27.12.2025, 15:30
Оқылды: 12

Казталовта дәрігерлерге баспана кілті табысталды

Кеше Казталов ауданы орталығында «Қаладан-ауылға» бағдарламасы аясында көшіп келген дәрігерлерге жаңа баспаналардың кілті табысталды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев қатысты.

FB_IMG_1766814666835

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі», – деп атап өткен болатын. Президент тапсырмалары аясында Казталов ауданында медицина саласын дамытуға, білікті мамандарды ауылдық жерге тартуға және оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

— Халық денсаулығы – елдің басты байлығы, ал сол аманатқа адал қызмет етіп жүрген дәрігерлерге лайықты жағдай жасау – мемлекет пен жергілікті биліктің басты жауапкершілігі. Соңғы үш жыл ішінде ауданның денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, екі ауруханаға 7 бірлік жедел медициналық жәрдем көлігі табысталды. Сонымен қатар Қараөзен фельдшерлік-акушерлік пункті, Бостандық дәрігерлік амбулаториясы, Қараоба ауылында дәрігерлік амбулатория, Қайшақұдық ауылында медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда аудан орталығында көпбейінді ауданаралық ауруханасының құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Сонымен қатар Жалпақтал ауылына «Қаладан-ауылға» бағдарламасы аясында көшіп келген 4 жас дәрігерге жаңа тұрғын үйлер берілді. Бүгін Казталов ауылында медицина қызметкерлеріне жаңа баспананың кілтін табыстау рәсімінің куәсі болып отырмыз. Бұл ауылдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, білікті мамандарды өңірде тұрақтандыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі, — деді аудан әкімі.

FB_IMG_1766814662142

Жаңа тұрғын үйлер Қызылорда облысынан, Алматы, Орал және Байқоңыр қалаларынан келген жас дәрігерлерге табысталды. Бұл бастама ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын арттыруға және кадр тапшылығын азайтуға оң әсерін тигізбек.

Дәрігерлерге баспана кілтін табыстау рәсімінде денсаулық сақтау саласының ардагері Күнсұлу Нұртазақызы Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және денсаулық сақтау саласына көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдірді.

FB_IMG_1766814669125

— Бүгінгі «Қаладан-ауылға» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған баспана кілтін табыстау рәсімі – ауыл медицинасының дамуына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың айқын көрінісі. Мемлекет басшысының бастамасымен, облыс басшылығының жүйелі қолдауының арқасында ауылдық жерлерге жас әрі білікті дәрігерлер келіп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Осы игі істің жүзеге асуына үлес қосқан Президентке, облыс әкіміне және денсаулық сақтау саласының басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Ақ халатты абзал жандарға жаңа қоныстары құтты болып, ел игілігі жолындағы еңбектері жемісті болсын!, — деді сала ардагері.

Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале