28.10.2026, 14:45
Оқылды: 13

Сайлау қарсаңындағы семинар

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының басын қосты. «Мәслихат депутаттарын сайлау жөнінде ақпарат жариялау, сайлауалды үгіт жүргізу және сайлау комиссияларының БАҚ-пен өзара іс-қимылының құқықтық аспектілері» тақырыбында семинар өтті.

фото нұрым

ҚР Орталық сайлау комиссиясының оқыту жоспарына сәйкес кездесуге облыстық және аудандық деңгейдегі 23 жергілікті БАҚ-тан 40-қа жуық маман қатысты. Алдымен сөз алған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов биылғы жалпыұлттық саяси науқандар кезінде өңірдегі сайлаушыларды ақпараттандыру деңгейі өте жоғары болғанын атап өтті.

– Биылғы жыл еліміз үшін маңызды саяси өзгерістерге толы. Бұған дейін осы жылы жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум, ҚР Құрылтай депутаттарын сайлау науқандары өткені белгілі. Енді алдымыздағы тағы бір белес – 29 қарашада болатын барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының 13 қазандағы қаулысымен мәслихат депутаттарының сайлауы 29 қарашаға белгіленді. Қазіргі таңда Қазақстанның тұтас өңірінде сайлауға дайындық іс-шаралары басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясы жеті партияның өкілдері сайлауға түсетінін мәлім етті. Бүгінде біздің облыс бойынша 188 мандат белгіленді. Сайлау науқанына 673 сайлау комиссиясында еңбек ететін 4079 азамат жұмылдырылады, – деді Ә. Жоламанов.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асыланбек Ғұбашев сайлауды ақпараттық қамтамасыз етудің нақты алгоритмін айтып берді. Сайлау комиссиялары науқанның әрбір кезеңі (кандидаттарды ұсыну, тіркеу, дауыс беру уақыты мен орны) туралы ресми мәліметтерді БАҚ пен ресми интернет ресустары арқылы сайлаушыларға жедел жеткізіп отырады. Тіркелген үміткерлер мен партиялық тізімдерді ұсынған саяси ұйымдарға үгіт материалдарын жариялау үшін эфир уақыты мен баспа басылымдарынан орын тек келісімшарт негізінде ұсынылады.

– БАҚ-тың өз бастамасымен шығаратын жаңалықтары мен репортаждары тек ақпараттық сипатта болуы тиіс.

Онда ешқандай үгіт элементтері, кандидаттарды мақтау немесе сынау белгілері болмауы шарт. Ал кандидаттың өз сайлауалды қоры немесе мемлекеттік бюджет қаржысынан төленетін үгіт материалы міндетті түрде таңбалануға тиісті, – деді Асыланбек Ғұбашев.

Асыланбек Зиннатұлы Құрылтай депутаттарын сайлаған кезде Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті ұжымының атқарған жұмысына жоғары баға берді. Оның айтуынша, газет тілшілері дауыс беру барысын жедел жариялаумен қатар, мақалалардың мазмұнды әрі тиянақты жазылуына, тақырыптың ұтымды таңдалуына да баса мән берген.

Сайлау науқаны барысында заңдылықтың сақталуын бақылау мәселесі де басты назарда болады. Облыс прокурорының көмекшісі Ильяс Құсайынов журналистер мен блогерлерге сайлау заңнамасын бұзғаны үшін қарастырылған құқықтық жауапкер-шілікті ескертті. БАҚ және онлайн-платформалар арқылы сайлауалды үгіт жүргізу кезінде жекелеген кандидаттар мен саяси партияларға ешқандай артықшылық берілмеуі қажет. Облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жанат Агадилова жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерге жүргі-зілетін мониторинг тәртібін түсіндірді. Іс-шарада саяси науқандарды жоғары деңгейде жариялауға атсалысқан өңірдің бірнеше журналисіне ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің алғысхаты табыс етілді.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале