Жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың туғанына – 70 жыл

Бәрі де есте. Содан бері қырық бес жылдан астам уақыт өтіпті-ау, бірақ әлі көз алдымда тұр. Рахымжан ол кезде Алматыда, республикалық телевидениеде жұмыс істеп жатты. Содан біраз жыл бұрын «Орал өңірінде» бірге істегенбіз. Бұл жолы мезгіл көктем еді, қысқа мерзімдік курсқа Алматыға шұғыл баратын болдым. Тап сондай курста редакциядағы әріптесім Өтепберген оқып жатқан. Алматыға қарай өкшем көтерілгенде Өтепбергенге қоңырау шалдым. Ол қуанып кетті: – Ешқайда алаңдама, мен «Түркістан» қонақүйіндемін, қасымда бір орын бос, саған әзірлеп қоямын. Тиын-тебенің мол болсын, – деді телефонның арғы жағынан ұшып кетердей елпілдеп. Үш күннен кейін ұшақпен Алматыға топ ете түстім. Әуежайдан Өтепбергенім қарсылап алды. Сақал-мұрты өсіп кеткен, өткендегі телефондағыдай емес, дауысы мен пошымы пәстеу. Құлағын жымып, құйрығын шиырып тұрған таксидің жалына жармасып жатып, «Қонақүйге тарттық па?» десем, төмен қарап, күмілжи береді. Сөйтсем, қонақүйдегі нөмірден айырылып қалыпты... Жастау кезіміз ғой, бүлдірмей жүреміз бе?... «Осы Алматыда 5-6 жыл болдың ғой, өзің бір жолын тапсайшы...», – дейді жүзін төмен салып. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» дегім келіп тұрдым да айтпадым, досымды аядым. Өтепбергеннің «бір жолын тапсайшы» деуінде мән бар. Алматыда бес жыл болғанда нағашымның үйіндей болып кеткен, мен үшін бір аяулы мекен, қадірлі шаңырақ бар. Ол – КазГУ қалашығы, ондағы осы қалашықты салған құрылысшылардың «Алатау» жатақханасы. Ауысып кетпесе, «Алатаудың» Иван Иванович Рак деген еврей коменданты болуы керек. Ендеше, кеттік. Таксидің тұмсығын сол жатақханама тіредік. Рак орында екен, бет-аузы тек мұрыннан тұратын. Сол нән мұрны күлгенде, тіпті шығандап, баяғысынша бет-аузын көрсетпей, мені бауырындай қарсы алды. Оның өйтетін себебі бар, жатақханада тұрған кезімде тәртіп пен тазалық жөніндегі мәселелерге жауапты оң қолы болғанмын. Әр бұрышынан жиырмадағы қайран күндердің елестері сығалап, сыңғырлап тұрған бес қабатты жатақхананың біраз жерін аралап шықтым. Сағынып қалыппын. Вахтерлердің дені сол баяғысынша жұмыс істеп жатыр екен. Солардың ішінде Наталья Марковна деген 70-тен асқан кемпір бар еді. Соған дейін орнында отыр. Бұрқыратып папирос тартады. «Мои пернатые вернулись!» деп ол апамызға дейін қуанып жатыр. Жатақхана болғасын демалыс, мереке күндері қыз-қырқын, достар дегендей қонаққа келмей тұрмайтын баяғыда. Бірақ тәртіп қатал, бөгде адамдарды (әсіресе, қыздарды) табалдырықтан аттатпайды. Сондайда Наталья Марковнаға сол кездің мөлшерімен алғанда қымбаттау «Қазбек» папиросы (апамыз бұрқыратып «Беломор» тартады) мен плиткалы шоколад сыйлап көңілін табамыз. Соларымызды есімізге салған Наталья Марковна мәз-мейрам.
Бұрынғы комендантым бірінші қабаттан үш кісілік бос тұрған бөлменің кілтін қолыма ұстатып, «живи, сколько хочешь» деді Тәңір жарылқағыр. Курстың басталуына әлі бірер күн бар. Шалқайып қалай жатасың бөлмеде. Жүрген сайын, көрген сайын көзіңді суырып, көңіліңнің түкпірінде бұғып жатқан өткен күндерді қайта сәулелендіретін Алматының көшелері «Кел, көр, қыдыр» деп шақырып тұрса, жата аласың ба?.. Күні бойы көрікті жерлерді аралап, әбден құмардан шықтық. Ақшам жамырады-ау деген шамада Рахымжанға телефон соқтық. Ол жұмыстан кешкі сағат 7-лерге қарай шығады екен. Бұлай қарай шығарда жұмыс орнының берген іссапарлық қаражаты бар, Өтепбергеннің «тиын-тебенің мол болсын» деп ықиаттағаны тағы бар, қалтам қомақты. Соның да буы шығар, Өтепбергенмен салыстырғанда байдың баласындаймын, көшеде келе жатқанда алда жүремін (бұл менің қазіргі, Алматыға келген бойдағы күйім... Алға озыңқырап айтсам, курс аяқталар шамада қымбат мейрамханаларға бармақ түгілі, студенттердің арзан асханасына бір аяқтап кіретін, қайтар жолға ауылдан ақша сұрататын халге жететінімді мен, әрине, ол кезде білмеймін ғой), Рахымжанды кешке, Алматыдағы 25 қабат «Қазақстан» қонақүйінің сол кездегі «по, дегізерлік!» мейрамханасына шақырдық. Рахаң, әрине, қуана-қуана келісті. Бір-бірімізді сағынып қалған екенбіз, мейрамханада армансыз «мәслихаттастық»... Түн ортасынан ауып, мейрамхананы әбден жаптырып шықтық. Рахаң ол кезде өлеңнің, поэзияның шалығы тиіп, күйіп-жанып жүрген шағы. Тостыларымыздың арасында желкесіне түсетін мойылдай қара шашын шалқасынан қайырып тастап, өлең оқыды. Студент кезінде өзі айтқандай «жағын сауып», облыстық радиода диктор болған. Дауыс бар, мақамы одан да мықты. Шеген құдықтың шыңырауынан күңгірлеп шыққандай күшті әрі қоңыр, әрі салмақты үні мейрамханада отырғандарды жалт қаратады. Құдай-ау, содан Рахаңның Яблоневая көшесі (мейрамханадан таяқ тастам жерде екен) 6 «а» - үйдегі жалдамалы пәтеріне қырық аялдап жеттік-ау... Пәтері жартылай жердің астында. Үстінде орыс қожайыны тұрады. Бір ғана бөлме. Бір кереует, бір үстел. Өтепберген екеумізді кереуетке салды. Бөлме жартылай жердің астында орналасқандықтан ба, салқын екен. Мейрамхананың бізге, өз ақшамызға «сыйлап» жіберген қызуы тарқап бара жатты, әлгі салқындықтың күштілігінен. «Өзің қайда жатасың?» дейміз біз. «Маған алаңдамаңыздар, демала беріңіздер. «Алтыбақанның» (Рахымжан сол кезде республикалық телевидениеден жаңадан көрсетіліп жүрген осы хабарға жауаптылардың бірі екен) сценарийін даярлап апаруым керек, ертең таңертең» деді. Сөйтсек, алтыбақан теуіп отырып айтысатын қыз бен жігіттің бір сағатқа жуық өлеңмен айтысын Рахымжан жазып апаруы керек. Жай сөзбен емес, өлеңмен! Бағанағы мейрамханадағы алапат отырыстан кейін қыз бен жігіттің айтысын жазу? Және оны ертең бүкіл қазақ елі тамсанып тыңдайтындай (солай болды да) етіп бастан-аяқ өлеңмен өру кешіріңіз, бұл енді біздің ақылымызға мүлдем кірмей-ақ қойды сол сәтте...
Түннің біруағында қатты тоңғаннан оянып кетсем, Рахымжан үстіне пальтосын жамылып алған әлі жазып отыр... Қасындағы электр плиткіге қолдарын тосып, әлсін-әлсін жылытып алып, алдындағы қағазына қайта төнеді...
Таңертең «Жігіттер, қайырлы таң! Тұрыңыздар, шай дайын» деген дауыстан көзімізді зорға дегенде тырнап аштық. Анадай жерде, электр плиткасының үстіндегі ескі шайнек тұмсығынан бу атып, секіріп түсердей қалшылдап тұр. Бізге шай қайнатып қойған ғой... Рахымжан өзі көңілді-ақ:
– Бастығым Құсекең (телевидениедегі халық шығармашылығы бөлімінің бас редакторы, жазушы Құсман Игісінов ағамызды айтып отыр) кеше «Бала, айтыстың тексті таңертең менің алдымда болсын» деген. Қуанып қалатын болды. Мұны тергізіп, әрі қарай театрдың әртістеріне береміз жаттауға. Музыканттар әуенін жазады, – деді. Мен әлі де болса сеніңкіремей:
– Көлемі қандай болды, көрейінші, – дедім.
Рахымжан шиыршықталған қағазды қолыма ұстатты. Кәдімгі ақ параққа сықыстырып жазған да әр парақты шетінен бір-біріне желімдеп отырған. Машинкадан шыққан лентадай, жазу үстелінен сусып төмен түсе берген. Рахымжан әлгіні қолына алып, басынан асыра созып, тарқатқанда, екінші шеті еденде жатты... Онда да толық тарқатылмай. Және парақтардың қос беті де өлең жолдарынан мөймілдеп тұр... Оқып келіп жібергенімде жалт-жұлт етіп, жұтынып тұрған жолдар бірінен-бірі өтеді. Қыз бен жігіттің арасында әзіл-қалжыңмен бірін-бірі ырғасқандары қандай? Таңғалмасқа, Рахымжанның еңбекқорлығына, жанкештілігіне тәнті болмасқа амалым қалмады...
Тәңір таңдайына түкіріп, мыңның арасынан біреуге сирек қонар талант Рахымжанның тағдыр-талайына әу баста бұйырғанына дау жоқ. Ал оның бағын жандырып, ұшпаққа шығаратын жанкешті еңбек пен талмас ізденіс қой.
* * *
Сонау бір жылы қазан айының соңғы күндерінде Рахымжан Отарбаев Оралға ат басын бұрды. Театрлардың Оралда өткен фестиваліне келіпті. Қасында Ақжайықтан түлеп ұшып, қазір Астанада қызмет атқаратын журналист ініміз Ғабит Молдамұратов бар, Моңғолиядан келген ақын-жазушы, тарихшы Сұраған Рахметұлы бар біздің үйдің дастарқанында бас қостық. Темір Құсайын, Аманкелді Шахин бар өткен күндердің шоғын көсеп, біраз жерге бардық. Шалқып отырған сәттеріміздің бір мезетінде мен жоғарыдағы жәйтті еске түсірдім.
– Апырмай, Алматыдағы менің тұрған пәтерімнің мекенжайына дейін ұмытпапсыңдар, – деп Рахаң қуанып қалды. Сосын: «Анау «Алтыбақанға» келетін болсақ, ол рас... Ол кезде телевидениеге өшіп бара жатқан салт-дәстүрімізді әкелу, соның ішінде қыз бен жігіттің айтысын шығару қып-қызыл соғыспен жүрді ғой. Әсіресе, айтысты телевидение арқылы қайта тірілту оңай болған жоқ. Өлеңін өзіміз жазып, оны алтыбақан тепкен қыз бен жігіттің аузына салып, халқымыздың ұмытылып бара жатқан жауһарын қайта жандандырамыз деп сондай-сондай приемдарға барғанымыз рас. Шүкір, кейін бәрі орнына келді ғой», – деді.
* * *
Тағы бір оқиғаны есіне салдым. Алматыға тағы бір барғанымда Рахымжан жан-жақты, қолайлы пәтерге көшіпті. Басыбайлы емес, баяғысынша жалдап тұрады. Бір күні Тимирязев көшесіндегі сол үйіне барсам, нән кілемді шиыршықтап, екі жерінен байлап әлдеқайда жиналып жатыр. «Оу, Раха, көш қонықты болсын», – дедім пәтер алып көшкелі жатыр екен деп ойлап қалып. «Қайдағы, мына кілемді ломбардқа апарып тапсыру керек», – дейді. Қолым бос еді, алып баруға көмектесейін деп мен де ердім. Троллейбуспен көкбазардың қасындағы ломбардқа тартып келеміз. Кезекті бір аялдамадан Рахаңның танысы болуы керек, бір жігіт кірді де амандаса кетті. Арасында: – Әй, Рахымжан, мынандай кілемді қайдан алдың, мұны жуу керек қой, – деп самбырлай жөнелді. Рахаң болса: «Ломбард деген түрмеде осыдан кішілеу кілемім жатыр. Мынау – соның ағасы, түрмеде жатқан інісін құтқаруға бара жатқан» дегені. Ана жігіт аң-таң. Сөйтсек, Рахаң бұдан бұрын қаражаттан қысылып қалып, кішілеу кілемін ломбардқа өткізген. Оның мерзімі бітіп, енді алған ақшаны қайтарып бермесе, кілемнен айырылады. Ондай ақша тап қазір жоқ. Мұндайда ломбардтың талабы бойынша қымбаттау зат апарып, арзандау затыңызды қайтарып алу керек. Сосын кейін айтылған мерзімде алған ақшаңызды қайтарып берсеңіз, затыңызды да қайтарады. Үлкен кілемді ломбардқа апара жатқан себебі сол екен. Бірақ соны «інісін құтқаруға бара жатыр» деп тапқырлықпен жеткізгеніне танымайтын жі-гіт екеуміз шегіміз қатқанша күлдік. Мұны айтып отырған себебім, Рахымжанның бұл қыры оның повесть, романдарынан, драматургиялық шығармалары мен әңгімелерінен де жиі кездеседі. Қай шығармасын оқысаңыз да юморды шебер өретіндігі, сізді тәнті етпей қоймайды. Сенбесеңіз кітаптарын оқып көріңіз...
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері