23.10.2026, 14:45
Оқылды: 6

Өнегелі өмір - ұрпаққа аманат

Елдің дамуы мен туған жердің өркендеуіне үлес қосқан жандардың өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Олардың маңдай термен жеткен жетістіктері мен елге сіңірген еңбегі әрдайым құрметке лайық. Осы мақсатта аудандық ардагерлер ұйымының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Құрмет» танымдық жобасы аясында тағылымды кездесу өтті.
image-23-10-26-01-35-10
Республика күніне орай ұйымдастырылған шарада әр салада абыройлы қызмет атқарып, ел алғысына бөленген азаматтардың өмір жолы кеңінен таныстырылды. Кездесудің құрметті қонақтары қатарында аудандық медицина саласының ардагері Мария Тағаллемқызы Габдушева, еңбек ардагері Жұмабек Қуанұлы Хайруллин және полиция ардагері Мейірбек Мұстахимұлы Рамазанов болды. Үш азаматтың өмір жолы – үш түрлі мамандықтың, үш түрлі еңбек белесінің көрінісі.
image-23-10-26-01-35
Мария Тағаллемқызы денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасына мән берді. Жұмабек Қуанұлы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, туған жердің дамуына үлес қосты. Ал Мейірбек Мұстахимұлы ішкі істер саласында қызмет атқарып, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы еңбек етті.
image-23-10-26-01-35-2
Кездесу барысында қонақтар еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, өмірлік тәжірибелерін ортаға салды. Әңгіме өзегіне адал еңбек, ел алдындағы жауапкершілік, отбасылық тәрбие және кейінгі буынға берер өнеге арқау болды. Қатысушылар ардагерлердің жүріп өткен жолынан табандылықтың, адамгершіліктің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрді.
Жоба авторы Нұрия Хабибуллина шараның мәні өткенді еске алумен ғана шектелмей, елге қызмет етудің қадірін ұғындыру екенін атап өтті. Өйткені ел тарихы – оны өркендетуге күш салған адамдардың өмірімен өріледі. Ал сол өмірден алынған өнеге келер ұрпақтың бағыт-бағдарына айналады.
Еңбекпен елге танылған азаматтарды ұлықтау – өткенге құрмет, бүгінге тағылым, болашаққа аманат.
Әдемі Оразғалиева 
Казталов ауданы 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале