22.10.2026, 20:45
Оқылды: 8

Шыңғырлауда аға буын өнегесі мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды кездесу өтті

Республика күні қарсаңында Шыңғырлау ауданында «Ұлттық код және ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында ауданның ардагерлерімен тағылымды кездесу өтті.

image-22-10-26-07-23 (1)_edit_17627048251348

Ұлттық дәстүрді ұлықтап, мәдени мұра мен халықтық тәрбиенің маңызын дәріптеген басқосу аға буынның өмір жолын өнеге етуге, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға арналды.

Жиынға республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің облыстық және аудандық филиалдарының өкілдері мен мүшелері, аудандық Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің мүшелері, мәдениет саласының өкілдері, этномәдени бірлестіктер, өнегелі отбасылар мен аудан жастары қатысты. Сондай-ақ мәдени-демалыс орталығының «Елім-ай» әжелер ансамблі, «Ғибрат», «Сымбат» әжелер топтары, «Асыл қазына» аталар тобы мен «Мейірім» қыз-келіншектер клубының мүшелері бас қосты.

Шара аясында ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, шеберлердің қолынан шыққан төл туындылар мен ауыл келіндері әзірлеген ұлттық тағамдар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме халқымыздың қолөнер мәдениетін, ұлттық ас мәзірін және тұрмыс-салт дәстүрлерін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

Кездесуде ел дамуына елеулі үлес қосып, адал еңбегімен және өнегелі өмір жолымен көпке үлгі болған ардагерлерге құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Нәбия Төлегенова, Сейітқали Сәрсенғалиев, Алматай Қазмұқашева, Қабдолла Сағынов пен Яшнур Зариповке ауданның өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі үшін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан алғысхат табысталды.

image-22-10-26-07-22_edit_17606583599168

Аудан басшысы ардагерлерді Республика күнімен құттықтап, олардың ел тарихындағы орны мен кейінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

- Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толатын мерейлі кезеңге қадам басып келеміз. Осы жылдардың әр күні мен әр белесінде сіздердің адал еңбектеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз бен өскелең ұрпаққа қалдырған өнегелеріңіз жатыр. Бүгінгі кездесудің «Ұлттық код және ұрпақтар сабақтастығы» деп аталуы да тегін емес. Ұлттық код дегеніміз — қанымызға сіңген, тарихи санамызда қалыптасқан ерекше қасиеттер. Ол — үлкенді сыйлау, ел үшін еңбек ету, Отанды жанындай сүю. Мұндай тәрбиені бізге сырттан ешкім әкелмейді. Оны сіздерден, аға буынның өмір жолы мен өнегесінен үйренеміз.

Сіздер Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы кірпішін қаладыңыздар, қиын-қыстау кезеңдерде елдігімізді сақтауға үлес қостыңыздар, аудан экономикасының дамуына еңбек сіңіріп, бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырдыңыздар. Сіздердің өмір жолдарыңыз — біз үшін нағыз мектеп, өнегенің жарқын үлгісі,- деді аудан әкімі.

image-22-10-26-07-23_edit_17635455905719

Басқосуда отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді күнделікті өмірімен сабақтастырып жүрген өнегелі отбасылардың тәжірибесі де таныстырылды. Отбасындағы ата мен әже тәрбиесін, келін әдебі мен әулет бірлігін насихаттап жүрген шоқтыбайлық Машгуловтар әулетінің тағылымы көпшілікке үлгі болды.

Сонымен қатар ауыл тіршілігіне белсене араласып, қызметімен қатар қазақы болмыс пен отбасылық дәстүрді сақтап жүрген, облыстық «Әулеттің алтын діңгегі» жас келіндер байқауына қатысқан ақсуаттық Еркежан Егізованың өз қолымен әзірлеген тағамдары таныстырылды. Мұндай мысалдар ұлттық құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа күнделікті тұрмыс пен отбасылық тәрбие арқылы берілетінін айқындай түсті.

Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Төлегенов те ардагерлерді мерекемен құттықтап, өмірін өнегеге, еңбегін ел игілігіне арнаған жандарға ізгі тілегін білдірді.

Ол ел құрметіне бөленген Сания Дәулетжанова мен Софья Үмбетова сынды жерлестеріміздің еңбегіне тоқталып, медицина саласында ұзақ жыл қызмет еткен жерлесіміз, бүгінде 85 жасқа толып жатырған Нұрзия Құрметоваға «Батыс Қазақстан облысының құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті.

image-22-10-26-07-24_edit_17646159609049

Кездесудің мазмұнын ауданның өнерпаздар ұжымдары да байыта түсті. «Асыл қазына» аталар тобы мен «Сымбат», «Елім-ай» әжелер ұжымдарының орындауындағы халық әндері шараға рухани сән беріп, ұлттық өнердің ұрпақтар сабақтастығындағы орнын айшықтады.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда атап өткен ұлттық бірегейлікті нығайту міндеті бұл кездесудің де негізгі идеясына арқау болды. Өйткені ұлттық код — тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі қоғамның рухани тірегі әрі келешек ұрпаққа табыстар аманат. Оның мәні үлкенді құрметтеу, адал еңбек ету, туған жерге жанашырлық таныту, елдік мүддені жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білу секілді қасиеттерден көрініс табады.

Тағылымды кездесудің түйіні де осыған саяды: Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту — баршаға ортақ міндет. Ол үшін әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен дәлелдеуі керек. Ал ұлттық құндылықтарды дәріптеп, аға буынның өнегесін жас ұрпақтың бойына сіңіру — ел болашағына қызмет ететін маңызды іс.

Өткенін құрметтеп, үлкенін ұлықтаған елдің ертеңі де еңселі. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген жерде ұлттық рух нығайып, елдік мұраттың ғұмыры ұзарады.

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале