28.10.2026, 9:15
Оқылды: 8

Ауқымды жобаны игеретін инвестор анықталады

Екі инвестор облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кешен салуды жоспарлаған.  Алайда жергілікті әкімдікке олардың бірін таңдауға тура келеді.  Бұл мәселе облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың 11-отырысында қаралды.   

DSC01126

Іс-шараға штабтың тең төрағасы облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, онлайн байланысқа шық-
қан ҚР Президенті Әкімшілігі бөлімінің меңгерушісі, инвестициялық штаб мүшесі Эрик Жамбылов және басқа да мүдделі құрылымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстандық «Hyundai Solar KZ 777» ЖШС директорының орынбасары Бақыт Махмудов күніне 300 тонна қатты тұрмыстық қалдық өңдейтін жобаны ұсынды. Инвестициялық штаб отырысында жоба құны 18 млрд теңге деп көрсетілгенмен, кәсіпкер бұл цифрдың дұрыс еместігін айтып, 11,5 млрд теңге деп түзетті. Осы ретте облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы инвесторлардың бұл жиынға тиянақты дайындалып келуі маңызды екенін атап өтті. Аталған жоба жүзеге асса, жүз адам тұрақты жұмысқа орналаспақ. Ал «KOR WASTE MANAGEMENT» ЖШС жетекшісі Джеон Джонг Октің сөзінше, кешен жылына 100 мың тоннаға дейін қоқыс өңдейді. Жоба құны – 12,6 млрд теңге.

DSC01135

«Өнеркәсіпті дамыту қо-ры» АҚ инвесторлардың жобаларын 80%-ға дейін қаржыландыра алады. Жиынға қашықтан қатысқан осы ұйымның аймақтық жобалық дирекциясының басшысы Асылхан Зикеновтің айтуынша, екі инвесторға бірдей қомақты қаражат бөлу мүмкін емес. Сондай-ақ ол екі кешен қатар жұмыс істесе, қатты тұрмыстық қалдықтар жеткіліксіз болатынын да атап өтті. Бұл уәжді ҚР Экология министрлігінің өкілі де құп көрді. Екі инвестордың да жері бар, бірақ құрылысты бастамаған. «Бүгіндері бірінші компания мемлекеттік сараптамадан өту үшін тиісті құжаттарды өт-кізді, екіншісі жинақтап жатыр. Сондықтан бір мәмілеге келу және екі инвесторға да мүмкіндік беру үшін мемлекеттік сараптаманы күткен жөн. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына ие болған инвестордың жобасын одан әрі қолдап, екіншісіне баламалы түрде басқа жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беру дұрыс деп есептеймін», – деді облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы. Жобалардың құжаттары қажетті рәсімдерден өтіп, Экология министрлігі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры қорытындыларын ұсынуы тиіс. Облыс әкімі барлық мемлекеттік құрылымның қорытындысын алған соң ғана қай жоба іске асырылатыны белгілі болады деді.

DSC01160

Штаб отырысында «Hyundai Solar KZ 777» ЖШС-ның өзіне берілген жердің жалдау мерзімін ұзартқысы келетіні де талқыланды. Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтың айтуынша, бұндай шешім шығару үшін жоба нақты іске аса бастауы тиіс. «Қай-қай инвесторға да жер алғашында 3 жылға жалға беріледі. Кейін құрылыстың басталғанына көз жеткен соң ғана 10 немесе 20 жылға ұзартылады. Құрылысқа бір тиын да ақша салмай, жерді тек қоршап қойып отыру дұрыс емес. Бұл талапты барлық инвестор түсінуі керек», – деді Нариман Төреғалиұлы.

Күн тәртібінде қаралған үшінші жоба – Сәкен Нұғманов басқаратын «Zhaik Petroleum LTD» ЖШС-ның Бәйтерек ауданындағы метан өндіретін газ-химиялық кешені. Жоба мақсаты – жылына 130 тонна шикізат өндіру. Құны – 78,8 млрд теңге. Кәсіпкер 152 адамды жұмысқа тұрғызуды көздеп отыр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың айтуынша, қаржыландыру мәселесі шешілген, келісімшарттарға қол қойылған. Енді қытайлық серіктестер мен инвесторлар кепілдік берген соң, екі аптаның ішінде зауыт құрылысы басталады.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале