Бүгін жұмыс сапарының екінші күнінде Комитет төрағасы С.С. Бейсенованың Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Т.Е. Қаюповпен кездесуі өтті.
Бүгін жұмыс сапарының екінші күнінде Комитет төрағасы С.С. Бейсенованың Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Т.Е. Қаюповпен кездесуі өтті.

Сурет: gov.kz
Кездесу барысында тараптар өңір халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ осы бағыттағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру шараларын талқылады.
Атап айтқанда, бүйрек синдромды геморрагиялық қызбаның эпидемиологиялық жағдайына, кеміргіштерге қарсы өңдеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігін бақылауға, халықты иммундау мәселелеріне, сондай-ақ вакциналарды сақтау және тасымалдау кезінде суық тізбек талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар апатты жағдайда тұрған денсаулық сақтау және білім беру объектілерін қаржыландыру мәселелері қаралды. Бұл ретте халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, медициналық және білім беру қызметтерін алу үшін тиісті жағдайлар жасауға баса мән берілді.
Бұдан бөлек, жануарлар терісін өңдеу арқылы мал азығын өндіруді көздейтін «EKO CLUB» ЖШС инвестициялық жобасын іске асыру кезінде санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын нормативтік талаптардың сақталу мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында Орал қаласындағы қолданыстағы коммуналдық қалдықтар полигонына түсетін жүктемені азайту, оны рекультивациялау, сондай-ақ жаңа полигон салу мәселелері де қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өз құзыреттері шегінде белгіленген мәселелерді одан әрі бірлесіп пысықтауға және өзара ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, белгіленген нормативтік талаптардың сақталуына және өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге ерекше назар аударылатын болады.