24.12.2025, 12:00
Оқылды: 15

БҚО-да жаңажылдық мерекелерге қатысты 362 нысан есепке алынды

«Қауіпсіз жаңа жыл» және «Пиротехника» республикалық іс-шарасы аясында Батыс Қазақстан облысында жаңажылдық мерекелерге орай алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп жазады kaz.inform.kz.

1a560406-a632
Фото: kaz.inform.kz

БҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, акцияның негізгі мақсаты — мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын сақтау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

Мереке Бауыржанұлының сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңажылдық мерекелерді өткізуге тартылған нысандардың есебі жүргізіледі.

— Қазірг облыс бойынша 362 нысан есепке алынса, соның 327-сі — білім беру, жетеуі — мәдени демалыс орындары, 12-сі — мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекемелер. Осы нысандардың өртке қарсы жай-күйі тексеріліп, әкімшілік пен қызметкерлерге ұсыным хаттар таратылды. Өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді, сондай-ақ тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр, — деді М.Жұмағалиев.

Оның айтуынша, қалалық және облыстық маңызы бар жаңажылдық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізетін нысандар аумағында өрт сөндіру техникасын қою көзделіп отыр. 5 желтоқсаннан бастап облыс аумағында полиция департаментімен бірлесіп адамдар көп жиналатын және пиротехникалық бұйымдар сатылатын орындарда 76 рейдтік іс-шара өткізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар 2026 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады.

Басқарма бастығы сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде өнімнің сертификатына, жарамдылық мерзіміне, қаптаманың бүтіндігіне және нұсқаулықтың болуына назар аудар қажеттігін жеткізді. Оған қоса аталған бұйымдарды қолдануда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін еске салды.

БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымовтың мәлімдеуінше, пиротехниканы үй-жайларда, тұрғын үйлерге жақын аймақтарда, білім беру және медициналық ұйымдардың жанында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда қолдануға жол берілмейді.

Балалар мен жасөспірімдердің пиротехниканы ересектердің бақылауынсыз қолдануына жол бермеу маңызды.

— Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқан жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 196-бабына сәйкес 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін аталмыш кодекстің 436-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік (сол бұйымдарды тәркілеумен бірге 20 АЕК көлемінде айыппұл салу) қарастырылған. Бұл заң бұзушылық жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, — деп қосты О.Ибрайымов.

kaz.inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале