30.10.2026, 21:30
Оқылды: 3

Жаңақалада үйірмелердің есеп беру концерті өтті

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында «Бір сахна – мың талант» атты үйірмелердің есеп беру концерті өтті.

IMG_9699

Мәдени шара барысында аудан тұрғындары мен өнерсүйер қауымға алуан түрлі нөмір ұсынылды. Мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған 109 шығармашылық үйірме мен 9 халықтық және үлгілі атаққа ие ұжымдардың жұмысы өнерпаздардың өсіп келе жатқан әлеуетін айқын көрсетті.

Концерт барысында үлгілі «Нұрбибі» би ансамблі «Жастар биі», «Шолпан қыз», «Хорезм» және «Қара жорға» билерін тамаша орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Жас толқын», «До мажор» ән үйірмелерінің оқушылары Төлеген Қажыбаев «Әтугай домбырасын», Әуезхан Салабеков «Рахмет саған туған ел» әнін, «Әуез» үйірмесі «Есіңе ал» әнін шырқап, «SHINE girls» үйірмесінің өнерпаздары мың бұрала биледі. Мұнымен қоса «Домбыра сазы» үйірмесінің оқушылары «Ертұран» күйін орындап, домбыра күмбірін төксе, «Көңіл аудар» жайдарман құрамасы көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар Бірлік ауылдық мәдениет үйінің «Сәулем-ай» би үйірмесі «Мысықтар» және «Наз-қоңыр» билерін мың бұрала билеп, Мұқыр ауылдық клубы жанындағы «Әсем әуен» ән үйірмесінің өнерпаздары «Шыда» әнін тамылжыта орындады. «Ән думан» үйірмесінің оқушылары «Боз жорға» әнін, «Әуез» үйірмесінің оқушылары «Әнім» әнін әсемдетіп орындады.

IMG_9713

Әрбір өнер көрсеткен жас талант өз шеберлігін ортаға салып, ауданымыздың өнер мен мәдениет саласының қарқын алып келе жатқанын дәлелдеді.

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале