Бәйтерек аудандық Мәдениет үйінің алаңында 25 қазан – Республика күніне арналған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті.

Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Марат Тоқжанов, мекеме, ұйым басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі – ел егемендігінің, тәуелсіздіктің және ұлттық бірліктің айқын нышаны. Көк байрағымыздың биікте желбіреуі ата-бабамыздың азаттық жолындағы арман-мұратының орындалғанын, бүгінгі ұрпақтың дербес мемлекетте өмір сүріп жатқанын айшықтайды. Салтанатты шара барысында ұлттық мерекенің маңызы баяндалып, Тудың елдік пен ерліктің символы екені айшықталды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру құрметі аудан әкімі Марат Тоқжановқа, Переметный жалпы орта білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» үміткері әрі «Үздік мектеп президенті – 2024» байқауының жеңімпазы Арина Гумароваға және грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат, 2026 жылғы облыс чемпионы, республикалық турнирлердің жүлдегері Алдияр Жылқыайдаровқа берілді.

Көк Ту салтанатты түрде көкке көтерілген сәтте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Қасиетті рәмізге құрмет көрсеткен көпшілік үшін бұл елге деген сүйіспеншілік пен отаншылдық сезімді ұлықтаған ерекше сәт болды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Марат Тоқжанов жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, мемлекеттік Тудың биікте желбіреуі елдің тұтастығы мен тәуелсіздігінің белгісі екеніне, еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен алдағы даму бағыттарына да тоқталды. Сондай-ақ ел болашағы жолында бірлік пен татулықты сақтаудың маңызын жеткізіп, халқымызға амандық пен бақ-береке тіледі.
Мерекелік шара барысында өнерпаз Артур Мергалиевтің орындауындағы «Ұлы дала» әні бұл күннің мазмұнын аша түсті.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы