23.10.2026, 22:10
Оқылды: 6

Қазталовта Республика күніне орай салтанатты шара өтті

Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.

image-23-10-26-09-48

Сонымен қатар Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, ел дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

— Республика күні – мемлекетіміздің мерейін асырып, елдігімізді айшықтайтын, тәуелсіздігіміздің қадірін терең сезіндіретін қастерлі мереке. Мемлекеттің қуаты оның экономикасымен ғана емес, халқымыздың ауызбіршілігімен, азаматтарының жауапкершілігімен және адал еңбегімен өлшенеді. Бүгінде ауданымыздың дамуына әр салада еңбек етіп жүрген азаматтардың қосып отырған үлесі зор. Ұстаздың шәкірт тәрбиелеуі, медицина мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің халыққа қызмет етуі, құқық қорғау органдары мен шекарашылардың ел тыныштығын күзетуі, ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері – бәрі де ортақ Отанымыздың өркендеуіне бағытталған игілікті іс. Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз, ал оны нығайтатын күш – бірлігіміз бен ынтымағымыз. Әр азамат туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, ел алдындағы міндетін абыроймен атқарса, мемлекетіміздің де мәртебесі биіктей түседі. Баршаңызға еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді аудан әкімі.

Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, түрлі салалардың өркендеуіне және ел игілігі жолындағы еңбекке үлес қосып жүрген азаматтар аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

image-23-10-26-09-48-4

Атап айтқанда, «Әли» шаруа қожалығының жетекшісі Табиғат Хайдаров, «Жадыра» балабақшасының кіші қызметкері Қаракөз Қаженова, Қайыңды жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсім Кенжеғалиева, аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісінің міндетін атқарушы Асыл Кенжеғалиева, ветеринар Жалғас Айтимов, Ғ. Бегалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің ЭВМ инженері Тілек Сатыбалды, Бостандық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұргүл Успанова, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Есентемір Нариманов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Самал Тлегенова аудан әкімінің алғысхатын алды. Сонымен қатар кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосып, еңбек ұжымдарындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген азаматтардың да еңбегі ескерілді. «Кәсіподақ қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Қазталов ауданы бөлімінің халыққа қызмет көрсету жөніндегі бас маманы Жанар Гусманова марапатталса, аудандық экономика және қаржы бөлімінің күзетшісі, кәсіподақ мүшесі Махсот Малаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маман-бухгалтері, кәсіподақ мүшесі Тамаша Мұрат салалық кәсіподақтың Құрмет Грамотасына лайықты деп танылды.

image-23-10-26-09-48-12

Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Әсем ән мен күмбірлеген күй, ұлттық өнердің өрнекті үлгілері мерекелік көңіл күй сыйлап, жиналған қауымның рухын көтерді.

image-23-10-26-09-48-1 (1)

Асылбек Нәсіпқалиұлы, 

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале