Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан орталығында салтанатты шара ұйымдастырылып, сала мамандарына құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.
Шынында да, бұл мамандық иелері күн сайын тағдырдың түрлі сынағына тап болған жандармен етене араласып, олардың мұң-мұқтажына ортақтасады. Әрбір қызмет алушының жағдайына түсіністікпен қарап, қолдау көрсету — үлкен жүрек пен кәсіби біліктілікті қажет ететін жауапты міндет.
Аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Әлеуметтік сала – адамға қамқорлық пен қолдауды, жанашырлық пен жауапкершілікті талап ететін маңызды бағыт. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз қоғамдағы мейірім мен адамгершілік құндылықтарын нығайтып, көмекке мұқтаж жандардың өміріне сенім мен үміт сыйлайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз арта берсін, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Мерекелік шарада бірқатар сала маманы аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Әдемі Оразғалиева,
Қазталов ауданы