әрқайсысына айналып, баяндап жатпай, түрлі шөптің басын шалып оттап, тоқтамастан желге қарай тартып бара жатқан үй жануары сияқты түрлі нәрсені сөз қылып, бірақ ешқайсысына айналмастан, кідірместен ілгері қарай сырғи беру» жазба әдебиетке жат нәрсе, көркем поэзияға  үйлеспейді.

Ендігі әңгімеміз жәйімен олқылыққа  қарай  ауысады.

Жыр мүшәйрасының тақырыбы Ғұмар Қараштың «Замананың адамы» деген өлеңінен өте ұтымды алынған. Жеке қарастырғанда тұлғалық қасиетін, болмысын ашуға таптырмайтын дәйексөз болуға сұранып тұрғаны да рас. Болашақта да қолдана берілетініне күмән жоқ.

Лайымда, замана көшіне ілесіп ілгері аса бергей. Бірақ солай екен деп тұтас алып оқығанда оның сәл басқашалау контексте тұрғанына мүлдем көзжұмбайлық қылу әділдікке  жата  ма?

Қиянға пікір жүргізген,

Асылдығын алты Алашқа білгізген.

Қара қазан қамы үшін,

Тереңнен қиял ойлаған,

Еш бітірмей қоймаған,

Қашағаншыл талай  жүйріктің,

Биліктері  өз  басына мін  болды.

Осы тұрғыдан келгенде, жатып алып «тырнақ астынан кір іздеу» Ғұмар әлеміне батыл қанат сермеген қиялшыл балауса жастарға жасаған қиянат тәрізді болар еді.  Басқа шаруаны ысырып тастап үйде жалғыз қамалып талдау жасау өз алдына, қазылар алқасының отырысында кезек-кезек сөйлеп пікір қорғап, екі сағаттан астам уақыт талқылауды қосқанда, шындығында, айтылмаған нәрсе қалмады, сөздің тура мағынасында, тыныс белгілері – үтір-нүктесіне шейін сөз еттік.

Сыртымыздан көрген кісі бәйгеге түскен бір ақынның қос жыры, яғни ұзын-ырғасы жиырма өлеңді емес, болашақ жарық көргелі жатқан тұтас бір кітапты сөз қылып айтысып жатыр екен дер еді.

Бірден кірісіп кетпес үшін, әуелі Оразақын Асқардың 2004 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан шыққан «Отан деп оянғанда» кітабына жазған алғысөзіндегі Қадыр Мырза Әли ағамыздың толғанысын әрі қарайғы біздің жазу мақсатымызға сай келгендіктен тым жұлмаламай толық келтірген жөн шығар: «Әр аутордың өзіне ғана тән шығармашылық жетістігімен қоса, тек өзіне ғана тән көлеңке-кемістіктері де болады.

Кемшілік те табиғи құбылыс. Онымен сыншы күрескеннен гөрі аутордың өзі күрескені әлдеқайда дұрыс. Ал жаны да, жыры да сондай жайма-шуақ ақынның анау-мынау ақауын көрсетіп, жерден жеті қоян тапқандай, айнала айқай салу бір мақалаға жарасқанмен, бір мақалаға жараспайды. Әсіресе, әдебиетші қауымның көзіне көптен бері түспей келе жатқан ақынның көрікті жырларын тап осы жолы орынды-орынсыз жалаңаштау мен үшін күпіршілік сияқты болады да тұрады. Оның үстіне кемшіліктің де кемшілігі бар. Кез келген өлең кемшілігі дарын кемшілігі емес. Ол, әрі кеткенде, салақтық қана».

Төрт жолды бірдей тым-тәуір ұйқастырып келген Меңдібек бір сөзді жиі қайталауға жол береді. Бір ғана «Қырқұдық құшағында» өлеңінде «құшағы» деген сөзді үш рет қолданады. Өлең атауында тұрған сөз болғасын оған екпін түсіріп әдейілеп солай істеген шығар деуге «Құнаншапқан құшағы белгі берді бүлкілдеп» деген жерде «құшағынан» гөрі «топырағы» деп айқындаған дұрыс секілді. «Ақ күн туар Алашқа ақтық демі қалғанша» деген ойы дұрыс болғанымен, жеткізуде нақтылық жетіспей жатыр, тіпті «Ақтық демі қалғанша әйтеуір түбі ақ күні туар» деп те ұғынылады. Бір өлеңде «Қырқұдықтың» екі түрлі жазылуы мағыналық жағынан еш нұқсан келтірмесе де, жоғарыда Қадыр ақын айтқан, салақтықтың ғана салдары деп қабылдадық.

Жанерке «Кекке толғанда жел ғана құмар қойының» деген тұста ойын едәуір шашыратып алған секілді болып көрінеді. Қазақтың «қойын» деген сөзі «қойны-қонышына» келгенде аяқ астынан тонын өзгертіп «қойны» болып та кетпей ме? Оны айтпаған күннің өзінде әлгі сөйлемнің мағынасын, жалпы айтқысы келген ойды ажыратып алу қиынға  түседі  екен.

Азамат сезімді дәл береді. Тек әр жолы әрмен қарай жалғасып кету үшін сөзді ойнату жағы жетіспей жатады екен. Мысалы, «Жүрегінде ізгі үміт қалған қайнап» дегені құйғытып шауып келе жатқан Шалқұйрықты үш қанат арқан керіп тоқтатқандай ойды шорт кесіп аяқтап, өткен шаққа айналдырып жіберіп тұр. Оның орнына «салған ойнақ» деген сияқты ойнақыландырып келесі шумаққа жалғаса, қарлығашпен әрі қарайғы әңгімесі әдемі жалғасын таба берер ме еді дейсің. Ал «Кеудемдегі мұздан соққан тоннаны» деген тұсына келгенде Сәбит Мұқановтың «Өмір жалын болса, мен – домна пеш» деген ойын іштей қайталап отыр едік, төрағамыз, жазушы-журналист Бауыржан Файзоллаұлы шыдай алмай мына өлең жолдарын шабыттана жатқа оқып  жіберді:

Жанарының жарқылы да мың  ваттық,

Ақалтеке пырағындай  сымбатты.

Алауы  да, қалауы  да алмастай,

Арда кезді  сағынамын мен қатты!

Иә, халықаралық өлшем бірлігі жүйесінің қалыптасқан термині көркем жыр тілінде еркін «сөйлеп» тұр. Алғашқыны қанша жақаусыратсақ та, қалың жұртшылық санасына ақыры сіңбеуімен кетті. Азаматтың «тоннасын» оқырманның қалауы мен уақыт  таразысына  қалдырдық.

Ақтілек асығыстықтан ел аузында жүрген, екінің бірі жатқа айтатын сөз тіркестерін көпе-көрінеу бұзып жазады. «Кері айналады» деген мағынаны беру үшін «Бұл кезең арбасының дөңгелегі, Қайталауды шығарды алды соңнан» деп шұбалтып ала жөнеледі. «Бір аттың төбеліндей аз қауымды» дегені де солай, бір нәрсенің ат төбеліндей аз екенін айту үшін жылқының саны маңызды емес.

Арнұр «Отты құшқан орман болған ойларым, Жүрегіңді жылатады тілдесе» деп жазғанда өзінің ғажап сезіммен әлдилеп әкелген дүниесін «тілдесе» деген бірауыз сөздің тас-талқан қып бұзып тұрғанын сезбеген сияқты. «Тілдеу» деген қашанда агрессиялық сипатта келеді. Бәлкім, «тілдессе» дегісі келген шығар. «Тілдесу» – мүлдем  басқа.

«Ұртын сайлап күткенмен бәрі балды, Тағдыр бірақ тізгінсіз тағы қалды» деп лекітіп келе жатқан Нұрымның бұдан кейінгі «шыңының шаңына» космоста да тозаң болады деп мойын ұсынуға болар еді, алайда «гүлді есумен» келісу қиын соқты.

Алтынбек жоғарыда көрсеткеніміздей, жақсы бастап келіп, түйінге келгенде тастай қыла алмай қалған сияқты  болып  көрінеді.

Бір  білерім...

Өнер, ғылым  деуменен   жұтылды  әнің,

Аузына  қақпақ  болдың құтырғанның.

Сен  қоғамға  жақпаған пікір  едің,

Содан  шығар  түбінде  «ұтылғаның».

Осы соңғы екі жолға көз тоқтатып ойлансақ, әңгіме ғұламаның көзі тірісінде қоғамға жақпаған пікір болғаны туралы сөз болып тұр ма, я болмаса ол туралы пікір қоғамға кейін де жақпай жүр ме – осы екі ара жік ажыратылмай тұр. Бұдан өңге, тырнақшаға алса да, алмаса да аты аталып, атағы айдай әлемге жария болып жатқан ойшыл ақынның түбінде неден ұтылғаны түсініксіз.

Жолдас қанша жерден сылап-сипап бақса да, жарты әлемді аузына қаратып азуын айға білеген атақты Шыңғыс ханның шабан атқа отыруы  екіталай.

Ернәсіл қазақ айтыс өнерінде де жиі кездесетін тәсілмен Ғұмар бабасымен тілдеседі. Жөн-ақ. Бірақ  Ғұмар мен ақын екеуінің егіз қозыдай Ернәсілдің тілінде сөйлеуі, әсіресе, алдыңғысының даралануына, кесек образ болып қалыптасуына қатты кедергі  болып  тұр.

Айкөркемнің «Жүйрік бола қоймаған соң барлық ат, Құз жартастан тұлпар қалай қарғымақ» дегенін оқығанда «сонда барлық ат жүйрік болса, тұлпары құз жартастан қарғып өте береді-ау, шамасы!?» деп те ойлайды екенсің. «Барлық жылқы атаулы онсыз да шетінен шашасына шаң жұқпаған сәйгүлік болса, бұл жалғыз дүлдүлі құз жартастан қарғып не даңққа бөленгелі жүр ме екен?» деген дүдәмал ойдың да шырмауында қаласыз.

Ғұмар Қараштың Шәңгерейге  арнау  өлеңі:

Көріп  ғажап  бұ  ғазалны қалдым  қайран,

Мафьумы  неше  түрлі   алуан-алуан.

Теріліп  Пушкин, Лермонд  қылса  баян,

Айта алмас  жүз  мыңынан  бірін  ғаян.

Сократты оқып кейбір пікірде Аристотельді одан артық санаған, Толстойды оқып жәй ғана жазушы емес, ойшыл деп жоғары баға берген, Гогольдің «Өлі жандары» кейіпкерлерінің сөздерін түгелдей жатқа айтқан қазақ әдебиетінің асқан білгірі Ғұмар бабамыз қалай-қалай толғап  жібереді, ә?!

Пушкин, Лермонтов бәрі жиылып кеп Шәңгерей жырындағы ойдың жүз мыңынан бірін айта алмайтындай не құдірет бар? Бәлкім, ол үшін Ғұмардың көзімен қарап, ашқышын іздеу керек шығар.

Шәңгерейге  бойлап барар ма еді, шіркін.

Қармансақ қолымызға   ілігер ме екен...

Баяғыда «сюрреализм» деген терминді алғаш ойлап тапқан француздың Гийом Аполлинер (1880-1918) деген ақыны жұртты поэзияға қызықтыру үшін елдің көзі әбден үйренген бір нәрсенің әуелі сұлбасын салып алып, сосын оның бойын сөзбен шашақтап әуреленіп каллиграммамен өлең түзіпті. Құдайға шүкір, бізге өйтіп беталды-құла ойға-қырға шапқылаудың  қажеті  шамалы.

Бәйгеге қатысқан жас талантты ақындардың Ғұмарға таңданысы да қаншалықты ғаламат болып келсе, сұлу сөзбен көркемдеп суреттеу тәсілі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын соншалықты сан алуандығымен де ерекшеленеді. Кезек-кезегімен бас алмай оқып отырып, жастар арасында үзілмей келе жатқан ақындық дәстүр барына, ішкі ой қуатына қуанасың. Ескі сүрлеуді шиырламай тыңға түрен салған кейбір батыл қадамдарына да шын риза  болып  қол  соғасың.

Өлең өлкесінің өрімдей  дарынды өрендері, ақ жол болсын!

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ,

қазылар  алқасының мүшесі,  ақын, Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале