29.10.2026, 22:30
Оқылды: 5

Президент Жолдауы: Қазталовта инвестициялық жобалар жүзеге асырылады

Инвестиция – ауыл экономикасының қозғаушы күші. Ал кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен жаңа өндірістерге жол ашу – өңірдің тұрақты дамуының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер аясында Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында «KAZTALOV-INVEST» II аудандық инвестициялық форумы өтті.

image-29-10-26-09-37-23

Басқосудың басты мақсаты – ауданның экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ауылға жеке инвестиция тарту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.

Форумға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудан прокуроры Ерлан Гайпов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев, «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Жанна Бекқалиева, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық филиалының басшысы Тарас Шалыга, «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалының директоры Марат Сарсеев, «Технопаркалгоритм» ЖШС директоры Айсұлу Аманғалиева, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында инвестиция тарту мәселесі экономикалық өсімнің ғана емес, ауылдың болашағын айқындайтын стратегиялық міндет ретінде қарастырылды. Өйткені инвестиция – жаңа кәсіпорын, жаңа жұмыс орны, тұрақты табыс пен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын нақты мүмкіндік.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттердің өңір үшін маңызына тоқталып, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

image-29-10-26-09-36-10

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жетілдіру мен жеке инвестицияларды ынталандыруға назар аударып, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытудың және заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 893,4 млрд теңгені құрап, жоспардан 52,4 млрд теңгеге артық орындалды. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 539,5 млрд теңгеге жетті. Біздің мақсатымыз – инвестиция көлемін ұлғайтумен қатар, жаңа өндірістер ашу, тұрақты жұмыс орындарын құру және өңір экономикасының әлеуетін арттыру, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, Қазталов ауданының инвестициялық мүмкіндігі мол. Әсіресе мал шаруашылығы, ет пен сүт өндіру, мал азығын дайындау, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау бағыттары жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолайлы. Бұл салаларға заманауи технологияларды енгізу өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

image-29-10-26-09-37-23

Қазталов ауданы үшін инвестиция тарту – экономиканы әртараптандырудың, кәсіпкерлік белсенділікті арттырудың және ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндік ұсынудың маңызды тетігі. Ауданның негізгі әлеуеті ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, бұл салада өндірісті ұлғайтып қана қоймай, өнімді терең өңдеу, сақтау және дайын тауарға айналдыру бағыттарына басымдық беру қажет.

Форум барысында аудан прокуроры Ерлан Гайпов кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелерді қозғады. Аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы Қазталов ауданында кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.

Сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Мүлкайұлы өңірдегі аграрлық саланың бүгінгі жағдайы мен даму жоспарларына тоқталды. «AQJAIYQ» ӘКК» АҚ төрағасының орынбасары Жанна Палатқызы кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шараларын түсіндірсе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалының басшысы Тарас Ярославұлы кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың қаржылық тетіктері туралы айтты.

image-29-10-26-09-36-7

Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Марат Ермекұлы ауыл шаруашылығы саласындағы жеңілдетілген несиелендіру мен инвестициялық қаржыландырудың мүмкіндіктерін таныстырды.

Форумда тәжірибелі кәсіпкерлер де сөз алып, өз жұмыстарының қыр-сырын ортаға салды. «Муслим» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Аманғалиұлы мен «Бауырлар НАРМ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның басты нәтижесі – аудан экономикасын дамытуға бағытталған нақты келісімдер. Басқосу аясында жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 26 жоба бойынша меморандумдарға қол қойылды.

image-29-10-26-09-36-6

Бұл Қазталов ауданының инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа өндірістерді қалыптастыруға және жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды қадам. Алайда инвестициялық келісімдердің шынайы құны олардың қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуымен өлшенеді. Сондықтан алдағы кезеңде жобалардың жүзеге асуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және белгіленген міндеттердің орындалуын жүйелі бақылау ерекше маңызға ие.

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов форумның қорытындысында инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдау аудан дамуының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бүгінгі «KAZTALOV-INVEST» II аудандық инвестициялық форумы өз мақсатына жетіп, нақты нәтижелерге жол ашты деп сеніммен айта аламыз. Форум аясында аудан экономикасын ілгерілетуге бағытталған жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 26 жобаға қол қойылды. Бұл – ауданымыздың инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауылдық аумақтарды дамытуда жеке инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы зор. Осы бағыттағы жұмысымыздың нәтижесі бүгінгі қол қойылған келісімдермен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – бастамалардың нақты іске асуы, жобалардың жүзеге асуы және ел игілігіне қызмет етуі! Ауданның өркендеуі – ортақ жауапкершіліктің жемісі. Сондықтан кәсіпкерлермен әріптестікті нығайтып, инвестициялық жобаларды жүйелі қолдауға және олардың орындалуына баса мән береміз. Бүгінгі форумға қатысып, ауданның дамуына үлес қосуға ниет білдірген барша кәсіпкерлер мен инвесторларға алғыс айтамын. Бірлескен еңбегіміздің нәтижесінде Қазталов ауданының экономикасы нығайып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп сенемін, – деді аудан әкімі.

Келелі басқосуда ауданымыздың инвестициялық әлеуетін арттыруға үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Форум аясында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған азаматтардың және өз қаражаты есебінен ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің өнімдері көрмеге қойылды. Көрме жергілікті өндірістің мүмкіндіктерін таныстырып, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегі мен ізденісін көрсетуге мүмкіндік берді.

image-29-10-26-09-36-18

Ауылдың өркендеуі тек бюджет қаражаты мен мемлекеттік бағдарламаларға ғана байланысты емес. Оған жеке кәсіпкердің бастамасы, туған жерге деген жанашырлығы, жаңа іс бастауға деген батылдығы да тікелей ықпал етеді. Сондықтан ауылға инвестиция тарту – экономикалық көрсеткіштерді арттырумен қатар, жергілікті халықтың әлеуетін ашуға, жастарды жұмыспен қамтуға және ауылдың келешегіне сенім қалыптастыруға бағытталған іс.

Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттерді жүзеге асыруда осындай жергілікті бастамалардың орны ерекше. Инвестицияға қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаржыландыру тетіктерінің қолжетімділігін арттыру және өндірістік жобалардың іске асуына қолдау көрсету – ортақ мақсатқа бастайтын маңызды қадамдар.

«KAZTALOV-INVEST» II аудандық инвестициялық форумы осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге негіз қалады.

2027 жылға жоспарланған инвестициялық жобалар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, сауда мен қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, туризм, спорт және инфрақұрылымды дамыту бағыттарын қамтиды.

Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарын салу, мал сою және ет өңдеу нысандарын ашу, ірі қара мал басын көбейту, балық шаруашылығын дамыту, жемшөп дақылдарын егу, наубайхана ашу, сауда орталығы мен сауда үйін салу, бизнес орталығын ашу, кафе, асхана, мейрамхана және қонақ үй қызметтерін ұйымдастыру, жағажай демалыс орнын құру, спорт кешені мен қоғамдық монша салу, сондай-ақ автобөлшектер саудасын дамыту көзделген. Ендігі міндет – осы бастамаларды жүйелі жүзеге асырып, инвестицияны жаңа жұмыс орындарына, өндіріс көлемінің өсуіне және халықтың әл-ауқатының артуына айналдыру.

Асылбек Нәсіпқалиұлы, 

Қазталов ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале