23.10.2026, 16:30
Оқылды: 10

Алмаз командасы - республикалық турнирдің қола жүлдегері

Арқан тартудан өткен «Тартыс Фест» фестивалінде өңір намысын қорғаған жерлестеріміз жүлделі орыннан көрінді.

image-23-10-26-02-08

Астана қаласындағы Қазақ ұлттық спорт университетінде Республика күніне орай арқан тартудан «Тартыс Фест» республикалық фестивалі өтті. Ұлттық спортты ұлықтап, командалық бірлік пен қайсарлықты дәріптеген жарысқа еліміздің әр өңірінен келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Байрақты бәсекеде Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Риддер қаласының екі командасы, Тарбағатай, Алмаз, Қособа және Астана қаласының екі командасы бақ сынады. Қатысушылар күш пен төзімділікті ғана емес, ауызбіршілік пен үйлесімді қимылды да таныта білді.

Тартысты додада Шыңғырлау өңірінің намысын қорғаған Алмаз командасы үшінші орынға ие болып, қола жүлдені қанжығасына байлады. Бұл – спортшылардың табанды дайындығының, жігері мен ұйымшылдығының нәтижесі. Алмаздық жігіттер әр белдесуде қайрат танытып, туған жердің абыройын асқақтатты.

Сонымен қатар жарысқа қатысқан Қособа командасы да лайықты өнер көрсетіп, бәсекені үздік алтылық қатарында аяқтады. Бұл нәтиже өңір спортшыларының ұлттық спорт түріне деген қызығушылығы мен шеберлігінің артып келе жатқанын аңғартады.

Арқан тарту – күш сынасатын сайыс қана емес, ортақ мақсатқа жұмылған ұжымның бірлігі мен намысын танытатын ұлттық спорт түрі. Мұндай жарыстар жас ұрпақты қайсарлыққа, төзімділікке және командалық рухқа тәрбиелеуге ықпал етеді.

Республикалық додада өңір намысын абыроймен қорғаған Алмаз және Қособа командаларының жетістігі барша жерлестеріміз үшін қуанышты жаңалық. Жерлестерімізге алдағы жарыстарда толағай табыс, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале