Шыңғырлау ауданында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай «Әлеуметтік қорғау – қамқорлық пен кәсібилік» атты мерекелік шара өтті. Ізгілік пен жанашырлықты ту еткен сала мамандарына құрмет көрсетілген кеште олардың қажырлы еңбегі дәріптеліп, өнер мен мейірім тоғысқан әсерлі сәттер көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.

Мерекелік шарада аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді. Саланың дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған мамандарға құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар әлеуметтік салаға демеушілік қолдау көрсетіп, қайырымдылық бастамаларына үлес қосып жүрген азаматтар да аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – қоғамдағы өзара көмек пен жанашырлықтың, ортақ іске деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Салтанатты жиында әлеуметтік қорғау жүйесінде еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкердің де еңбегі еленіп, аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды. Марапаттау рәсімі еңбек адамын бағалаудың, көпшілікке қызмет етудің жауапкершілігін арқалаған жандарға құрмет білдірудің мәнін айшықтай түсті.

Кештің ең әсерлі бөлігі әлеуметтік сала қызметкерлерінің өздері әзірлеген мерекелік концерт болды. Өзгелерге күнделікті қамқорлық көрсетіп жүрген мамандар бұл жолы өнерлерімен көрерменнің көңілін тербеп, шығармашылық қырларымен де ерекшеленді. Сахна төрінде әуелеген әндер мен мың бұралған билер мерекенің мазмұнын байытып, залға ерекше жылылық сыйлады.
Концерттік бағдарламада әлеуметтік қызметкерлердің орындауындағы әндер, қазақ билері, вальс композициясы және көпшілікке танымал музыкалық шығармалар ұсынылды. Әрбір өнер нөміріне дайындық пен ықылас сезіліп, сахнадағы шынайылық көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әлеуметтік сала қызметкерлері тек кәсіби міндеттерін орындап қана қоймай, өнер арқылы да адамдарға қуаныш сыйлай алатынын көрсетті.
Мерекенің мәнін арттырған тағы бір ерекше көрініс үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын азаматтардың да концерттік бағдарламаға белсенді қатысуы. Олар әлеуметтік қызметкерлермен бірге сахнаға шығып, ән орындап, би билеп, ортақ шығармашылықтың қуанышын бөлісті. Бұл көрініс қамқорлық пен қолдаудың адамға қанат бітіріп, өз қабілетін танытуға жол ашатынын аңғартты. Қызмет алушылардың өнер көрсетуі әлеуметтік жұмыстың басты мақсаты тек көмек берумен шектелмей, әр адамның мүмкіндігін ашуға, өмірге деген құлшынысын арттыруға бағытталатынының айқын дәлелі.
Залы лық толған көрермен концерттік бағдарламаны ерекше ықыласпен қабылдап, өнерпаздарға қошемет көрсетті. Әрбір ән мен би жылы әсерге бөлеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна мен зал арасындағы шынайы байланыс, ортақ қуаныш пен ризашылық кештің ажарын аша түсті.

Жалпы, бұл мерекелік шара әлеуметтік қорғау саласы мамандарының күнделікті еңбегін дәріптеп қана қоймай, адамгершілік, мейірімділік пен өзара қолдаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Қоғамның әлсіз тұсына тірек болып, көмекке мұқтаж жандарға үміт сыйлап жүрген мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Өйткені әлеуметтік қорғау жай ғана қызмет емес, ол адамға деген қамқорлық пен жүрек жылуын іс жүзінде көрсете білу.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы