Бәйтерек аудандық Мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күніне арналған мереке аясында салтанатты жиын өтіп, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық өмірдегі, білім беру, мәдениет және басқа да салалардағы еселі еңбегі үшін бірқатар жерлесіміз марапатталды.

Жиын барысында аудан әкімі Марат Тоқжанов жиылған көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтап, тәуелсіздіктің қадірі, ел бірлігі мен бейбітшіліктің маңызына тоқталды.
- Мемлекеттің тарихын, елдің егемендікке жету жолын терең түсіне білетін адам үшін бүгінгі мерекенің орны ерекше. Өйткені өз алдына дербес ел болып, өзінің жерін, тілін, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын сақтап қалу – кез келген халықтың маңдайына жазыла бермейтін бақ. Әлемде көптеген тілдің жойылып кету қаупі бар. Өзінің жері, мәдениеті мен тілін сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізетін ұлт болмаса, тіл де бірте-бірте қолданыстан шығып, жоғалады. Сондықтан әлемдегі мемлекеттердің қатарында Қазақстанның болуы, өз Туымыздың астында тәуелсіз ел ретінде өмір сүруіміз – бәріміз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік.
Қазақстан бүгінде халықаралық деңгейде өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Еліміздің осындай жетістіктері баянды болып, алдағы уақытта да өркендей беруіне тілектеспін. Әрқайсыңыз ауданымыздың, еліміздің дамуына өз үлесіңізді қосып келесіздер. Кейбір еңбектер көзге бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ әр азаматтың адал жұмысы мен маңдай тері ортақ жетістігіміздің негізін қалайды, - деген Марат Лұқпанұлы қызметте алғыр бірқатар азаматты марапаттады.

Мерекеде мерейі үстем болған жерлестерімізді атап айтар болсақ, «ҚЫЗМЕТ» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыповтың атынан Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ ісінде алғыр бірқатар жерлесіміз кәсіподақ төрағасы Серік Сүлейменнің және аудан әкімі Марат Тоқжановтың алғысхаттарын иеленді. Олардың қатарында қарапайым еңбек адамынан бастап, білім беру, мәдениет, құқық қорғау және коммуналдық сала өкілдері бар. Салтанатты рәсім кейін мерекелік концертке ұласты.

Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы