Жәнібек ауданы халқының спортқа жақын екенін жақсы білетін, бұқаралық спортты дамытуға үнемі қолдау білдіріп келе жатқан аудан басшысы Тимур Шиниязовтың бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп жүргені жәнібектік жұртшылыққа жақсы мәлім. Соның айқын дәлелі – ауданда заманауи спорт нысандарының бой көтеруі.
Осы жылдың сәуір айында аудан орталығындағы М.Мәметова мен А.Иманов көшелерінің қиылысында жаңа модульді фитнес орталығының құрылысы басталған болатын. Қысқа мерзім ішінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, бүгін көптен күткен заманауи спорт нысаны өз жұмысын бастап, келушілерге есігін айқара ашты.
Облыс көлемінде баламасы жоқ бұл орталыққа «Nomad» атауы берілді. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары жиналған спортсүйер қауымды жаңа нысанның ашылуымен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, спорттың ел саулығы үшін маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты жиында сөз алған ауданымыздың спорт ардагері, жауырыны жерге тимеген палуан, тәжірибелі бапкер Мұхтар Бисенғалиев жаңа спорт нысанының жас буын үшін үлкен мүмкіндік екенін айтып, ақжарма тілегін жеткізді.
Рәсім аяқталған соң жиналған жұртшылық жаңа орталықты асыға тамашалауға кірісті. Айтса айтқандай, заманауи үлгіде салынған бұл нысан еріксіз өзіне тартады. Толық жарықтандырылған, барлық талапқа сай жабдықталған. Мұнда киіну бөлмелері, жуыну орындары қарастырылған. Тіпті мұндай кешендер облыс орталығының өзінде де саусақпен санарлық деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, келіп көру керек.
Көпшілік көптен күткен армандарының орындалғанына қуанып, жаңа нысанға ризашылықтарын білдіріп жатты.
Аталған спорт нысанында екі зал жұмыс істейді. Оның бірі – соңғы үлгідегі кәсіби тренажерлармен жабдықталған жаттығу залы. Екіншісі – сұранысқа ие стретчинг залы (созылу бөлмесі). Мұнда икемділікті арттыру, буындардың қозғалғыштығын дамыту және бұлшықет серпімділігін жақсартуға арналған арнайы жаттығулар жүргізіледі. Сонымен қатар, әйелдер қауымына арналған зумба секілді латын-америкалық ырғаққа негізделген би фитнесін ашу да жоспарланған.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев абонемент бағасы қосымша хабарланатындығын жеткізді. Дегенмен, оның құны қалалық фитнес залдарымен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді болмақ. Сөзіне сенсек, бағасына қарамастан бұндағы барлық тренажерлар жоғары сапада, бөлім басшысының қадағалауымен арнайы таңдалынып алынған.
Жаңа фитнес онталығының құрылысын «Техмонтаж-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Құрылыс құны 185 миллион теңгені құраса, құрылыс ауданы – 578,4 шаршы метрді құрайды. Ғимарат іші заманауи спорттық құрал-жабдықтармен және кәсіби тренажерлармен толық қамтамасыз етілген.
Жаңа спорт нысаны – аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік тудыратынына сеніміміз кәміл.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы