Қазталов ауданында Республика күні мен Ауыл шаруашылығы күніне орай ұлттық спорт түрлерінен дүркіреген жарыстар қорытындыланды.

Шара барысында шабандоздар бірнеше қашықтық бойынша бақ сынасып, командалық және жекелей сайыстардың жеңімпаздары анықталды.
Атап айтқанда, 24 шақырымдық Аламан бәйгеде Бөкей ордасы ауданынан келген Еділбаевтар әулетінің «Көкшоқай» атты сәйгүлігі (шабандозы Мерей, бапкері Мұрагер) бірінші болып мәреге жетті. 18 шақырымдық Топ бәйгеде Көктерек ауылынан Мұрат Какаевтың «Желқара» атты тұлпары топ жарды. 9 шақырымдық Құнан бәйгеде Сырым ауданының өкілі Арсен Жұмағазиевтің «Еркемайы» оза шықса, 6 шақырымдық «Ақ Жайықтың алтын тайы» бәйгесінде оралдық Нұрболат Исмағұловтың «Аманат» атты сәйгүлігі бірінші орынды иеленді.

Сонымен қатар жарыс аясында ұлттық спорттың өзге түрлерінен де тартысты бәсекелер ұйымдастырылды. Көкпардан Қазталов ауданы Әбіш ауылының командасы жеңіске жетсе, арқан тартыстан Маңғыстау облысының командасы қарсыластарынан басым түсті. Ал қой көтеру сайысында оралдық Мұрат Ибатов жеңімпаз атанды.

Барлық жүлдегерге арнайы сыйлықтар мен қаржылай сертификаттар табысталды.
«Ауыл айнасы» ақпарат